Таразда «Aulieata book» республикалық кітап фестивалі өтті
- author «Ақ жол»
- 17 сәуір, 2025
- 312

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтың бастамасымен ұйымдастырылған ауқымды шараға елімізге белгілі ақын-жазушылар, баспа өкілдері мен кітапсүйер қауым қатысты.
Фестивальдың басты қонақтары – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс, жазушы әрі баспагер Ырысбек Дәбей, прозашы Мақсат Мәлік және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының өкілі Нұрбала Текесбаева екі күнге созылған іс-шараның басынан табылды.
Салтанатты ашылу рәсімінде Мәлік Отарбаев пен Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың қоғамдағы орны мен рухани байлықтың негізі екенін атап өтті. Фестиваль аясында елімізге танымал «Алқа», «Арман-ПВ», «Астана кітап», «Qasym», «Отбасы хрестоматиясы», «Таймас», «Шыңкітап», «Сенімен болашақ», «Аруна», «Мазмұндама», «Дарын», «Marfu press», «Атамұра» баспалары, сондай-ақ «Ziyat», «Kitap all», «Букинист», «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендері кітап жәрмеңкесін ұйымдастырды.
– Фестивальдің басты мақсаты – кітаптың рухани құндылық ретіндегі маңызын арттырып, ұлттық сана мен отандық әдебиетті насихаттау. Осындай ауқымды шаралар жастарды кітап оқуға баулып, қоғамда білім мен мәдениеттің беделін көтеруге үлес қосары анық. Фестиваль биыл дәстүрлі түрде үшінші рет ұйымдастырылып отыр, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапнасының директоры Эльмира Абдинова.
Сонымен қатар тағылымы мол іс-шарада жаңа кітаптардың тұсаукесері, түрлі тақырыптағы тренингтер, танымдық акциялар мен ойын-сауық бағдарламалар көрініс тапты. Фестиваль барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асановтың «Махаббат», «Шапағат», «Парасат» атты үш томдық жинағының салтанатты тұсаукесері өтті.
Сондай-ақ, «Шабыт» ақындар клубының мүшесі, Қырғызстандағы «Актал» әдеби шығармашылық бірлестігінің мүшесі, Әлем Халықтары Жазушылар Одағы мен «Әулие ата» шығармашылық бірлестігінің мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Мағауия Аманкелдиевтің «Өлеңдерім – өмірімнің айнасы» атты жыр жинағының және Түркі Әлемі Халықтары Жазушылар Одағының «Тұран тағылымы» және Әлем Халықтары Жазушылар Одағының «Құрмет иесі» төсбелгілерінің иегері Дәмегүл Бақытжанованың «Сезім сыңғыры» атты жинағының лентасы қиылды.
Ұқсас жаңалықтар
Аналарға қолдау көрсетіп, тегін кеңес берді
- 15 мамыр, 2025
Ерлік ертеңге аманат, елге мұра
- 15 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді