«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есіл еңбектің жүз жылдық куәсі

Есіл еңбектің жүз жылдық куәсі
Ашық дереккөз
Қазіргі заманның бақытты балалары бәлкім соқаның не екенін де білмейтін шығар. Ал, өткен ғасырдың басында, елді аштық жайлаған қиын-қыстау заманда, Ұлы Отан соғысы жылдарында соқаның атқарған қызметі ерекше болғаны анық. Сол қиын кезеңді бастан кешкен көненің көзі – Талас ауданының Қараой ауылында тұратын тыл және еңбек ардагері Үйсінбай Алтыбаев ақсақал.

Үйсінбай ақсақалдың жасы 92-де. Әңгіме осы кісі ұзақ жылдар бойы сақтап келген соқа туралы болмақ. Бұл зат Үйсінбай Алтыбаевтың арғы ата-бабаларынан келе жатқан құнды дүние. 1920 жылы жасалған екен. Үйсінбай ақсақал 8 жасынан тылда еңбек етіп, 1941 жылдан бері жер жыртып, бидай бастырыпты. Сол кезде осы соқаны пайдаланған. Соқаның бөліктері автомат арқылы реттеліпті. Екі дөңгелегі, тартатын жетегі бұрандалармен бекітілген. Негізгі бөлшектері қара металдан жасалған. Талас аудандық тарихи- өлкетану музейіне өткізілгеніне он жылдан асыпты. «Көптеген кезеңде адамның қажетіне жараған бұл құндылыққа мән беретін тұрғындар аз емес. Әсіресе, осынау көне затқа оқушы балалардың қызығушылығы жоғары», дейді аталған музейдің директоры Ербол Наршаұлы.

Біз 92 жастағы Үйсінбай Алтыбаев ақсақалмен хабарласқан едік. Ғасыр жасқа жақындап қалған қария: «Бұл зат сонау қиын-қыстау жылдардың куәсі. Күркіреп өткен сұрапыл соғыс жылдарында осы соқамен жер жырттық. Ол кезде өкіметке астық өткізу маңызды. Біздің елдің жеңісі үшін тылда аянбай еңбек еттік. Ол уақытта біздерге де оңай болған жоқ. Біз ойын дегенді білмей өскен буынбыз. Кейінірек Украина жерінде әскери борышымды өтедім. Қай кезде де осы соқаның қиын кездегі қызметін ұмытқан емеспін. Енді музейде жас ұрпаққа еңбек жолын сілтеп, құндылық ретінде сақталып тұр. Кеше ғана бала едік, міне қарттық жасқа келдік. Жастар аман болсын, тыныш заман болсын!», – деді.

Соғыс жылдарында алтын дән өндіру жолында қызметі ерен болған бұл соқаның мәні бөлек. Оны жас ұрпақ зердесіне түйіп өссе, жаман болмайды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар