«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Болашағым, Сен тұрсаң мен өлмеспін»

«Болашағым, Сен тұрсаң мен өлмеспін»
Ашық дереккөз
Халық арасында «Ақпанда алыптар туады» деген сөз бар. Шындығында солай- ау. Себебі, 9 ақпан күні даланың дара ақыны Мұқағали Мақатаев дүниеге келген. Осыған орай, мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта «Жырлайды жүрек» атты жыл сайынғы дәстүрлі облыстық шығармашылық байқауы өтті.

Байқауға 11 аудан мен қаладан 120-ға жуық оқушы қатысты. 7 және 17 жас аралығындағы оқушылар екі кезеңнен тұратын көркемсөз оқудан әрі сахналық қойылым қоюдан жарысты. Әр ауданнан келген өнер мектептерінің шәкірттері мен ұстаздары бақ сынасқан байқауда балалардың талантын қазылар алқасы, облыстық халық шығармашылығы орталығының бас режиссері, Мәдениет саласының үздігі Нұралы Абдуллаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының аға оқытушысы, педагог магистрі Айжамал Молдазимова, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы бағалады.

Т. Рысқұлов ауданы, Көкдөнен ауылының өнер мектебінің ұстазы Рымтай Елубаева М.Мақатаевтың «Сәбиана» спектаклін дайындап келіпті. Үшінші сынып оқушыларының өнер үйірмесіне қатысып жүргеніне екі жылдай болған екен.

– Мұқағали байқауы жыл сайын өтеді. Биыл біз ақынның «Бір ән бар бүгінгі ұрпақ естімеген» өлеңінің желісі бойынша осы «Сәби ана» деген қойылымды арнайы ұсынғымыз келді. Былтыр біздің аудан бас жүлдені иеленген болатын. Биыл да жеңістен үміттіміз. Оншақты шәкірт әкелдім. Шетінен сегіз қырлы, бір сырлы. Бірі әндетсе, екіншісі күй тартады, үшіншісі би билейді. Жыл өткен сайын оқушыларға бар жағдай жасалып келеді. Сондықтан, мемлекеттің берген мүмкіндігін біз де пайдаланып жатырмыз. Түрлі байқауларға оқушыларды апарып, жетістіктерге жетіп жүрміз. Бұл байқаудың орны өте үлкен. Қарасаздан шыққан мұзбалақ ақынның өлеңдерін өзім ұйқыдан оятып жіберсе де жатқа оқимын, – дейді сахна тілі үйірмесінің педагогі Рымтай Серікқызы.

Мұнда үмітін үкілеп келіп тұрған шәкірттер де, ата-аналар да көп болды. Барлығының да көксегені Мұқағали жырларын жатқа әрі көркем оқып, сахнада озық көрініп, жетістікке жету болды. Алайда, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, көркемсөз аталымы бойынша бас жүлдені 7-11 жас аралығында байзақтық Айкен Сүндет, 12-14 жас аралығында байзақтық Батырхан Боранбек, 15-17 жас аралығындағылардан меркілік Нұрбақыт Рахметілда жеңіске жетті. Шығармашылық кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар