
Әуежай фоесіне темір қанатты киіз үй тігіліп, безендірілген. Киіз үйдің түрлі оюлары алыстан көз тартады. Ал, қазақтың киіз үйіне қанаттас үстелдерде қолөнер бұйымдары қойылған. Оның ішінде, ұлттық нақышта тігілген қолғап, шарф, шәркей, моншақ, сөмкелер назар аудартады. Бұл жұмыстарға «Өшпес мұра», «Алянс – қолөнер» қоғамдық ұйымдары ерекше атсалысыпты. Халыққа қазақы қолөнер ұсынған шеберлер Сәрсенкүл Мырзабекова, Саудат Шәріпова айтулы күнге құрметтерінің жоғары екенін жеткізді. Меркі ауданы Мыңқазан ауылынан арнайы келген қолөнер шебері Қуантай Жүнісов те іс-шараның ажарын ашты. Қуантайдың алтын қолынан шыққан ұлттық нақыштағы ер тоқым, ат әбзелдері мен қамшыларға көпшілік қызығушылық танытты.
Аталған басқарма қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері дәл сол сәтте Астанадан Таразға ұшып жеткен жолаушыларды әуелеген әсем әнмен күтіп алып, көрісіп, бауырсақтан ауыз тиюге шақырды. Жолаушылардың ішінде де Көрісу күнінен хабары болып, қарсы алу сәтіне назар аударғандар аз болмады.
«Мен осы әуежай маңындағы Талғат Бигелдинов көшесінде тұрамын. Өзім де отыз жылдан астам әуеде жүрген ұшқышпын. Осындай керемет іс-шара өтіп жатқанына қуанамын. Біз де бүгін отбасымызды, перзенттеріміз бен таныстарымызды, барша көршілерімізді құттықтап мәре-сәре болдық, – дейді Орынбек Жорабек.
Көрісу күніне әзірленген арнайы іс-шараны аталған басқарманың мемлекеттік қолдау, дамыту және мониторинг бөлімінің басшысы Жомарт Хажы ашып, көпшілікті мерекемен құттықтады. «Қазақ халқының көшпенді болғаны, тіршілігі мал шаруашылығына қатысты болғанын білесіздер. Алты ай қысты шаруамен өткерген бабаларымыз Көрісу күніне ерекше мән берген. Бір- бірімен көрісіп, баршаға амандық тілеген. Наурыз мерекесі құтты болсын», – деді ол. Мұнан соң, Астана қаласынан дәл сол сәтте ұшып келген қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Кәрібай Шушиков сөз сөйледі.
– Бұл мереке өте маңызды. Көрісу күнін Батыс облыстар ұзақ жылдардан бері тойлайды. Міне, о сы үрдіс оңтүстікке де жеткен екен. Бұл – жас ұрпаққа тәрбиелік мәні бар мереке. Амал күні құтты болсын, – деді ол. Келесі сәтте жастардың көңілін жаулап алған актер Жеңіс Омаров та көпшілікті Көрісу күнімен құттықтады. «Тараз туған жерім болған соң ыстық. Ернар Нұрғалиевтің режиссерлігімен дайындалған «Малай» фильмін «Март» сауда, кино, балаларға арналған ойын кешенінен тамашалауға шақырамын», – деді ол.
Бұдан кейін, «Ая-Шах» тобының әншілері әсем әннен шашу шашты. Бірін-бірі құттықтаған көпшілік ерекше сезімдерімен бөлісіп, қолөнер бұйымдары көрмесімен танысты. Түрлі бұйымдар сатып алды. Іс-шарадан өзгеше әсер алған бір қауым ел үйлеріне қуанышпен тарқасты.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Хакім мұрасы – халық қазынасы
- 15 наурыз, 2025
Жер халықтың игілігі үшін игерілуі тиіс
- 15 наурыз, 2025
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді