«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балабақша – бақыт мекені

Балабақша – бақыт мекені
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының ең басты бағыттарын айқындап берген болатын. Соның жетінші бағытында жаңа экономикалық саясатты дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жаңа моделіне көшіп, осы тетіктің тиімділігін арттыру үшін тиісті заң қабылдау қажет делінген. Мемлекеттік жекеменшік әріптестіктің болашағы зор. Ендеше облысымыздағы мемлекеттік-жекеменшік негізіндегі балабақшалар әлеуеті қандай?

Жамбыл облысы бойынша жекеменшік 280 балабақша ашылса, Тараз қаласы бойынша 86 бақша бар екен. Сондай-ақ жыл санап облысымызда балабақшалар саны артып келеді. 2022 жылдан бастап мемлекеттік балабақшаға 3 жастан емес, 2 жастан бастап ала бастады. Ал жекеменшік бақшалар сәбилерді Балабақша – бақыт мекені 1 жастан бастап алады. Балабақша жайлы айтқанда мектепке дейінгі баланың баратын басты ордасы туралы ойлаймыз.

Түсінігімізше, бөбекжай – әр ата-ананың еркесінің, алақанға салып аялап отырған үмітінің үйден тыс тәлім алатын, үйренетін жері. Түптеп айтсақ, барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Балабақша – баланың өмірге аттаған алғашқы қадамы. Сен не деген бақытты едің келер ұрпақ, Қараймын келбетіңе мен таңырқап, – деп ақын Қасым Аманжолов айтқандай, бүгінгі буын ерекше. Олар дарынды әрі қабілетті.

 Айтқанды тез ұғып, санасына сіңіріп алады. Өскелең ұрпақтың талғамынан шығу үшін бүгінгі балабақшалар бар жағдайды жасауда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қоғам мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Бұл бағдарлама аясында кәсіпкер тұрақты, ұзақ мерзімді табыс алады және халықты балабақшалармен қамтамасыз ету туралы мәселені шешеді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бұл тәрбие саласындағы тиімді жобаға айналды.

Мектепке дейінгі ұйымдардың үлгілік қағидатына сәйкес балаларды тәрбиелеу, оқыту, дамуындағы ауытқуды түзету, әлеуметтік бейімдеу, дамыту, медициналық бақылау, сауықтыру және басқа да қызмет түрлерінің шығыстарын мемлекет қаржыландырады. Ал ата аналардың ай сайынғы төлемақысы балалардың ас-ауқатына жұмсалады. Балабақша да бизнес көзі. Мұнда жеке кәсіпкерге қойылатын талап – мектепке дейінгі ұйымда бала үшін қолайлы, қауіпсіз жағдай жасау.

Балабақша ашу үшін бірінші кезекте жеке немесе жалға алынған ғимараттың санитарлық-эпидемиологиялық тазалығы, өрт қауіпсіздігі, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуы үшін жағдай жасау, балабақшаны жиһаз, жабдықтармен жарақтандыру, медициналық қызметке лицензияның болуы, тиісті бейіні бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар педагогтермен қамтамасыз ету жайы стандартқа сай болуға тиіс.

Сонымен қатар облыстағы барлық балабақшада бейнебақылау камерасы, дабыл түймесінің болуы сынды тағы бірнеше талап бар. Балабақшаға отбасында еркелеп, өз дегенін, қалауын орындатып қоятын бір-бір үйдің еркелері келеді. Бірі үйдің кенжесі, бірі тұла бойы тұңғышы. Бірақ, бұл ортада балаларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке баулиды. Күн тәртібі реттелген. Ас-ауқаты құнарлы. Бақшадағы оқу қызметтері бес сала бойынша іске асып, барлығы ойын түрінде балалар бойына білім нәрін сусындатады.

Тілін дамытып, ортаға бейімдеп, қарым-қатынасқа икемдейді. Қарапайым математикалық ұғымдарын қалыптастыру арқылы оң мен солын, ұзын-қысқа, үлкен-кішісін ажыратуға, жапсыру, мүсіндеу, сурет салу арқылы шығармашылығы дамып, түрлі ойындар арқылы әлеуметтік және қоршаған ортада табиғат құбылыстарымен жақынырақ танысады. Өздері түрлі рөлдерді сомдай отырып, салмақтауды  үйренеді, сонымен бірге шынығып, салауатты өмір салтын ұстап өсуі жолында да осы балабақша жұмысының еңбегі ұшан теңіз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар