«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отбасы мәселесі — ортақ жауапкершілік

Отбасы мәселесі — ортақ жауапкершілік
Ашық дереккөз
Уақыт ағымы алға қарай жарық жылдамдығымен зырғыған сайын замана көші де, ондағы сан ғасырлар бойы бұлжымай келе жатқан ұлттық құндылықтар да түрліше құбылып келеді. Бұған тойтарыс беретін мықты сана, мығым болмыс жоқ секілді. Өкінішке қарай, қазір ел ішінде үй болмай жатып ұясы бұзылған жас отбасылар көп. Ал оларға тағылым айтар үлкендер де даналық үдесінен шыға алмай жататыны жасырын емес. Осы бір күрмеулі мәселені сан қырынан саралап, екі буын арасында сабақтастық орнату үшін «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Отбасы берекесі — имандылықта» тақырыбында жас отбасылармен кездесу өтті.

Тәлімі мен тағылымы мол шараның басты мақсаты – бұғанасы енді бекіп жатқан, шаңырақтарын кеше ғана көтерген, өмір өзенінің асау толқынына төтеп беруде тәжірибелері жетпей жатқан жас отбасыларға кеңес беру, ұлттық құндылықтар негізіндегі тәлім-тәрбиенің маңызын арттыру, қоғамның ең маңызды әлеуметтік институтына құрмет көрсету болды. Кездесуді облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Миллионов алғысөзбен ашып, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Зәуре Тұрғынова кіріспе сөз сөйледі. Аталмыш шараны «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали жүргізіп отырды.

– Біздің биылғы жоспарымызда жетпістен астам іс-шара бар. Бірақ, жыл басындағы алғашқы шарамызды «алдымен иманымызды түгендейік, содан кейін басқа тақырыптарға көшеміз» деген оймен имандылық тақырыбын талдап отырмыз. Былтыр облыста 880 қыз бала кәмелетке толмай тұрмысқа шығыпты. Бұл цифрлық көрсеткіштер ғана. Ал дәрігерлердің ақпараты бойынша кәмелетке толмай жатып жүкті болған қыз балалар саны одан көп. Бір мәрте түсік жасатқан әйелдің екінші рет бала көтеруі, дүниеге дені сау, аяқ-қолы бүтін бала әкелуі де неғайбыл. Өмірге өрімдей кезінде сәби әкелу – қыз баланың денсаулығына үлкен зардаптар әкелуі мүмкін. Осында өмірдің үлкен белестерін бағындырған үлкендер, жаңа отау құрған жастар отыр. Сіздер «біздің балаларымыз ер жеткенше бұл мәселе әлі алыс» демеңіздер. Айналаларыңызда сіңілдеріңіз, жігіттердің қарындастары бар. Әркім өзінің шаңырағындағы адамға ие болуы тиіс деп ойлаймын, – деді мекеме басшысы.

Бұдан соң сөз М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының төрағасы Бақыт Әлмұратов қазіргі қоғамдағы отбасында кездесетін түйіткілді мәселелерге шолу жасады.

– Қазір ел ішінде кәмелетке толмай жатып, ерте тұрмыс құру фактілері өте көп. Ажырасу статистикасының ұлғайып кеткендігінің басты себептерінің бірі осы. Бұл Қазақстанда ғана қалыптасып отырған жағдай емес. ЮНИСЕФ дерегі бойынша әлемде 650-ден астам әйел ерте тұрмыс құрады екен. Жыл сайын кем дегенде 12 миллион қыз, яғни әр минут сайын 28 қыз кәмелетке толмай шаңырақ көтереді. Дамуы артта қалған елдерде бұл көрсеткіш тіпті жоғары. Қыздардың қырық пайызы кәмелетке дейін, ал 12 пайызы тіпті 15 жасқа толмай табалдырық аттайды. Бұл үрдіс Қазақстанда да бар. Өңірлерге бөлетін болсақ, қыздардың ерте тұрмыс құру статистикасы Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары үштікке еніп отыр. Мұндай сұмдық статистиканы болдырмау үшін ең бірінші отбасындағы тәрбиеге мән берілуі керек. Әсіресе, жастар осындай мәліметтермен танысып отыруы тиіс. Ұлттық санамызды оятқан жөн, – деді Бақыт Темірханұлы.

Әрі қарай келелі сөздің кезегі облыс әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» инспекторы Нұрдос Рахымжанға беріліп, ол «Қазақ даласындағы отбасы институты» тақырыбында баяндама жасап, отбасы құндылықтарына қатысты халқымыздың тарихы мен дәстүрлерінен мысалдар айтты.

– Басқарма былтырғы жылды «Дін және дәстүр жылы» деп жариялаған болатын. Биыл «Ислам және отбасы» жылы болып бекітілді. Осыған орай басқарма мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттер, имамдар ислам негізіндегі отбасы құндылықтарын насихаттау жұмыстарын бастап кетті. Жалпы, отбасы мәселелеріне тек қоғам ғана емес, әр отбасының әрбір мүшесі бір кісідей мән берсе екен дейміз. Әр адам жауапкершілік сезіне білуі тиіс. Әке өзінің, ана өзінің міндеттерін толықтай сезінсе көп мәселенің алдын алған болар едік. Қазір материалдық дүниеге көп көңіл бөлінетіндіктен, рухани, дәстүрлі құндылықтар ескерілмей жатады. Мұндай құндылықтарды қайдан аламыз? Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз, оның ішінде жыраулар поэзиясы, аңыз-әңгімелер құндылықтарға толып тұр. Тек осыған мән беру керек, – деді маман.

Өнегелі әңгіменің ауаны «Әулие-ата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаевқа бұрылып, ол отбасында ерлі-зайыптылардың бақытты әрі тату болу жолдарын санамалап көрсетіп, өзінің ой-пікірін ортаға салды.

– Қазіргі таңда отбасында ата-аналар бала алдындағы міндеті мен қандай тәрбие беру керектігін, одан бөлек өз құндылықтарын білмей жатады. Өткенімізге үңілсек қазақ халқы баласын сәби күнінен тәрбиелеуге ерекше мән берген. Екі жас бас қосарда «бірінші біліс» дейді. Одан соң «екінші біліс», содан кейін «табыс» дейді. Біз мешітте неке қиямыз. Неке қиюға келген жастар бақыттан бастары айнала жаздап келеді. Ал, алты айдан кейін қарасаң бір-бірін ғайбаттап жүргендерін көріп, қынжыласың. Сондықтан, отбасында берекелі шаңыраққа айналудың алғы шарты – адал жар таңдау. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге жар таңдауда нені ескеру керектігін баяндап, былай дейді: «Әйелдерге тек әдемілігіне қарап үйленбеңдер. Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап та үйленбеңдер. Өйткені, байлығы шектен шығуына себеп болуы мүмкін. Әйелдерге имандылығына қарап үйленіңдер. Өйткені иманды күң болса да артық», – деген. Сұлулық та, байлық та өткінші. Алайда иманы онымен бірге болады. Отбасында бақыт, байлық, дүние-мүлік, үй-жай, барлығы табан астында беріліп кетпейді. Бәрі берден бола салмайды. Үлкендерімізден сұрасаңыздар бір үйде бірнеше отбасы қатар тұрған замандар өткен. Қазір бір үйде екі келіннің басы сыймайды. Сондықтан, бір-біріміздің қадірімізге жете білейік, – деді бас имам.

Одан әрі «Ана үйі» қоғамдық қорының координаторы Айнұр Ажибекова жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі – отбасы екенін айта отырып, өз ойларын ортаға салды. «Қазақстан» ТРК Жамбыл облыстық филиалының редакторы Қасымжан Байкүшіков БАҚ-тағы отбасы мәселесіне арналған бағдарламаларды тілге тиек етіп, өнегелі отбасы моделіне сүйене отырып, шаңырақ шаттығын кіргізу әр адамның ізгі міндеті екенін алға тартты. Пікір алмасу алаңында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі «Аналар алқасының» төрайымы Хадиша Оспанова, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сейсекүл Исматова, ардагер ұстаз Кәмилаш Ахметжанова, «Руханият, талдау, ақпарат және мониторинг орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Үртай Сапақова жас отбасылармен өз тәжірибесімен бөлісіп, отбасы құндылықтарын сақтау бойынша пікірлерін ортаға салды. Жастар да үлкендер ұлағатын ұйып тыңдап, шара соңында өзара пікір алмасты.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар