
Әдеби кеш күллі қазақ жұртына мағыналылығымен, әуезділігімен танылған «Біз екеуіміз» әнінің дүниеге келу сәті сахналанып, әннің шырқалуымен бастау алды. Қарт Алатау бөктері мен ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан Құлан өңірінде туып, туған жерден алыстамай, аудандық «Құлан таңы» газетінде үзіліссіз 40 жылдан аса уақыт бойы еңбек еткен қаламгердің шығармашылығына арналған кеште аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил лебізін білдірді.
– Ауданымыздың Құрметті азаматы Кәріпжан Нүсіптің шығармашылығына арналған кештің біз үшін маңызы зор. Себебі, біз осындай іс-шаралар арқылы әдеби мұрамызды жаңғыртып, сөз өнерінің қадірін арттырамыз. Ақын ағамыз елге жалынды жырларымен танылған, қазақ журналистикасының дамуына өзіндік үлесін қосқан қаламгер. Оның шығармалары өскелең ұрпаққа тәлім беріп, елге рухани азық болуда. Әрбір өлеңі оқырманды адамгершілік қасиетке баулып, терең ойға жетелейді. Кәріпжан Нүсіп сөз өнеріне деген адалдық пен шынайылықты сақтай отырып, қоғамдық өркениетке өз үлесін қосқан тұлға. Әдебиет – көркем сөзден өрілген әлем ғана емес, ол әр адамның ішкі түйсігіне үңіліп, болмысын танып білуге мүмкіндік беретін құнды құрал. Кәріпжан Нүсіптің өлеңдері мен мақалалары арқылы да біз ұлттық болмысымыз бен санамызды жаңартып, рухани кемелденуімізге жол табамыз. Осы кеште ақынның шығармашылық жолынан және оның туған жерге, халқымызға арнаған көптеген туындыларынан қаламгерді жаңа қырынан танып, оның рухани мұрасымен тереңірек танысамыз. Бұл әдеби мюзикл арқылы тек оның шығармаларынан емес, оның өмірге, шығармашылыққа деген құштарлығына құрмет көрсету арқылы да оны ұлықтаймыз, – деді Қайрат Әбілханұлы.
Өзі қарапайымдылығымен, кішіпейіл кісілігімен өмірдің өнегесін көрсетіп кеткен Кәріпжан Нүсіпұлының жүрек лүпілінен туған өлеңдері де ізгі қасиеттерді дәріптейді, адами құндылықтарды тануға үндейді. Өрнекті өлеңдері кітапханашылардың және ауданның мектеп оқушыларының мәнерлеп оқуымен сахна төрінде жаңғырды.
Сазгерлер ән жазған өлеңдерінің бірі «Сұлутөр аруын» мәдениет қайраткері, аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі, әнші, сазгер Рысбек Қадырқұлов орындап, өзі әнін жазған «Серіктесіп жүрейік» өлеңі де осы кеште шырқалды. Ауылда туып, ауданда тұрып, жазған өлеңдері қалың қазаққа танылған Кәріпжан Нүсіп Тұрар Рысқұлов ауданының бұрын «Коммунистік еңбек», кейін «Құлан таңы» деп аталған газетінде еңбек ете жүріп, қарапайым жұрттың мұң мұқтажын билікке жеткізуде өткір фельетондар жазды. Оның журналистік қырын жергілікті басылымда қызметтес болған әріптестері әңгімелеп, шәкірттері ұстаздық ұлағатын, көзкөрген замандастары естеліктерін әңгімеледі.
Кітапханашылар әдеби мюзикл өткен М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің залындағы әрбір орындыққа ақынның өлеңдер жинағын алдын ала қойып, сол жинақтан кештің «Кәріпжанмен сырласу» бөлімінде басқосуға қатысушы жұртшылық ақынның өлеңдерін оқыды. Бүгінде бақилық болған сөз шеберімен оқырмандар өлең арқылы сырласты. Себебі, әр оқырман жыр жинағының ішінен өз жанына жақынын таңдап, оқыды. Осы сәтте сөз өнері – адамзат мәдениетінің баға жетпес құндылығы екеніне тағы да көз жеткіздік.
Айта кетейік, Кәріпжан Нүсіпұлы Т.Рысқұлов ауданындағы қазіргі Қорағаты ауылы, бұрынғы Ленин атындағы асыл тұқымды қой өсіру кеңшарының №3 бөлімшесінде 1940 жылдың 13 наурызында дүниеге келген. Ақын ұзақ жылдар бойы баспа орындарында қызмет етіп, журналистің ауыр жүгін арқалап жүрсе де, поэзиядан – қазақтың қасиетті қара өлеңінен қол үзбеді.
2000 жылы Алматы қаласындағы «Ақ жол» өндірістік кооперативі баспасынан ақынның «Өмір өрнектері», «Өнер деген өлке бар» және кішкентай оқырмандарға арналған «Балаларға байғазы» жыр жинақтары жарық көрді. Ал, «Сырсандық» деп аталатын ақынның жаңа жинағына әр жылдары жазған лирикалық өлеңдері мен толғаулары, балладалары, төрттағандары енді. Онда замандастарының ерлік еңбегі, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігі, тылсым табиғат сырлары, егемен ел бейнесі жарияланды. Ақынның асыл мұрасы – өлеңдері кейінгі өспірім ұрпақтың тәрбиесіне, елдің руханиятын дамытуға өз үлесін тигізіп, мектеп оқулықтарына жарияланса құба-құп. Өнегесін көрген шәкірттері де кеш барысында сөз сөйлегенде тілектері осы екенін жеткізді.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді