
Алдымыздағы ағаларымыздың көбі жетім еді. Олардың бәрінің әкесі Ұлы Отан соғысы кезінде жау оғынан мерт болған. Мұқағали Мақатаевтың: «Біздер – жетімдерміз! Жетімдерміз! Жетім болып жүріп-ақ жетілгенбіз», – дейтін жыр жолдары сол ұрпақтың тағдырын толық сипаттайды.
Сондай жетімдердің бірі, театр сыншысы Қадірбек Уәлиев бірде «Қаламгерге» бас жазбақ болып кірсе, жазушы Асқар Сүлейменов (ол да жетім) қолына коньяк құйылған рюмкасын ұстап оңаша бір үстелдің жиегіне шынтағын тіреп отырса керек. Қадекең құдай айдап кездестірген құрдасына «басымды жазып бер» деп қолқа салса, қалтасы таяздау Асекең рюмкасын ұстаған күйі ләм деместен орнынан тұрып кетіпті. Қадекең үнсіз басы салбырап Асекеңнің «орнын иеленіп» отыра береді.
Асекең рюмкасын ұстаған күйі бардың ішінде теңселіп жүрсе, ұйғыр жазушысы Шаим Шаваев кіріп келеді. Шаим Шаваев та әлгі екі ағамызбен құралпы құрдас. Шаим ака алдынан шыққан Асекеңмен сәлемдесіп тұрып, оңаша бір үстелдің іргесінде еңсесі түсіп отырған Қадірбек Уәлиевке көзі түсіп кетеді:
– Қадірбекке не болған? – деп сұрайды ғой Асқардан. Асекең ойланбастан:
– Әкесі қайтыс болыпты, – дейді. Шаим ака:
– Япырмай, естімей қалыппын, – деп бармен апайға бұрылып, бір бөтелке коньяк алып, Асекеңді қасына ертіп Қадекең отырған үстелге келеді. Коньякты үстелдің үстіне қойып, Қадекеңді құшағына алып, «Әкеңнің иманы саламат болсын!» деп көңіл айтады. Асекеңнің «бірдеңе бүлдіріп» тұрғанын түсінген Қадекең сыр білдірмей Шаим акаға рақметін айтады.
Шаим ака дастарқанға жайғасып алған соң Қадекеңе қарай бұрылып:
– Әкеңізге не болған, Қадеке? Науқас па еді? – деп әңгімеге тартады ғой. Бұл сөзді естіген Қадекең екі иығы солқылдап, еңкілдеп «жылай» бастапты. Сәл «өксігін» басып алған соң:
– Марқұм 1942 жылы Сталинград шайқасында ерлік көрсетіп, жау оғынан қайтыс болды ғой! – деген екен Қадекең...
Ұқсас жаңалықтар
Туғаннан-ақ жанымды тербетті өлең...
- 6 сәуір, 2025
Орталықта жылына мың адам оңалтудан өтеді
- 6 сәуір, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді