
Оксана Глазеддинова Мойынқұм ауданы, «Шығанақ» станциясында орналасқан барит рудасын өндірумен айналысатын өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Эврика-Барит» ЖШС-де мұнара аспалы кранының машинисі болып жұмыс істейді. Оның міндеті кранның жағдайын күнделікті бақылап, содан соң техниканың көмегімен 1,5 тонналық жүктерді көліктерге салып, жөнелтіп отыру. Мұның бәрін ол 30 метр биіктіктен басқарады. Осы салада жиырма жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Оксана аталған өндіріс орынының оқытуымен осы мамандықты игерген.
– Мамандыққа өндіріс орыны өзі оқытты. Бастапқыда, әрине, қорқыныш болды. Бірақ уақыт өте келе бәрі уақытпен және сынақпен келетіндігін түсіндім. Біздің жұмыс өте қауіпті. Тіректі кранның биіктігі 10 метр болса, аспалы кранның биіктігі 40 метрді құрайды. Краншы болу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Кранға отырған сәттен бастап басқа нәрсемен айналысуға құқығымыз жоқ. Бұл мамандықты таңдаған адам кез келген жағдайға дайын болуы керек. Кран машинисіне қойылатын басты талап – қан қысымының қалыпты болуы, көзінің көруі және есту қабілеті жақсы болуы қажет. Краншының жұмыс күні күнделікті медицина маманынан тексерістен өтуден басталады. Күн сайын таңертең алкотесттен өтіп, қан қысымымызды тексертеміз. Барлығы дұрыс болса ғана жұмысқа кірісеміз, – дейді ол.
Оксана вахталық әдіспен жұмыс істейді: 15 тәулік өндірісте, 15 тәулік отбасының жанында болады. Десек те, демалыс уақытында да ол қол қусырып отырмайды. Дәлірек айтқанда, клинингтік қызмет көрсетеді. Үй-жайды тазалаумен айналысып келе жатқанына төрт жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында тұрақты тұтынушыларын да тапқан.
– Егер адамда таңдаған кәсібіне деген қызығушылығы, жүрек қалауы болмаса, оған кірісудің қажеті жоқ. Бізге түрлі қыз-жігіттер келеді, осы күнге дейін сегіз адамға кранды басқаруды үйретіппін. Бірақ мен барлығына «биіктікте жұмыс істегенше, жерде жүріңдер» деп кеңес беремін. Өйткені, біздің жұмыста қауіп-қатер көп және жұмыс көлемі де үлкен. Кәсіпорында тәулігіне 12 сағат жұмыс істейміз. Менің мамандығыма таңдана қарайтындар көп. Алайда, мен өз жұмысымды жақсы көремін, – дейді Оксана Валерьевна.
Нәзік иығымен нардың жүгін көтеріп жүрген Оксана цехтағы жалғыз әйел. Жолдасы да жанында, карьерде жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Қызметтестері оны өжет, ақкөңіл мінезінен бөлек, тәжірибелі, білікті маман ретінде құрмет тұтады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді