«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ана тілін ардақтау – ортақ абырой

Ана тілін ардақтау – ортақ абырой
Ашық дереккөз
Мемлекетіміздің басты байлығының бірі – қасиетті ана тілі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі қай кезде де биік болуы тиіс. Осыны терең сезінген бірқатар өзге ұлт өкілдері ана тілімізде еркін сөйлеп, қазақ еліне шынайы құрметтерін көрсетіп келеді. Біз төл тілімізге деген осындай жанашырлыққа облыстық тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған «Тіл – достықтың дәнекері» атты TEDх форматындағы кездесуде тағы да куә болдық.

Іс-шараны облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева ашып, өңірімізде тұратын ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі уақыт өткен сайын артып келе жатқанын айтып, кездесуге сәттілік тіледі. Іс-шараны тіл жанашыры Ринат Нұрақбаев әсерлі жүргізгенін айта кеткен жөн.

Келесі кезекте кездесуге арнайы шақырылған ұлт өкілдері өз ойларын ортаға салды. Мәселен, орыс ұлтының өкілі, облыстық полиция департаменті екінші арнайы бөлімінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Иван Пономарев төл тілімізге деген шынайы құрметін жеткізсе, облыстық төтенше жағдайлар департаменті Тараз қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Карина Карташова ұл-қыздарын алдағы уақытта жоғары оқу орнында да қазақ тілінде оқытуға бел байлап отырғанын айтты. Украин ұлтының өкілі, «Damu Нigһ Scһool» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Евгений Кравчук кейбір мемлекеттік тілді білмейтіндерге: «Мен қазақша таза сөйлеп тұрмын. Қазақ тілі – ана тілің ғой, анаң ғой деп ұялтамын. Олар түсініп, ұялып қалады» дегенде көрермендер еріксіз қол соқты. Ал, көпшілікке есімі «Әлисұлтан» болып өзгеруімен де таныс, кезінде «Мерей» тобымен белгілі болған әнші Сергей Семыкин қазақ тілін жетік білуінің арқасында Мемлекет басшысының қабылдауында болғанын айтып ел назарын аударды. Сонымен қатар ол, Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін көпшілікпен бірге шарықтата шырқады. Міне, осылайша, қазақ тілінің қадірін білген өзге ұлт өкілдері жалынды сөздерімен де, өнерлерімен де жиналған жұртты сүйсінтті.

Іс-шараны аталған орталық директоры Қуаныш Дәурембеков қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Ұқсас жаңалықтар