«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аспан асты көрмесін тамашалауға асығатындар көп

Аспан асты көрмесін тамашалауға асығатындар көп
Ашық дереккөз
Музей – тарихты жас толқынның жадында жаңғыртатын орын. Осы орайда, Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейі 3 мыңнан астам жәдігер заттарымен ерекшеленеді. Оның баршасының көпшілікті әсерге бөлейтіндей маңызы бар.

Әрине, аталған мекемеде осы кезге дейін де танымдық шаралар жүргізіліп келді. Ал, жыл басынан тіпті қарбалас істер көбейгені байқалады. Мақсат – музейге келушілер санын арттыру. Осы орайда, «Аспан асты көрмесі» және сурет галереясы жасақталды. Ауданның игі жақсыларының қатысуымен ашылу салтанаты да өтті.

Мекеме ауласында әдемі ретпен орналасқан бұл көрмеге көпшіліктің қызығушылығы ерекше. Онда сонау VII-ХII ғасырларға тиесілі балбал тас, диірмен тас, су диірмені, қол соқа, арба сынды көшпенділер тұрмысында қолданылған ескі дүниелер қойылған. Түсінген адамға осыдан 14 ғасыр бұрын ата- бабамыз қолданған көне заттарды көру, немере, шөбереңді ертіп келіп бірге тамашалау – үлкен тәрбие. Қазіргі таңда аталған заттардың орнын басқа жаңа технологиялар алмастырған. Бірақ, қандай технология болса да, алмастыра алмайтын дүниелер бар. Ол – тарих, тарихи заттар. Мәселен, балбал тас, су диірмен, қол соқа қазір атқаратын қызметімен емес, ғасырлар белесінен сыр шертуімен құнды. Қазақ ауылдары қол диірмен, ат арба деген қажеттіліктерді кейінгі кезге дейін пайдаланып келді. Бірақ, кейінгі жылдары мұндай бағалы заттарды да қалалы жер түгілі, ауылдан сирек көретін болдық. Қазір қолының қарын талдырып, диірмен тартатын келіндер де жоқ. Сонымен қатар, музейдің көркем сурет галереясына аудандағы белгілі суретшілер Жанатбек Тұрғынбайтегі, Асылхан Алдабергенов, Жанболат Сапаровтың және Сарыкемер ауылындағы көркемсурет балалар мектебінің өнерлі өрендері салған қолөнер туындылары қойылыпты. Баршасы да көпшілікке әсерлі, терең мазмұны және сұлулығымен көз тартады. Бұл ретте музей директоры Артық Нариманұлы:

– Музей – тұрғындарға ерекше әсер сыйлайтын рухани орын. Мұнда «Даңқ», «Тарих», «Археология», «Этнография» және «Мәдениет, өнер және спорт» залдары бұрыннан қызмет жасап келеді. Біз осы залдардағы жұмыстарды дамыта отырып, «Сурет галереясы» мен «Аспан асты көрмесін» жаңадан жасақтадық. Көпшіліктің көңілінен шығып жатқанына қуаныштымыз. Бұл игі жұмыстарға музейдің барша қызметкерлері ерекше атсалысты. Кейбір тұрғындар да белсенділік танытты. Нәтижесінде, елдің көңілінен шығатын істер жүзеге асты. Алдағы уақытта да біршама жоспарларымыз бар, – дейді. Бұл ретте музейде бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан қор сақтаушы Айдана Шотбасова, ғылыми қызметкер Айнагүл Мамытбекованың еңбегін айта кеткен жөн. Біз келушілердің де пікірін сұраған едік. Н.Киікбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Еркін Жантайбеков: «Ұстаз ретінде шәкірттерге ел мен жер тарихын үйрету маңызды екенін білеміз. Бабалар жүріп өткен жолды жас ұрпақ білуі тиіс. Осы ретте аудандық музейдің атқаратын жұмысы маңызды. Аспан асты көрмесін ұйымдастыруы, сурет галереясы, баршасы қызықты, әсерлі. Әсіресе, оқушылардың көңілінен шыққаны қуантады», – дейді.

Музейге келушілердің қарасы молайғанын біз де байқадық. Мұндай ғажап көрмені тамашалау бір бөлек, бабалар үшін қастерлі болған заттардың жасөспірімдерге де құндылық болып жеткені қандай жақсы!

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар