«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сен жанымда жүрсең...

Сен жанымда жүрсең...
Ашық дереккөз
Биыл қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов 80 жасқа толып отыр. Жары, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметова екеуі 55 жылдан бері бір шаңырақ астында қазақ өлеңіне олжа салып, тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Ақындар отбасының оқырманға да, өзінен кейінгі буынға да айтар ойы, берер тәлім-тәрбиесі мол. Мерейтой қарсаңында көрнекті ақын Күләш Ахметованың жары Қайырбек Асановқа арналған өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

КЕШІРЕМ БӘРІН

Кешірдім менсіз тойға барғаныңды,
Кешірдім менсіз билет алғаныңды.
Кешірдім саусағымнан ұстап тұрып,
Қадалып басқа қызға қалғаныңды.

Кешірдім ұзап кеткен сапарыңды,
Кешірдім ашуыңды, қаһарыңды.
Кешіріп кей кештерге жібердім мен,

Білсем де өзім жылап жатарымды.
Еске алып сені көрген көктемімді,
Кешірдім орынсыздау өктем үнді.
Кешірдім басқа жанды еске алғандай,

Үсті-үстіне темекі шеккеніңді.
Кешірем. Таға берем несіне мін?
Несіне бұзам әсем кеш реңін?
Зарықтыр – зарықтырсаң, жалықтырма,
Сонда мен амалсыздан кешіремін.

ӨКПЕ

Жүрегің тастан ба еді, мұздан ба еді,
Әлде менен жақын бір қыз бар ма еді?
Көңілімді суыттың үнсіз қалып,
Мен де айналсам жұмбаққа қызғанба енді!

Қызғанба енді біреумен билесем де,
Шақыра ғой басқаны биге сен де.
Мен жүрейін жанында жат біреудің,
Өлең оқып берейін, сүймесем де.

Ішімнен: «ондай ешкім жоқ» десем де,
Басқа жанды бақытты етпесем бе?!
Қайғыдан қалай аман жүр екен деп,
Қайран қалма, қасірет шекпе сен де.

Менің нәзік көңілім үркек еді,
Бүгін одан бұлыңғыр бұлт өреді.
Енді сенің алдыңда адалдықпен,
Жүрегінің жұлдызын кім төгеді?

Ел не дейді?
Білместің ісі дер ме?
Ұшырмадық сезімнің құсын өрге.
Басқа қызға сыр жайып отырарсың,
Бірақ сені ол дәл мендей түсінер ме?

Аңсатсаң да жаздағы аз жаңбырдай,
Сыр бермеспін сыр бермей тозған құмдай.
Сүюші едім аяулы сезімдермен,

Айтушы едім ертеңге сөз қалдырмай.
Тыңдамаушы ем сен жайлы өсектерді,
Сезім сенде – не қатал, не шектеулі.
Саған да енді кезіксін жинақы жан,

Махаббаты, сөздері есептеулі.
Кетер болсаң, тезірек ұмыт бәрін,
Көз алдыңда тұрмасын қылықтарым.
Ұмыт бәрін!

Жиям деп әуре болма,
Таңғажайып сәуленің сынықтарын.
Мен осылай бұйырам, кеш, көріктім,
Сезіне біл күндіз де, кеште ерікті.

Жүрегіңнен, ойыңнан, дәптеріңнен,
Сызып таста мен жайлы естелікті.
Не ескерткіш арнама, не шығарма,
Ұмтыласың – ұмытпай – несіне алға?

Үйден шықпа жаңбырда.
Жыр да оқыма,
Көз жасымды, сөзімді есіңе алма!

Қызық өмір менсіз де сүре біл де,
Шырқа, биле, мейрамда, түле, гүлде.
Басқа жанды аймалап құшқаныңда,

Байқа тек, мен тұрмайын жүрегіңде.
Ұмыттырсын күн мен түн жиі алмаса,
Менен қашсаң берілме қиялға аса.

Еш әйелге ренжіп, өкпелеме,
Мендей таза, тәкаппар сүйе алмаса!
Мен сен үшін бола алсам алыс тұлға,
Тағдырыңды басқамен табыстыр да,

Менің мұңды бейнеммен, қылығыммен
Еркелігін ешкімнің салыстырма!
Күндерді ұмыт бөлмеге сыймай күлген,
Күндерді ұмыт ерекше сыйлай білген.
...Өкпелеймін осылай сүйгендіктен,
Шынымды айтсам: ешкімге қимаймын мен!

ҚЫМБАТ СЫЙЛЫҚ

«Не сыйлайын?» –
Дейсің сен ойға қалып,
Қуантқың келетіні айдан-анық.
Тілегімді айтуға асығамын,
Ақкөңіл сұрағыңды пайдаланып.
Керек емес тым ауыр алқа маған,
Қайран қап қарамаймын, қалқам, оған.
Болмаса, болмас асыл белбеу менде,
Асылдың бәрі – менің өр кеудемде.

Керегі жоқ жауһар мен жақұтың да,
Жалғыз жауһар менің бар бақытым ба?
Керек емес алтының күмісің де! –
Жалғыздықтан қорықсам, түн ішінде.
Бірі – менің жұбатпас жүрегімді,
Бірі – менің тыңдамас тілегімді.
Бірі – менің толтырмас көңілімді.
Бірі – менің ұзартпас өмірімді.

Жалғыз болса, адамның өңі мұңды,
Кім тыңдайды назыңды, әр үніңді.
Есеп-қисап тұратын ар жағында,
Керек емес қымбатың, арзаның да.
Керек емес інжуің, маржаның да,
Өзім алам затты да, киімді де,
Өмір болса, толтырып үйімді де,
Керек болса байлықты жинап алам.
Ұсақ талап қоймайды сүйген адам,
Айнымас махаббатыңды сыйла маған!

ТОЙ БАСТАУ

Ақ босаға аттадыңдар сәттi күн,
Сезiп тұрмын сезiмдердiң пәктiгiн.
Көктемдегi дариядай тасысын,
Көптен күткен қуанышым, шаттығым.

Той-думанға шөлдеп қалған екен ел,
Орындалсын айтыстар мен жеке өнер.
Телқозысын тең әлпештеп бүгiн бiр,
Тебiренiп сөйлесiншi әкелер!

Ынтымақсыз өнер алға тарта ма,
Бiр көрiңдер – тағдыр жүгiн арта ма.
Қарақтарын батасымен қолдасын,
Қарқарадай кимешектi қарт ана.

Айдай екен айналайын келiнiм,
Құлағыңа құйып отыр ел үнiн.
Екеуiңнiң ел-жұртың бар, далаң бар,
Ақтарсыңдар еңбегi мен сенiмiн.

Қазақ төрге қадiрлiсiн шығарар,
Қашанғыдан төрге құмар жүдә олар.
Екi жастың басына емес,
Көп нәрсе Сендерге де байланысты, құдалар!

Келiн түстi, жаны – шуақ, ойы – гүл,
Көтерiлсiн достарыңның бойы бiр.
Дастарқанға бар байлығын салатын
Дала көңiл дарқан елдiң тойы бұл!

Отырсыңдар берекелi бейнемен,
Осындай да қозғайды екен ойды өлең.
Шаттан, жұртым, екi аққудың тойында,
Ойын-күлкi отаны ғой той деген!

Келiн, сенiң жолыңқұтты шамамда,
Назарыңды аударып қой маған да.
Түскен жерiң – қадiрлi жер, бiлiп қой,
Тегiн емес бетiңдi ашқан ағаң да!

Жас жұбайлар, кездессе де не күндер,
Мұқалмаңдар, мұратыңа жетiңдер.
Бiр-бiрiңе дәл бүгiнгi сезiммен,
Өмiр бойы ғашық болып өтiңдер!!!

ЕНЕ СӨЗI

Келiнжан, тiлегiн ал мына көптiң,
Ойлама ақыл айтып тұр-ау деп тым.
Естiлiкпен ескергiн,
Келген жерiң – Жақсысы бiр ауылдың, бiр әулеттiң.

Қос өзен қосыла ма, қоса аға ма,
Қуаныш соның бәрi осы анаңа.
Шаттық боп келшi, жаным, шаңыраққа,
Бақыт боп келшi, жаным, босағама.

Мүмкiн мұнда көп ғұмыр өткiзбегiң,
Өткiзерсiң күндердiң көп тiзбегiн.
Жақсылығын асырып бiр әулеттiң,
Жетпей жатқан жерлерiн жеткiз, келiн!

Адам бардың қадiрiн қашан бiлген,
Үлесiңдi ала бiл осы әр күннен.
Анаң берген сендегi қасиетке
Мейiрiм мен тәрбиемдi қосармын мен.

Айтқан сөздi ақылды келiн ұғар,
Өмiр деген керуен,
Көбi – мұнар.
Жақсы әкенiң атағы жақсы-ау, бiрақ,

Әр адамның өзiнiң өмiрi бар.
Ата-анаң – саялы теректерiң,
Болар әлi ұрпағың – бөбектерiң.
Үлкенiңнен үлгi алып бұдан былай,
Өз көшiңдi бастауың керек, келiн!

* * *

Әлі айнымай келесің. Төзімді-ақсың,
Қой көзіндей момақан көзің жақсы.
Сүймесем де, сүйсем де – сен ғашықсың,
Өмір бойы сол сезім созылмақшы.

Еркелеткен кездерің – тәтті кезім,
Бұртисаң да, баладай пәк мінезің.
Басқа ешкімді қаламай бұл әлемнен
Мені, әйтеуір, тағдырдай таптың өзің.

Алғысымды айтатын табам ба өлең?
Сөзі құрсын.
Сөзді де жаман көрем.
Шолпан жұлдыз сияқты таңда туған –
Сенің іңкәр сезімің маған деген.

Кездерің жоқ дұшпанға таба қылған,
Әр ісіңнен ақылды табамын мән.
Бір ауыз сөз айтпай-ақ, жан күйімді,
Сен түсініп тұрасың қабағымнан.

Қалай сосын жырларым толас тапсын,
Тілеуіңді тілеймін, адаспапсың.
Маған сонша мейірбан, нәзік болып,
Биік таудай басқаға сен асқақсың!

Інжу-маржан теңізден сүзіп маған,
Бергендейсің, құлпырған жүзік тағам.
Сен жанымда жүргенде айдай болып,
Адам бар ма біздерге қызықпаған?!

Басқаларға өр басын имеді шың,
Жүрегімді бір шаттық биледі шын.
Қайғыруға хақым жоқ,
Бақытты екем
Сендей жігіт мені адал сүйгені үшін!

* * *

Бір кешсек те тіршіліктің күйін біз,
Күрделіміз, қиынбыз ғой, қиынбыз.

Бірде алысқа алабұртқан сезіммен –
Кетем бе деп қорқамын мен өзімнен.

Қалай бірақ өзіңменен қоштасам,
Шынымен-ақ бастала ма басқаша ән?

Бұрымымды ұстаған қол бұрын сан,
Созылып бір тұра қалар бұрылсам.

Қалай оны қиып кетем, қоштасам,
Қалай жүрем сені әнге қоспасам?

Сағыныш пен махаббаты теңіз боп,
Көздерің де қалатындай мені іздеп.

Қалай сенің көздеріңмен қоштасам,
Қалайша мен басқа адаммен достасам?

Мүмкін емес! Кезден бәрі үйленген
Сүйген түгіл, ұрысқаныңа үйренгем.

Толқытқанмен көргенімде ең алғаш,
Ешкім маған мәңгі сендей бола алмас.

КЕЛІН БОП СЫРҒА ТҮСКЕНДЕ

Сезімтал болдым, сірә, тым,
Ертеден естіп Сыр атын,
Еліне Қызылорданың
Бүйрегім бұрып тұратын.

Әдемі, нұрлы арманмен
Өзімше бір ән салғанмен,
Азамат ақын жырына
Ғашық боп ерте қалғам мен.

Жырының жанған мұраты –
Жерді аңсап жаным тұратын.
Керек-ау дегем сырға да
Нәзіктеу, назды бір ақын.

Іңкәр ем өлмес өнерге,
Іңкәрлік оты сөнер ме!
Керемет тағдыр өрімі –
Келін боп түстім сол елге.

Үлкенге келмей көлденең,
Сөз берем енді, жол берем.
Ілтипат, иба, ізетті,
Ұмытпауды да жөн көрем.

Өлеңде бірақ ондайдың
Орыны басқа. Толғаймын!
Сырыңда келін болғанмен,
Жырыңда келін болмаймын!

СЕН МЕНI ШАҚЫРДЫҢ БА?

Жай ғана тербеледi,
Шынардың жапырағы.
Сен жүрген жерге менi,
Бiр биiк шақырады.

Жоқ қуған жолаушымын,
Iздерiм жатыр құмда.
Ақ таудың сонау шыңы
Сен болып шақырдың ба?

Алыстан қол бұлғайды,
Ақ сағым еркелеген.
Көрсем деп сол арайды,
Оянам ертеменен.

Өз сырым – бар айтарым –
Шешiмi ақылдың да.
Сен болып арай таңым
Сағынтып шақырдың ба?

Жақсымды досқа арнағам,
Емеспiн жақын мұңға.
Жолым боп басталмаған
Сен менi шақырдың ба?

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар