«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел есіндегі тау тұлға

Ел есіндегі тау тұлға
Ашық дереккөз
Қазақ халқының тарихында елін шын жүрегімен сүйген, халқына адал қызмет еткен ұлы тұлғалар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Дінмұхамед Қонаев. Ол ел басқарған жылдары тек экономиканы ғана дамытып қойған жоқ, ұлттық рухты сақтап қалуға, ғылым мен мәдениетті өркендетуге де зор үлес қосты.

Қонаев – тектіліктің, адалдықтың символы. Ол қашанда елдің жайын ойлап, әрбір шешімін саралап қабылдады. Осы себепті де ол жұрттың жүрегінен ерекше орын алды. Оның өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге. Ол басшылыққа елдің болашағы үшін келді. Оның кезінде Қазақстанның өндірісі мен ауыл шаруашылығы қарыштап дамыды, жаңа қалалар бой көтерді. Ғылым мен мәдениетке ерекше мән берілді. Бүгінде біз мақтанышпен айтатын бірқатар ірі жобалар сол кезеңде жүзеге асты. Қонаевтың артында өшпес мұра қалды. Оның есімі халық жадынан ешқашан өшпейді. Біз үшін ол тек тарихтағы тұлға ғана емес, ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Бүгінгі буын оның өмірінен сабақ алып, елімізді дамыту жолында адал қызмет етуі – азаматтық парыз. Бұл – бізге аманат.

Осыған орай Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясында «Мақтан тұтар ұлы тұлға» тақырыбында дәріс сабақ ұйымдастырылды. Қонаққа Д.Қонаев атындағы ұлттық қордың облыстық бөлімшесінің төрағасы Қибат Асқарбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, Тараз қаласы қоғамдық кеңесінің хатшысы Сәкен Қондыбаев, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, әнші Бақыт Шағырбаев, маман Эра Елтузерова келді. Д.Қонаев қорынан арнайы келген өкілдер жастарға үлгі-өнеге боларлық әңгімелерін айтып, жоғары сынып оқушыларына қайраткер туралы тың мағлұматтар берді. Әңгіме барысында оқушылар сұрақтар қойып, құнды мәліметтер алды. Дәріс сабағының мақсаты – жас ұрпаққа Д.Қонаевтың өмірі мен қызмет жолы және жетістіктері туралы мәлімет беру. Оның саяси шешімдерін, басқарушылық қабілетін және реформаларын талдау. Д.Қонаевтың елге сіңірген еңбегін дәріптеу арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Тарихи тұлғалардың тәжірибесінен сабақ алу, жас ұрпаққа оның ұлт алдындағы еңбегін таныту.

 

Айгүл ИСАЕВА,

№49 мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар