
Бір құрдасым әлгі ауылдағы жалғыз мектепте «завуч». Бір күні азанмен сол «завуч» мені үйіне шақырып алды.
– Әй, сен естідің бе? Мектептің музыка пәнінің мұғалімі Тараз қаласына көшейін деп жатыр. Орнын алып қал. Өнерің бар. Ол жұмысқа сені алмағанда кімді алады? Менікі саған деген жанашырлық, – деп екпіндеп барып әрең тоқтады.
– Сонда, мен не істей аламын. Маған не істе дейсің? Мені жұмысқа ала бере ме? – деп сасқалақтадым да қалдым.
– Алмағанда ше? Дипломы жоқ демесең, ауылда сенен басқа қандай музыка маманы бар? Институтты сырттай оқып аларсың. Істей жүріп. Елдің бәрі солай кіріп жатыр емес пе? – деп құрдасым міз бағар емес.
– Нақтысын айт. Не істеуім керек? – дедім шыдамай.
– Директор ағайға қазірден қалмай, бір минут кешікпей кір. Мені музыка пәнінен мұғалім етіп қабылдаңыз де, – деп құрдасым түсіндірген болды.
Содан мектепке тартайын. Шағын ауыл болған соң, барлығы алақандағыдай. Директор да ауылдың адамы. Жол-жөнекей музыкант мұғалімнің үйінің қасынан өттім. Бала-шағасы аулада ойнап жүр. Келіншегі жуған кірін жайып, жайбарақат тірлігінде. Көшіп бара жатқан адамға ұқсамайды.
Қысқасы, директор ағайға кіріп бардым. Жағдайды айттым.
– Қандай жұмыс? Қандай көшу? Музыкант мұғалім еш жаққа көшпейді. Қазір ғана мен оған тапсырма бердім. Сені кім, неге жіберді екен, ә? Неге алдады? Алдады демекші. Әй, осы бүгін қай күн?
– 1 сәуір ғой, ағай.
– Е, онда, алдау күні ғой. Күлкі күні. «Завуч» құрдасың жіберді ме? Сенімен ойнаған екен ғой. Онда сіз алдандыңыз, – деп директор ағай күліп қала берді.
Басым салбырап үйге қайттым. Алдау күні дегенді кім шығарды екен? Жұмыс табудан дәмеленіп қалып едім. «Завуч» құрдасымның да ойыны тасып тұрады екен. Басқа құрдастарым мұны естісе күлетін болды-ау. Әлде сол Тараз қаласына өзім көшіп кетсем бе екен?!
... Кейінірек музыка пәнінің мұғалімі болу менің де маңдайыма жазылды. Бірақ, сол алданған уақытым естен кетпейді.
Шыңғыс ИМАНБЕКОВ,
мұғалім.
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қақпа ашылып, қатынас жақсарды
- Бүгін, 06:06
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді