«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Майдангердің жары

Майдангердің жары
Ашық дереккөз
Жыл сайын Жеңіс мерекесі қарсаңында 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысқа қатысып, ерен ерлігімен көзге түскен аға ұрпақ өкілдері туралы жарыса жазып келеміз. Өйткені Отан күзету мен Отанды қорғаудан артық мерейлі міндет жоқ. Бұл үрдіс әлі де жалғаса беретіндігі айдан анық. Ел ішінде «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» деген аталы сөз жастайымыздан санамызға сіңіп қалған, дей тұрсақ та бұл жолы майдангерлердің жесірлері жайлы ой қозғауды жөн көрдік.

Шу аудандық зейнетақы төлеу орталығынан ауданда Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің бүгінгі таңда көзі тірісі қалмағанын, алайда он бір майдангер жесірінің бар екенін білдік. Солардың бірі Оңайкүл Батырбекова Төле би ауылында тұрады екен. Оңайкүл апайдың аты-жөнін естігенде, өзім іштей толқығаным бар. Неге десеңіз, бұл кісімен бұрыннан таныспын, Ұлы Отан соғысының ардагері Төрехан Батырбековтің жары екенін білетінмін. Кейінгі кездері апаймен әртүрлі басқосулар мен жиындарда кездесіп жүрдік. Байқағаным, апай әңгімешіл кісі, өткен кеткенді баз қалпында жеткізе біледі, қарапайымдылығы мен сабырлылығын жазбай таныдым. Ол кісі сөз арасында отағасы Төрехан аға туралы көбірек айтатын. Әсіресе, бақилық болып кеткеннен кейін де күйеуінің кісілік келбеті мен кішіпейілділік парасаты жайында айтудан жалыққан емес.

Сондай-ақ, ұл-қыздарының алған асулары мен бағындырған белестерін айтып отыратын. Әсіресе, «елімізде тыныштық болсын, тоқшылық болсын» деген сөз аузынан түспейтін. Ешуақытта майдангердің жесірімін деп кеуде керген емес, сөз арасында жастайынан тағдыр тауқыметін көп көргендігін атүсті ғана айтатын. Еліміздің батыс бөлігінде жан беріп, жан алысқан соғыстың жүріп жатқандығына байланысты алыстағы қазақ ауылдарында да маза бола қоймады. Тепсе темір үзетін ер азаматтар қолдарына қару алып, майдан даласында жүрді.

Ауылдағы күн көрістің қамымен әйелдер мен бозбалалар айналысты. Күш-қайраты қайта қоймаған кемпір-шалдар да бас-көз болып, «Майдан үшін, Жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етіп, көрген бейнеттері аз болмады. Шулық Шаймахан Жолтайұлы да өзі сияқты бозбалалармен 1942 жылы әскерге шақырылып, майдан даласын бетке алады. Сол кезде қызы Оңайкүл небәрі төрт жаста болатын. Ойда жоқта тоған қазуға атсалысып жүрген анасы Орынбасар ауыр жұмыстан қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады.

Шаймахан соғысқа барар алдында бала-шағасының қамын ойлап, оларды біраз азық-түлікпен қамтамасыз етіп кетеді. Сол кезде Шу бойындағы Ақтөбе ауылына жер аударылған қарашай ұлтының өкілдері қоныстана бастайды. Олардың жағдайлары мәз емес болатын. Кисе киімге, ішсе тамаққа жарымай, жол азабын көп көрген «күтпеген қонақтар» Шаймаханның отбасына деген азық-түлікке еріксіз ортақтасты. Осылайша қазақи ауыл тағдыр тәлкегіне түскен жандармен жаға жыртыспай, барымен бөліседі.

Анасы Орынбасар аздап тәуір болған соң, қара жұмысқа қайта оралады. Әр күнде сәске таман, Оңайкүл әкесінен қалған есекке жайдақ мініп алып, тоған қазып жүрген анасына торсықпен ашымық жеткізіп беретін. Бұл сусынды Орынбасармен жарыса ішіп, шөлдерін басатын аузы дуалы әйелдер: «Сенің осы қызың аман болса, бір елді асырайды» деп, ақ батасын беріп жататын.

Шаймаханның тай-құлындай тебісіп өскен құрдасы Сансызбай соғыстан мүгедек болып оралады. Ауылға келісімен Орынбасардың сырқаттанып жатқанын естіп, досының үйіне бет түзейді. Олардың жағдайын көрген соң анасы мен қызын өз үйіне алып келіп, бір айдай күтіп бағады. Досының жақсылығы мұнымен біткен емес. Майданда жүрген Шаймаханның басшыларына «Әйелі әл үстінде жатыр, қызы қараусыз қалды» деп хат жазғанды тоқтатпайды. «Бір жамандықтың соңынан бір жақсылық болады» дегендей, 1944 жылы жаз айында құмдағы орман шаруашылығына тартылған теміржолмен Шаймахан Жолтайұлының ауылға аман.

 есен келе жатқандығы алдын ала хабарланады. Шаймаханды күтіп алуға ауылдың үлкен-кішісі демей, Қорағаты өзеніндегі көпірдің маңына жиналады. Майдангердің көңілін көтеру үшін қызы Оңайкүлді атқа мінгізіп, алдынан алып шығады. Әкесі мен қызы қауышқаннан кейін басқалар да жауынгердің аман есендігін сұрастырып, орталарына алады. Кейін белгілі болғандай, Шаймахан оң жағында алты, сол жағында төрт қабырғасынан жарақаттанып, госпитальда бір жылдай емделген көрінеді. Майданнан ауыр жарақаттанып келсе де, туған жердің тұнық ауасы мен туған елдің ыстық ықыласы ер жүрек жауынгердің жан азабынан тазаруына негіз болады. Шаймахан Жолтайұлы ұжымшардың негізгі салаларында білек түре еңбек етті. Атап айтқанда, ферма меңгерушісі, егіс бригадирі, басқарма басшысының орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарып, ел құрметіне бөленді. Отбасында Оңайкүлден кейін екі қыз бен үш ұл дүниеге келді.

Бірде Оңайкүл апай әңгімелесіп отырған сәтте терең ойға кетті. Не ойлағанын кім білсін, сәлден соң бас иесі Төрехан аға туралы әңгіме желісін ағытты. 1942 жылы енді ғана орта мектепті бітірген Төрехан Батырбеков 1943 жылы қолына қару алып, ел қорғауға майданға аттанады.

1943-45 жылдары Севастополь авиациялық №15 гвардиялық полкінің аға механигі болады. Отан үшін отқа түсуге даяр жалынды жас қайсарлығымен ерекшеленіп, аға старшина шеніне көтеріледі. 1943 жылы Курск шайқасына, 1944 жылы Крым операциясына, 1944-45 жылдары Еуропаны фашизмнен азат етуге өз үлесін қосты. Отан қорғау жолындағы ерлігі мен табандылығы үшін «Ерлігі үшін», «Германияны азат еткені үшін» және тағы басқа да 15 шақты әскери медальды иеленеді. Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан ағамыз 1951 жылы аман-есен еліне оралады.

Севастополь авиациялық №15 гвардиялық полкі қатарында Белорусь майданында Ленинград қаласын қорғап, Прибалтика аймағындағы шайқасқа қатысқан Т.Батырбеков соғысты Шығыс Пруссияда аяқтайды. Көзін көрген үлкендердің айтуына қарағанда, Төрехан Батырбекұлы қандай қызмет атқарса да оны қалтқысыз орындауымен көзге түскен. Біраз жыл ауданның су шаруашылығында нұсқаушы, кейінірек аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болған. Ал оның іскерлігі аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болған жылдары айқын байқалады.

Аудан басшыларымен бірге туған өлкесінің экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайларын жақсартуға бір кісідей атсалысады. Бәлкім содан болар, Төрехан Батырбековке үлкен сенім жүктеліп, Алматыдағы жоғары партия мектебінде дәріс алуға жолдама беріледі. Осы оқу орнының тыңдаушысы бола жүріп те ауданның тыныс-тіршілігінен қол үзген емес. Саяси жоғары білім алғаннан кейін Төрехан ағаға бюджеттік мекеме қызметкерлері аудандық кәсіподағы басшысының тізгіні берілді.

Бұл сенімді де жауапкершілікпен атқарып, кәсіподақ комитетінің жұмысын жандандыра білді. Қандай қызмет атқарса да қара басының қамын емес, қоғамдық мүддені қорғай білді. Осындай азаматтық белсенділігінің арқасында ол кісі қайтыс болғаннан кейін Төле би ауылындағы бір көшеге Төрехан Батырбековтің есімі берілді.

«Ер есімі – ел есінде» деген осы болар! Соғыстың небір тауқыметін өз бастарынан өткерген ерлі-зайыпты Төрехан мен Оңайкүл алты баланың ата-анасы атанды. Орайы келгенде үлкен қызы, ұлағатты ұстаз Дәнегүл Батырбековадан анасы туралы ойын сұрағанымызда, ол былай деді: «Әркім ақ өз анасын ардақтайды, аялайды. Әйткенмен бала кезден ауыл тәрбиесін көрген, үлкендердің ақ батасын алған, ата-анасының қолғанаты бола білген анашымның жөні бөлек. Анамыз үй шаруасымен айналысса да, жауапты қызметтер атқарған әкеміздің қас қабағына қарап, үйімізге күн құрғатпай келетін қонақтарды риза етіп күтіп жіберетін.

«Қонақ келсе, құт келеді» деп қуанатын анамыздың осы бір қасиеті жүрегімізде мәңгілік сақталып қалды».

Бүгінде жасы тоқсанға таяп қалса да, Оңайкүл апай әлі күнге дейін өзін сергек сезінеді. Әртүрлі кітаптар мен газет-журналдар оқып, теледидардан берілетін жаңалықтарға құлақ түріп жүреді. Жыл сайын отыз күн оразасын ұстап, қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмайды. Майдангердің маңдайы жарқыраған жары атанған Оңайкүл апай қарашаңырақта екінші ұлы Марат пен келіні Гүлмирамен тұрып жатқан жайы бар. Соғыс жауынгерінің жесірі бүгінде 24 немеренің, 20 шөберенің ақ пейілді әжесі атанып отыр. Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында елдің бірлігі мен берекесін күнделікті тілеп отырған Оңайкүл Шаймаханқызына шаңырағыңыздың шаттығы көп бола берсін деген ізгі тілегімізді білдіреміз.

 

Ахметжан ҚОСАҚОВ,

ардагер журналист,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар