«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Рухани байлыққа риясыз қадам

Рухани байлыққа риясыз қадам
Ашық дереккөз
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы облыс аумағында қызу қолдау тауып жатыр. Оны әр мекеме, әр ауылдың жүзеге асырып жатқан жұмыстары барысынан байқауға болады. Көптеген ауылдарда тұрғындар жиі бас қосып, осынау құндылыққа мән беріле бастады.

Осыған орай, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен «Ауыл» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында қала тұрғындарымен жастар арасында әртүрлі кітаптарды қабылдау акциясы өтті. Бұл іс-шара жалпы тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын оятуды көздейді. Іс-шара барысында облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі басшысының орынбасары Медеу Мырзатай аталған акцияның маңызы зор, өңірдің әрбір жас азаматы үшін берері мол екеніне тоқталды. Ал, «Ауыл» партиясының облыстық филиал басшысы Әйгерім Сарсенбаева: «Акцияда біздің өңірдің белсенділігі жаман емес. Тұрғындардан жиналған бұл кітаптар ауыл кітапханаларына тапсырып, елді мекен жастарының кітап оқуына ықпал етпекшіміз. Мұндай жиынның мәні жоғары. Тұрғындар белсенділік танытады деген ойдамын. Жақында Байзақ ауданында жаңа кітапхана ашылды. Біз сол кітапханаға өз тарапымыздан 280 кітап тарту еттік. Оның ішінде құндылығы жоғары кітаптар да аз емес», – деді. Акцияға кітап өткізуге келген жас азамат Жалғас Оразбек: «Жоба барысында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының үш томын қабылдаушыларға тапсырдым. Әрине, мен бұл кітапты бірнеше мәрте оқып шыққанмын. Сол себепті жанымдағы жолдастарым, құрбы- құрдастарым да оқып-білсін деген мақсатта осы жобаға атсалысып отырмын. Әлеуметтік желіде әркімнің пайдасыз жазбаларын оқып, уақыт жоғалтқаннан кітап оқудың пайдасын сезінген артық. Кітап жан дүниенің байлығына әкеледі», – дейді. Кітап өткізу акциясына келген Гүлназ Мақұлбек, Рауан Алдаберген, Дилназ Тілепберген секілді жастардың да айтар ойлары осындай.

Акция барысында кітап өткізушілер қатары толастамай, жалғасып жатты. Атап айтқанда, қабылдаушы мамандардың үстелінен Мұхтар Әуезов, Дулат Исабеков, Күләш Ахметова, Табиғат Абаилдаев, Жанғазы Ахмет секілді ақын-жазушылардың ел ішіне кең тараған кітаптарын кездестірдік. Сонымен қатар, Талғат Айтбайұлы жинақтауымен жарық көрген «Ер Шона» кітабын және басқа да көркем туындыларды кездестірдік. Мұндай жақсы кітаптардың ауылдық кітапханаларға ауадай қажет екені белгілі. Бұл акцияның көздеп отырған мақсаты да осы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар