Еске алу кешін филология ғылымдарының кандидаты, ғалымның шәкірттерінің бірі Темірбай Мұқашев жүргізіп отырды. Басқосуға онлайн қосылған белгілі азаматтар да аз болмады. Мәселен, филология ғылымдарының докторы, профессор Ислам Жеменей ғалыммен 35 жыл бірге ізденгенін айта келіп: «Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханұлы, Мекемтас Мырзахметұлы – Абайтанушы алып үш бәйтеректер, біздер сол үш бәйтеректің бұтақтарымыз» деп баға берді. Тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан: «Менің 4 жыл өмірім Тараз қаласында Мекемтас ағаның қасында өтті. Ол кісі менің жетекшім болды. Ғылым үшін қиындықтың бәріне бара алатын қайсар жан» десе, жазушы, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпіш: «Абайды 30 жылдан астам зерттеп, әдебиет тарихына сүбелі үлес қосты. Батыр Бауыржан Момышұлының 30 томдығын шығаруда еңбегі орасан. Мекемтас Мырзахметұлы – әлем түркологиясындағы даңқы биік тарихи тұлға», – деді. Онлайн байланыс арқылы ғалымның үлкен ұлы Болат Мырзахметов пен Жанна Мекемтаскеліні барша ғалымдарға, ғалымның шәкірттері мен жамбылдық зиялы қауымға үлкен ризашылықтарын білдірді. Бауыржан Момышұлы атындағы әскери училищенің маманы, қаламгер Байболат Маймақов ғалымның көп жақсылығы мен өнегесін көргенін айтып, аталған оқу орнының 200 орындық дәріс залына Мекемтас Мырзахметұлының есімі берілгенін айтты.
Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан: «Мен Мекеңмен 2000 жылы таныстым. Облыстық «Aq jol» газетінің басшылығы Таразға оралған ғалымнан сұхбат алуды тапсырды. Сол сұхбат, өзара әңгімелесу екеуміздің арамызды жақындатып жіберді. Ол кезде 55 жаста едім. Кітаптарым шығып жүрген. Бірақ, Мекемтас ағаймен кездесуім менің жаңа шығармаларыма оң әсерін берді. Мен басқаша ойланып, басқаша ізденетін болдым. Мекемтас ғалымның да өзгелерден ерекше екенін байқадым. Ол уақытта менің ғалым таныстарым да аз емес еді. Бірақ, Мекемтас аға басқа, терең. Әділ жүрді. Ғылымға адал болды. Мінез танытты. Нашар оқитын студенттерге дұрыс баға қоймағаны үшін пәтерінен де айырылды. Бірақ, бірбеткейлігінен танған жоқ. Сол мінезі оның үлкен сәтті қадамдарына жол ашты. Ол «Толық адам ілімі» арқылы тереңдігін танытты. Тараз қаласында да ғылыми орта жасап кетті. Енді сол шәкірт ғалымдарының бір-бір Мекемтас болуына тілектеспін», – десе, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ: «Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде білім алып жүргенімде 1975 жылдары Мекемтас аға бізге лекция оқыды. Лекциясы жан-жақты, терең. Сол кездегі сөйлеу мәнері өмірінің соңғы күндеріне дейін сақталды. Мекемтас ағайдың шәкірті болып, лекциясын тыңдағанымды мақтан етемін. Жақында басылымдарға берген қоштасу сөзімде «Шын ғалым еді» дедім. Мекемтас ағай ғылымның жолында тұрақты еңбек еткен, Ясауи, Абай, Шәкәрім, Бауыржан Момышұлы секілді ірі-ірі тақырыптарға барған шын ғалым болды. Қазіргі ғылым жолына түсетін жастарға ірі тақырыптарға баруға кеңес берер едім. Осы жиын барысында Ираннан, Қытайдан келген ғалым бауырларымыз Мекемтас Мырзахметұлын ұстазымыз деп толғанып жатыр. Бұл ғалымның әлемдік деңгейге көтеріліп кеткен дара тұлға екенін көрсетеді», – деп толғанды.
Іс-шара барысында бейне экраннан Мекемтас Мырзахметұлының 80 жылдық мерейтойындағы сөйлеген сөзі, өзінің білім алған мектебіне, туған ауылына барған кездері, ғылымға қатысты пікірлерінен үзінділер беріліп отырды. Ғалымның: «Бауыржан Момышұлының бір арманы Тәуелсіз қазақ елін көру еді. Қазір сол еркіндігімізді алдық. Еркіндіктің барлық құндылықтары қалыптасып келеді. Жастар жаңаша ойлап, жаңа қадамдар жасап жатыр. Білімді жастар барда болашағымыз жарқын, ғылымымыз биік белесте болады» деген ойларын толқымай тыңдау мүмкін емес.
Жиынды түйіндеген ректор Мұхтар Қазыбекұлы: «Мекемтас ағаны зерттеу енді басталады. Ол жұмысқа осы шәкірттері түгел үлес қосуларыңыз керек. Ғалымды соңғы сапарға шығарып салу жиынына барғанымда бір кісілер менен : «Ол кісі ғылымға қанша кісіні тартты?» деп сұрады. Мен шамалап: «Оннан астам ғылым докторы, жүздей ғылым кандидатына жетекші болды», деп жауап бердім. Негізі ол кісінің жетекшілігімен ғылымға келгендер бұл көлемнен едәуір көп болуы мүмкін. Сондықтан, келесі басқосуда Мекемтас Мырзахметұлының ғылыми еңбектері мен жанашырлығы туралы нақты дерек, нақты мәлімет бойынша айтуға тиіспіз. Сіздерді осы бағытта ізденуге шақырамын», – деді.
Мекемтас Мырзахметұлы туралы ізденіс жұмыстары енді басталып, ғалымның мұрасы халықтың алтын қазынасына айнала беретіні анық.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Көлік инфрақұрылымын жаңарту қарқынды
- 28 қаңтар, 2025
Адал еңбекті атадан балаға ұстаным еткен әулет
- 28 қаңтар, 2025
Ақпарат
Ұстаздық деген ұлы жол
- 21 қаңтар, 2025
Таразда ҚАЖ департаменті жыл қорытындысын жасады
- 16 қаңтар, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді