Аталмыш байқау ұлттық спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылып, қаламгерлер бірнеше аталым бойынша шығармаларын тапсырған болатын. Марапаттау рәсімінде қауымдастық президенті Исламбек Салжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға әрқашан шынайы ықылас танытып, айрықша қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ұлттық спорт, ұлттық тәрбиеде жазушылардың үлесі мен қаламгерлердің еңбегіне тоқталды. Ал, қазылар алқасының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов: «Бұл шара – ұлттық спортты насихаттап-жазып жүрген біздің ақын-жазушыларға рухани жақтан да, қаржылай да үлкен қолдау болды. Алдағы уақытта да осындай игі істерді бірлесе атқара береміз» деп сенім білдірді. Ал, жеңімпаздарға 2 000 000 теңге қаржылай сыйақыны құрайтын сертификат пен арнайы «ҚҰЛАГЕР» республикалық байқауының мүсіншесі мен дипломдар табысталды.
Бұл ретте жерлесіміз, белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин сайысқа «Ақбоз, көкжал, Жансая апа және төрт ноян» атты мифофантастикалық хикаятын ұсынған еді. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов бастаған қазылар алқасы фантастика жанры бойынша жеңімпаз деп таныған жерлесіміз бұған дейін де тың туындыларымен қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген. Сексеннің сеңгірінен асқан жазушының қаламы қарымды, жазуы ширақ. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап шығармашылықтың биік белесіне көтеріле бастаған Пернебай Дүйсенбин балалар әдебиетінде тыңнан түрен салып келеді. Оның туындылары бүгінге дейін бірнеше байқауларда жүлдегер атанған. Мәселен, ол Қазақстан Жазушылар одағы мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізген жабық бәйгесінің 1979,1980,1981,1986 жылдардағы лауреаты.
1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналы өткізген байқаулардың лауреаты. 2013 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің II орын жүлдесін, облыстық «Үздік журналист» конкурсының І жүлдесін иеленді. 2015 жылы «Есен-сау жүріңізші, асыл Ата» атты повесіне халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің Бас жүлдесі (Гран-при) берілді. Бүгінде қаламгер Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Көптеген жетістіктерінен бөлек, Пернебай Дүйсенбин өз туған топырағына да төл перзенті ретінде мол еңбек сіңірді. 1999-2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының депутаты бола жүріп саясатқа да араласты. Ауданның тарихын зерттеуде де Пернебай Дүйсенбиннің келелі еңбегін айтпай кетпеске болмайды. Тағылымға толы ғұмырын шығармашылықпен ұштастырған қаламгердің кезекті жеңісі жергілікті әдеби орта мен ұлт әдебиеті үшін толайым табыс екені сөзсіз.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді