«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек адамын қолдау – ең басты бағыт

Еңбек адамын қолдау – ең басты бағыт
Автор
Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі. Бүгінгі күні осы институттың облысымыздағы кәсіподақ орталығының жұмысы республикада өзге өңірлерге үлгі боларлықтай. Оны Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ десанты» өкілдерімен «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің мәжіліс залында өткен жиында да аңғару қиын болмады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Айбосынов пен фракцияның құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғманов жұмыс сапары барысында алдымен білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысты. Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қоғамдық бірлестіктің құрылғаннан бастап, бүгінге дейін атқарылған ішкі және сыртқы жұмыстарымен жеке-жеке таныстырып, ұжым қызметкерлерінің атқарып отырған шаруасын баяндай келіп, республикада екінші жыл қатарынан үздік кәсіподақ ұйымы атанғанын атап өтті.

Мұндағы атқарылған жұмыс пен ұжым қызметкерлерінің кәсібилігіне федерация өкілдері жоғары баға берді. Келелі жиын білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ үйінің мәжіліс залында жалғасты. Оған Кәсіподақтар федерациясының өкілдері, салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Жиынды Жамбыл облысы кәсіподақ орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов ашып, жүргізді.

– Биыл Қазақстан Кәсіподағының құрылғанына 120, ал Кәсіподақтар федерациясына 35 жыл толып отыр. Осы ретте облысымызға федерациядан арнайы өкілдер келіп, өздеріңізбен кездесіп, пікір алмасуға ниетті. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ойда жүрген, шешімін таппаған сұрақтарыңыз болса қойып, жауап алуларыңызға толық мүмкіндіктеріңіз бар, – дей келіп, Бағлан Жиенәліұлы басқосуды еркін форматта өткізу туралы ұсыныс тастады.

Алдымен сөз алған Қайрат Айбосынов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының қолға алып, атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, биыл федерацияның съезі өтеді. Оған сіздерден де делегаттар қатысатын болады. Біздің мақсат – осы кездесу қарсаңында өңірлеріңізбен кездесіп, пікір алмасу. Еңбек адамының мүддесін, құқығын қорғау. Жалпы федерация жұмысына тоқталар болсам, былтыр біраз құжат қабылданды. Үшжақты келісімдер жасалды. Республика деңгейінде біздің тарапымыздан 119 отырыс ұйымдастырылса, оның 19-ы өңірлерде өтті. Онда 338 мәселе қаралса, оның 107-сі кәсіподақтар ұйымына тиесілі, – деп атап өткен Қайрат Бейсенбайұлы басқа да бағыттарға тоқталып, тарқата айтып берді.

Ал фракцияның құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Тимур Нұғманов өз саласы бойынша ақпараттармен бөлісті. Сондай-ақ жиын барысында жергілікті кәсіподақ мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға заң шеңберінде жауап берілді. Жиын соңы марапаттауға ұласты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар