«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Абай колледжінде Пушкин оқулары өтті

Абай колледжінде Пушкин оқулары өтті
Ашық дереккөз
Облыс орталығындағы іргелі оқу орындарының бірі – Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту, дарынды жастарға қолдау көрсету және славян халықтарының мәдениеті мен әдебиетін кеңінен насихаттауға бағытталған Пушкин оқулары байқауы өтті.

Жамбыл облысының техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығымен бірлесе ұйымдастырылған әдеби іс-шараға өңіріміздің түкпір- түкпірінен келген талантты жастармен қатар аймақтағы қазақ және орыс тілдерінде білім беретін колледждердің І және ІІ курс студенттері де қатысты.

Іс-шараның шымылдығы Пушкин поэзиясына шолу жасаумен түрілді. Бұдан кейін, қатысушылар ұлы ақынның шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде мәнерлеп оқыса, ақын шығармаларына жазылған әндер мен романстар көпшілік назарына ұсынылды. Үлкен өмірге енді ғана қадам басқан студенттердің өлеңді түсініп оқуы әрі жүрек сүзгісінен өткізіп жеткізуі жиналған қауымды бірден баурап алды. Осылайша, қазылардың бірауыздан шешімі негізінде Гүлханым Хазиева (Қордай «Береке» гуманитарлық- техникалық колледжі) мен Нұржан Шайхысламов (Құлан агротехникалық жоғары колледжі) аталған байқаудың жеңімпазы деп танылды. Ал, жүлделі ІІ орынға Руслана Райымбекова (Қордай ауыл шаруашылығы колледжі) және Камила Гимаева (Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі) ие болды. Сондай-ақ, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің қос студенті Мадина Мұхамедьярова мен Нұрсұлтан Жұмасіл үздік үштікті түйіндеді. Басқосу соңында іс-шараны өткізуге атсалысып, белсенділік танытқан қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, уақытында халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі – Абай Құнанбаев Пушкиннің өлеңдерін шеберлікпен аударып, қазақ тілінде сөйлеткені белгілі. Өз кезегінде қазақ әдебиетін жаңа ой орамымен байытқан хакім Абай сенімді жолбасшысы болған Александр Сергеевичтің ең таңдаулы туындысы «Евгений Онегинді» аса жоғары бағалады. Демек, идеялық және творчестволық тұрғысынан қарағанда Пушкин де Абай сияқты қалың жұртқа ортақ халықтық ақын. Осы тұрғыдан алғанда поэзия алыбы, таңғажайып тұлға А.Пушкиннің шығармалары өлеңсүйер қазақ жастарына да жат емес екені айдан анық.

 

Айымгүл СЕЙСЕНБАЕВА,

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ұқсас жаңалықтар