
Тоқтасын Дәукеұлы әзілкеш, әңгімешіл, көңілі кең кісі екен. 87 жасқа келсе де, өзі де, сөзі де ширақ, бөлмесінде кітаптар молынан. Өмірін еңбекпен өткізген ақсақалдың рухани серігі кітап болған. Тоқтасын қария тылда арба айдаған, қырманда тер төккен. Сәл есейе келе қызылшада еңбек етіпті. 1961 жылы Анаркүл Халыққызы екеуі отау құрған. Қазіргі таңда екеуінен 8 қыз, 2 ұл, 29 немере, 30 шөбере тарап отыр. Ақсақалдың кітапқұмарлығына, рухани байлығына еріксіз назарымыз ауды.
Отбасын асырау керек болған соң, Тоқтасын қария малға шығып кетті. Әуелі тоқты баға жүріп, малшылыққа бейімделді. Кейінірек саулық отар қабылдап, аға шопан атанды. Жалпы 30 жыл малда жүрсе, соның 25 жылында қой төлдету науқанын басынан кешкен. Жүз саулыққа 120 қозы берген. Кезінде осы аудандағы «Жамбыл» деп аталатын кеңшардың халық санында, мал санында көбейткен Тоқтасын атаны бұл күнде ауылдың бесіктегі баласынан еңкейген қартына дейін сыйлайды.
Біз барғанда қарияның алдында Абай Құнанбайұлының қарасөздер жинағы жатты. Кітапқа құштарлығы байқалып тұр. Әйтпесе, 87 жаста айналасына кітап жинамас еді. «Аға шопан болып, ұзақ жыл еңбек еттік. Мал жаюға шықсам жан жолдасым кітап, газет-журнал болды. Кітапты малға да алып шығып оқыдым. Малдан келген соң да оқыдым. Газет-журналды ең көп жаздырып алатын шопанның біреуі болдым. Ол кезде ферма басшылары да газетке жазылады. Мен әр жыл сайын өзімнің көңілім қалаған 3-4 газетті артық жаздырып алушы едім. Газет-журнал келген күн мереке. Осылай, газет, кітап оқумен «ауырдым». Оның тек пайдасын ғана көрдім. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин, Шерхан Мұртазаны қызыға оқыдық. Қазір де кітаптан қол үзген жоқпын. Кітап оқы деп біреу айтпаса да оқимын. Себебі, кітап – менің досым, өмір бойғы сырласым. Қазір Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлең жинақтарын қайталап оқып жатырмын. Біз де ақсақалмыз. Көпшілік бата сұрайды. Ақ бата, мақал-мәтел жинақтарына да назар аударып отырамын. Қария болған соң, үлгімізді көрсеткеніміз дұрыс қой. Ең байлықтың төресі – кітап», – дейді Тоқтасын Дәукеұлы.
Есет ДОСАЛЫ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қоғам қайраткерімен кездесу
- 18 ақпан, 2025
Ақпарат
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай облыстық семинар өтті
- 13 ақпан, 2025
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді