
Бекнұрдың әкесі Мейрамбай Сатыбалды көзі тірісінде қарымды журналист, іскер мемлекеттік қызметші болды. Ол «Аq jol» газетінің тілшісі, «Еgemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарып, кейіннен өзі «Жеті жарғы» газетін ашты. «Жақсы әкенің тәрбиесі балаға қырық жылға азық» демекші, ұлы Бекнұр да тура әкесінің өмірін жалғастырды. Студент күнінен облыстық «Аq jol» газетіне жұмысқа тұрып, талай тындырымды мақалалар жазды. Кейіннен мемлекеттік қызметке орналасты. Тіпті әкесі шығарған газетті 24 жылдан соң қолға алып, ақпарат айдынына қайта қосты. Әке алдындағы перзенттік парызын әлі де орындап келеді. Бүгінде ол облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының ақпараттық саясат және бұқаралық ақпарат құралдарын мониторингілеу бөлімінің басшысы қызметін атқарады.
– Әкем 1958 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келіпті. Мерекеде өмірге келген соң есімін Мейрамбай қойыпты. Әкемнің әкесі өмірден ерте өткен. Әжем жастай жесір қалса да төрт баласын ешкімнен кем қылмай өсірді. Әжем болыстың қызы болған. Өте әзілқой кісі еді. Әкем де анасына тартып, әзіл-қалжыңға бай болды. Өмірі мені жанынан тастаған емес. Кіл мықты ақын-жазушы, журналистердің ортасында өстім. Кішкентай күнімнен қайда барса да мені ертіп апаратын. Үйімізден кісі үзілмейтін. «Балам саған ұқсаған мықты болсын» деп оларға аузыма түкіртіп алатын. Біз үш ағайындымыз. Ағаларым Ернұр мен Ернар – олар кәсіпкерлер. Ернар апамның баласы, Ернұр анамның ұлы, мен әкемнің жекеменшік ұлы едім. Өздері солай бөліп алған. Әкем мен анам дүние жимайтын, кітап жинайтын. Үй толы кітап болды. Әкем өмірден өткенде мен етек-жеңін жинаған 25 жастағы жігіт едім. Ол өмірден өтсе де «әкеңнің көзін көргендер аман болсын» деген. Менің әкемнің құрдастары, группаластары, сыныптастарымен әлі де араласамын. Мейрамбек Төлепберген көкем қайтыс болғанда да көңілім жаман болды. Ол кісі әкемнің курстасы еді. Көсемәлі Сәттібай, Болат Бекжан, Әбілда Сәрсенбиев, Мақұлбек Рысдәулет, Лесбек Сайлаубеков, Серік Қалиев бәрі жора-жолдас болған. Анам Балзира өмір бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған. Қазір зейнетте. Әкем марқұм өте жақсы адам болды. Кісі баласына қылдай қиянаты болмайтын. Өмірден жақсы адам болып өтті. Әлі күнге бұрынғы көзкөрген журналистер «Бұл Мейрамбайдың баласы» десе марқайып қаламын, – дейді Бекнұр Сатыбалдиев.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз рас екен. Бекнұр студент күнінен облыстық «Aq jol» газетінде 2002 жылдан 2013 жылға дейін тілші болып жұмыс істеген. Артынша мемлекеттік қызметке табан тіреді. Әкесінің жолын жалғады деген осы. Бүгінде жұбайы Айдана Мамырбаева екеуі төрт ұл-қыз өсіріп отыр. Жары Айдана – қалалық білім бөлімінде есепші.
Бекнұрдың әзілқойлылығы да ерекше. Қағытпа қалжыңымен де қағып түсіреді. Ел арасында «Бекнұр айтқан» деген әзілдер де бар. Бір әулеттен екі журналистің шығуы, өз мамандықтарына адалдықтары жанды тебірентеді. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болар. «Бабасы еккенді баласы орады» деген мәтелді қазақ осы Сатыбалдиевтер отбасына қарата айтқандай.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің теңдігі
- 7 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді