
«Абай орталығы» кабинетінің ашылуына арналған лентаны Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ардагер ұстаз Сәуле Мұсаева қиып, жылы лебізін білдірді. Белгілі әнші Жасан Тілеубеков бастаған «Ардагерлер» тобы әннен шашу шашты. Осынау Абай мұралары жасақталған кабинеттің ашылуына көпшілік ерекше қуаныш білдірді.
Аталған аумағы кең кабинетте Абай хакімнің өлең кітаптары мен қара сөздері, Абайды зерттеген ғалымдардың ғылыми еңбектері сақталатын болады. Мұнда келгендер Абай әндері мен күйлерінен де хабардар болып, хакім әлеміне сапар шеккендей болатыны анық. Аталған бөлмеде арнайы тіл мамандары кезек-кезек қызмет жасап, келушілерді қызықты ақпараттармен қамтып отырады.
Сонымен қатар, аталған колледжде «Абай тағылымы – ұлттық құндылықтар мен қазіргі білім беру жүйесінің негізі» атты облыстық ғылыми конференция өтті. Конференцияны аталған колледждің директоры Саясат Есеев ашып, ғалымдар құнды пікір айтатын іс-шараға сәттілік тіледі.
«Колледжіміз 1946 жылдан бері Абай Құнанбаев есімімен аталып келеді. Хакімнің дара тұлғасын биіктетіп, есімін ардақтау жұмыстарын есімізден шығарған емеспіз. Бүгін арнайы кабинеттің ашылуы да сол жүйелі жұмыстың жемісі. Алдағы уақытта Абайтанушы ғалымдармен тығыз байланыста боламыз», – деді ол.
Іс-шара барысында филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ Абайдың таусылмас терең әлемі жөнінде толғанса, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев «Абайдың «Толық адам» ілімі – Мекемтас Мырзахметұлы зерттеулерінде» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Филология ғылымының кандидаты, доцент Сәулет Шормақованың «Абай және шешендік өнер» тақырыбындағы баяндамасы да сәтті шықты. Конференция жұмысына облыс аумағындағы Абай есімін иеленген білім мекемелерінің өкілдері қатысты. Олардың арасында облыстық Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп гимназиясы, Тараз қаласындағы «Абай» бастауыш гимназиясы, Қордай, Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас, Шу, Сарысу, Мойынқұм аудандарындағы Абай атындағы мектептердің мұғалімдері бар.
Аталған ұстаздар өзара диалог алаңын құрып, Абайдың биік тұлғасын одан әрі асқақтата түсті. Аталған колледж өнерпаздары ән шырқап, күй күмбірлетті. Іс-шараны колледж директоры Саясат Керімбекұлы қорытындылап, барша қонақтарға алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Аналарға қолдау көрсетіп, тегін кеңес берді
- 15 мамыр, 2025
Ерлік ертеңге аманат, елге мұра
- 15 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді