«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Екі жылда газбен 100 пайыз қамтылады

Екі жылда газбен 100 пайыз қамтылады
Ашық дереккөз
Ауыл-аймақ тұрғындарын көгілдір отынмен қамту маңызды мәселенің бірі. Бұған дейін де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев газ саласын дамытудың басымдығын арнайы атап өтіп, газ құбыры жүйесін алға қою ісінде жақсы нәтиже бар екендігін айтқан болатын.

Тиісті міндеттер Талас ауданының ауылдық округтерінде кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Бүгінде аудандағы 23 елді мекеннің 17-сі көгілдір отынмен қамтылған. Бұл 15515 үй газды тұрақты пайдаланып отыр деген сөз.

2027 жылдың соңына дейін аудан аумағында газдандыру жұмысы 100 пайызға аяқталмақ. Мәселен, Майтөбе және Қожағаппар елді мекендерінде газ құбырын салу үшін жалпы құны 2 миллиард 75 миллион теңге болатын жоба әзірленді. Аталған жұмыстарға республикалық бюджеттен қаржыландыруға 1 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, Көктал, Қасқабұлақ, Есейхан, Қараой ауылдарына газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Осы ауылдарға газ құбырын тартуға қатысты өтінімдер беріліпті. Бұл ретте бірнеше ауыл тұрғындарымен хабарласып, пікірлерін білдік. Майтөбе ауылының тұрғыны Бейсенкүл Несіпбай: «Жарты ғасырдан бері осы Майтөбе ауылында тұрып келемін. Қазір жасым 75-те. Біз ұзақ жыл от жағып, күл шығардық. Үйді жылытудың, бала-шағаға ас қамдаудың қиындығын бір кісідей көрдік. Енді, міне, бұйырса, ауылымызға бірер жылда газ келетін болса, ол үлкен қуаныш. Енді жас отбасылар, ауылға түсіп жатқан жас келіндер қиналмай көгілдір отын жағатын болады. Осы жағы қуантады. Ауылдың қиын жағдайларына куә болдық. Енді, жақсылыққа қолы жетіп, көгілдір отын жағатын күніміз жақындай түскені жанымызды жадыратады. Осы жұмысты жүзеге асырған азаматтарға алғыс айтамын» десе, Қасқабұлақ ауылының тұрғыны Сулхаддин Мұстафаев: «Көгілдір отын туралы жобалық-сметаның мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алуы жағымды жаңалық. Ол іс алға жүреді, көп ұзамай біздің ауылда көгілдір отынның алауы жанады деген сөз. Мен осы Қасқабұлақта ұзақ жылдан бері тұрамын. Қазір зейнеттемін, ауылдастардың ортасындамын. Ауылға жасалып жатқан осындай қамқорлық үшін қуаныштымын», дейді.

Бұйырса, тұрғындардың бұл қуаныштары негізсіз де емес. Жақсылықтың жалауы көрініп тұрған сәт. Жоғарыда келтірген жобалар жүзеге асқан жағдайда, аталған ауылдардың тұрғындары көгілдір отынды толығымен тұтынатын болады.

– Аудан аумағын толық газдандыру – басты міндеттердің бірі. Жоспарланған жұмыстар мен жобалар толығымен іске асса, 2027 жылға қарай аудан тұрғындары табиғи газға қол жеткізіп, өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсарады, – дейді аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар