«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бір ауылдың әжесіне айналған

Бір ауылдың әжесіне айналған
Ашық дереккөз
Елде демография жақсарған сайын мүмкіндіктер де молаяды. Әр ауылда алтын құрсақты ардақты аналар аз емес. Баланы жарық дүниеге әкелу бар да, олардың тәрбиесіне көңіл бөлу өз алдына бөлек мәселе. Ауылдағы балалы үйлерде еркелейтін кезде еркелеп, жұмыс істеп, білімге ұмтылып өскен перзенттердің көбісі жақсы мүмкіндіктерге қол жеткізетінін уақыт талай рет дәлелдеген. Сондай ұлағатты жанның қатарына бір ауылдың әжесіне айналған, «Алтын алқа» иесі, тыл ардагері Маржан Жомартбекованы қосуға болады.

18 жасында келін болып түсіп, 12 ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Өмірлік жары Ағабек Жомартбеков кеңшарда есепші болып істейтін кең пейілді, сабырлы кісі болыпты. Бірақ, ердің жасы елуге де жетпей, сырқаты меңдеп, өмірден қайтқан. Ол кезде балалардың біразы жас. Оңы мен солын танымаған. Батыр ана Маржанның жасы сол кезде 35-тер шамасында. 35 жасында 12 перзентпен жесір қалудың азабын басынан кешкен аналар ғана білетін шығар, сірә. «Әйелдің қырық жаны бар» деп жатады, Маржан да мойымады. Бұрыннан ауылдың түрлі жұмыстарына белсенді араласып жүретін. Енді арқасүйер азаматы болмағандықтан, өзі білегін түріп жұмысқа араласты. Қызылшада істеді. Кеңшар, аудан аумағындағы озат қызылшашы қатарына ілікті. Атағын шығарайын деп емес, 12 ұл-қызды жеткізу үшін тер төкті. Соларды қатарынан кем қылмау үшін бейнеттен қашқан жоқ. Кеңшардың ауыр жұмысы өз алдына, үйге келген соң да әйел адамға тыным бар ма? Батыр ана қиын жылдарды басынан осылай өткерді.

«Отыз күн оразаның бір айты бар» демекші, ауыр жылдар да артты қалды. Ұл есейіп, қыз бой жетті. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, Маржан ананың да арқа басы кеңіді. Презенттерінің ішінде Оразхан, Қалбибі, Қарлығаш ұстаздық жолды таңдаса, Уалихан мен Батырхан – көлік жүргізуші болып еңбек етті. Бүбіхан, Әбілхан, Ақмарал есепшілік қызмет атқарып, әке жолын жалғады. Батихан – шаруа қожалық төрағасы болса, Батырханы – кәсіпкер, Қуанышы – қойма меңгерушісі, Эльмирасы – мейірбике. Дәрігер Нағима, әкімшілік маманы Күлімшаш бастаған келіндері де әженің қолын жылы суға малып, бар жағдайын жасап отыр. Бұл күндері айналасы бақытқа толған ана 12 перзентінен 21 немере, 37 шөбере сүйіп, ормандай қалың ұрпақтың ақылшысына айналды. «Басымыздан қиын күндер де өтті. Соғыс кезінде кішкентай едік. Сонда да аталарымыз бен апалардың, аналардың үрейленген, жеңіс жолында жан аямай тер төккен сәтін көрдік. Ендігі жас ұрпақ жаманшылық көрмей, бақытты күн кешсін» дейді 88 жастағы Маржан әже. Ал, ауылдық округ әкімі Нұрсұлу Дүзеева осындай ардақты әжелер мен аталардың шаңырағына жиі барып, жағдайларын біліп, баталарын алып тұратынын айтады.

Маржан Сейітжанқызын бүкіл Ақбастау ауылдық округінің үлкен-кішісі тегіс сыйлайды. Себебі, оның тұла бойы толған тағылым.

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар