«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құландықтарды қуантқан кеш

Құландықтарды қуантқан кеш
Ашық дереккөз
Ән көңілдің ажары ғана емес, халықтың мәдениетін танытатын, шығармашылығын арттыруға ықпалы бар өнер. Бүгінде техниканың көмегімен әнші атанып жүргендер де аз емес. Алайда, халық шын талантты даусынан таниды. Сол себепті де жұртшылыққа жанды дауыста орындалатын концерт ұнайды, табиғи талантымен жеткізілген ән жүрекке жетеді. Жақында Т.Рысқұлов ауданының «Сұлутөр» халықтық ансамблінің 45 жылдық мерейтойына арналған ретро концерті ұйымдастырылды. Залға жиналған тыңдарманның қарасы қалың болғанынан-ақ халықтың жанды дауыста орындалатын әнге деген ықыласын байқауға болады.

«Сағындырған әсем әндер-ай» атты ретро концерт ансамбльдің Поль Морианың «Токката» шығармасын орындауымен басталды. Бұдан соң өткен күндердің жарқын ізін еске оралтар сағындырған әндер көш түзеді. Алтынбек Қоразбаевтың «Айхай 25», Ескендір Хасанғалиевтің «Сағындым сені», Жеңіс Сейдолланың «Алматым – алтын бесігім», Сейдолла Байтерековтің «Күнге табыну» және «Түркістан», Ержан Серікбаевтың «Өкінбе сен», Досым Сүлеевтің «Қайдасың?» әндері орындалды. Сонымен қатар, Виктор Цойдың «Звезда по имени Солнце» және «Стук», Владислав Сумашевскийдің «Красивая моя», Андрей Литягиннің «Звезды нас ждут», Игорь Сарухановтың «Поворот», Крис Норманның «Сто балерин» туындылары шырқалды. Ансамбль құрамындағы күміс көмей қыз-жігіттер тамылжыта жеткізген әндердің ырғағымен «Әдемі-ау» халықтық би ансамблі мың бұрала билеп, көрерменнің көзайымына айналды.

«Сұлутөр» ансамблінің қазіргі құрамы жаңарған, жас өнерпаздармен толыққан.

– Ансамбліміздің құрамы жастармен толығумен қатар, бүгінгі уақыттың талабына сай техникаларды қолданып, орындайтын музыкаларымызды да жаңаша бағытта дамытып келеміз. Ансамбліміздің меңгерушісі Ермахан Сегізбаев болса, Айшолпан Алиева, Нұрлан Әмірбетов, Қожа Берікұлы, Тынжан Сайырманов және өзім өнер көрсетеміз. Арамыздағы Айшолпан Алиева қатарымызға жаңадан қосылған, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясын бітіріп келді. Ал, ямахада Біржан Көпбаев пен Жалғас Сұлтанбек, бас гитарада Жандос Есеналиев, барабанда Рысбек Оразбаев ойнайды. «Сұлутөр» халықтық вокалды аспапты ансамблінің ең кіші солисі Тимуджин Доғдыр байталанты мен көпшілікті сүйсіндіріп, «Көреміз» ток- шоуына қатысып, сондағы өнерсүйер жандардың «Бүгінгінің Виктор Цойы» деген бағалауын естіп келді. Ол – мәдениет үйінің вокал үйірмесінің шәкірті. Сондай-ақ, осы үйірмемізден дәріс алып жүрген тағы бір шәкіртім Бибінұр Нұрайым да осы концертте өнер көрсетті, – дейді концерттің ұйымдастырушы-жетекшісі Рысбек Қадырқұлов.

Сонау 1980 жылы құрылған «Сұлутөр» вокалды аспапты ансамблінің негізін Бірлік Сраилов қалаған. Содан бері бұл ансамбль аудандағы әнге құштар өнерлі жастарға ән үйретіп, таланттарын шыңдауда мол үлес қосып, үлкен белестерді бағындырып келеді. Көптеген өнер байқауларында топ жарып, олжалаған жүлделері де аз емес. Республика, облыс, аудан деңгейіндегі мәдени іс-шараларға белсене қатысып, өз халқының салт-дәстүрін, тарихын, тұрмысын насихаттаумен бірге, еліміздегі халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етіп жүр. Алдағы уақытқа көздеген жоспарлары да ауқымды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар