«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ойранды» ойраны һәм Сұмқайттыдан Аңырақайға дейін

«Ойранды» ойраны һәм Сұмқайттыдан Аңырақайға дейін
Ашық дереккөз
Қазақ халқының қилы тағдырында ел есінде мәңгілікке сақталып, ұзақ уақыт аңыз ғып айтып жүретін тарихи жер атаулары жиі кездеседі. Мұндай ономастикалық атаулар өңірімізде де жетіп артылады. Олардың басым көпшілігі тарихи тұтастық пен елдік үшін болған шайқастар мен ұрыстарға қатысты екені белгілі. Осындай саяси маңызы бар орындардың бірі «Әулиеатаның қасиетті орындары» тізіміне енген – Ойранды даласы.

Ойранды жері Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тұсындағы тау шатқалына кіреберістегі жазықты алқапты алып жатыр. Халқымыздың жер, тау, өзен, көл немесе басқа да дүниелерге ат қойғанда оның белгілі бір сыртқы көріністеріне немесе себеп-салдарына, мағынасына қарап қоятындығы ертеден-ақ белгілі. Сондықтан да бұл аумақтың «Ойранды» деп аталуы бекер емес. Ол қазақтың «ойран болды, ойраны шықты» деген сөздермен мағыналас. Ескіден жеткен аңыз-әңгімелерде бұл дала қалмақтардың қазақтардан жеңіліп, ойраны шыққан жер деп аталады.

Тарихқа үңілсек, 1652 және 1723 жылдар аралығында әр жерде ірілі-ұсақты қалмақтармен қақтығыстар болып тұрғаны белгілі. Ол алғаш Сарысу ауданының аумағындағы «Айран төгілген» және «Қалмақ қырылған» деген жерлерінде болды. Осы ұрыс жоңғар езгісінде болған бүкіл қазақты яғни үш жүзді түгел атқа қондырды. Сөйтіп, үш жүздің қолы түгел Әбілқайыр ханның қол астына бірігіп, Әбілқайыр даласына жиналады. Қазақ қолы Құмарық маңындағы Жасақ деген жерге туын тігіп, қалың жаудың бетін Сұмқайттыда қайтарады. Қазақ қолынан ойсырай жеңілген қалмақтарды қазіргі Жаңатұрмыс ауылының Меркі ауданымен шектесетін жеріндегі Ойранды шатқалында найзасын түйреп, қылышын білеп Сәмен батыр жасағы қарсы алады.

Жау қолы осы тұсқа келгенде қынадай қырылады. Ұрыста Сәмен батырдың садақшылары мен Тоғызақ батырдың әбден машыққан аттылы әскері Ойранды шатқалында жауға бетпе-бет қарсы шығады. Жау қолы қазақ жасағынан оңбай соққы жейді. Сөйтеді де, «Молалы» сайды көздей «Көтенүзбе» асуына шығып кетуді ойлайды. Алайда, Әбілқайыр хан бастаған үш жүзінің қолы келіп килігіп, жауға бет қаратпай оқ боратып, қарсы шабуылға шығады. Жоңғарлар бұл жерде де жеңіліс тауып, кейін шегінеді. Жау әскерінің көп өлгені соншалық кейін бұл терең сайды жұрт «Молалы сай» атап кеткен. Тарихшылардың болжамынша, қазір де оның кез келген тұсына күрек сүңгітсеңіз жоңғар сарбазының қурап қалған қу сүйегінің үстінен түсуге болады. Өйткені, жоңғарлар тасқа, яғни пұтқа табынған, оларды жерлегенде де тігінен, отырғызып, кеудесіне екі қолын тигізіп қойып жерлеген.

Сонымен, жоңғар жасағы барлық күшін Ойранды шатқалында тосқауылда тұрған қазақ әскеріне салады. Сөйтіп, жау шатқалдағы шепті бұзып, өтіп кетеді. Алайда, Ойранды шатқалы Ақ сарай деген жерге барғанда екіге бөлінеді. Жау қолының Көтенүзбе асуына өтіп кетпеуін алдын ала болжаған қазақ қолбасшысы Әбілқайыр хан асуға баратын жолды бекітіп тастайды. Амалы қалмаған жоңғарлар тұйық шатқалға бірін-бірі таптап, баса көктеп енеді.

Ойранды аумағындағы соғыс алаңында ірі-ірі тастар қатарынан тізбектеліп қойылған. Осы өңірдегі жергілікті халықтың аузында сақталған естеліктерде тізбектеліп қойылған тастар жоңғарлармен соғыс кезінде жау аттарының екпінін қайтару үшін қойылған деседі. Ел аузында кең таралған әңгімелердің бірінде қалмақтар осы Ойранды даласында жеңіліп, асудан қашқан дейді. Асуға барар жол қазақтардың қолында болғандықтан, «Қаратас» жанындағы бітеу шатқалмен қашуға тура келген. Асу құз, жартасты болғандықтан, тұрып қалады. Қашарға жер таппаған жау әскері ойраны шығып жеңілген деседі.

Ойранды ойраны сөз болғанда тарихи жерлер қатарында Қарақыстақ елді мекенінің маңындағы Қалмаққия асуы да қатар аталады. Аңызға сенсек, мұнда қазақтың қалың қолынан қашып келе жатқан жау әскерінің барымта малы өткен. Қашқан қалмақтың алдында қонтайшының ханшасы келе жатса керек. Қалың малмен тұйыққа келіп тірелгенін сезген ханша: «Мына жылқы ана бір боз биеден тараған, соны ұстап алып, шыңғыртып, құйрығына сиырдың қаудырлақ қоңын байлап, тіке құзға салыңдар! Бізге басқа жол жоқ» дейді. Сөйтіп, асу бермес жақпар тасты құздан дүркірей құлаған жылқы қия-қия жол салып, қашқан қалмақ Қарақыстақ даласына шықса керек.

Жазушы Әбіш Кекілбаев бұл жайында: «Қалмақпен шешуші соғыс Жамбыл облысы, «Тұтқынсай» деген жерде болған. Бұл жер Әулиебұлақ жеріндегі қазіргі «Ойранды», – деп баяндайды. Бүгінгі таңда шатқалдың етегінде «Әулиебұлақ» деп аталатын бастау ағып жатыр. Мұнда жергілікті халық жиі келіп бұлақтың көзін ашып, Сәмен батыр ту тіккен мекен деп құрметпен қарайды.

Осылайша, Сарысудан басталған қасап қырғын, Сұмқайттыда, одан әрі Ойрандыға ұласып, күллі қазақтың тағдырын шешкен Аңырақайға барып тіреледі. Талай жылдарға созылған қалмақтың езгісінен бүкіл қазақ елін азат еткен шайқаста Әбілқайыр хан бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарға ойсырата соққы беріп, тарихи бетбұрыс жасайды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар