«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шекара шебінде – қырағы күзет

Шекара шебінде – қырағы күзет
Ашық дереккөз
Егемен еліміздегі тыныштықтың кепілі – шекарамыздың қырағы күзетілуі. Мұндайда Отанды қорғап, күндіз-түні көз ілмейтін шекарашылар еңбегінің маңызы зор. Бір анығы, жүректілікпен қатар, жылдамдықты қажет ететін бұл қызметті нағыз ерлер ғана абыроймен атқара алады. Бұл ретте жамбылдық шекарашылар да өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарып, ата-бабадан аманат етілген ұланғайыр өлкемізді кірпік қақпай күзетіп келеді. Ұлу жылын сәтті қорытындылаған шекарашылар есепті кезеңде бірқатар заң бұзушылықтардың алдын алып, ауқымды операцияларды нәтижелі орындады.

Қазақст ан Ре спубликасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік шекарасын қорғау және оның бұзылуына жол бермеу мақсатында былтырғы жылы бас-аяғы 7 шекаралық операция ұйымдастырылған. Дәл осы операциялар барысында шекара тәртібін бұзған құқық бұзушылардың әрекеттері дер кезінде анықталып, заңсыз әрекеттердің жолы кесілген. Сонымен қатар, бұл кезеңде шекара аумағында 700-ден астам рейдтік іс-шара өткізіліп, жасырын қару-жарақ пен оқ-дәрілер қоймасы табылған. Бұдан бөлек, Қазақстан мен көршілес Қырғыз елінің арасындағы мемлекеттік шекараның ерекше маңыздылығын ескере отырып, шекараны күзету күшейтілген. Нәтижесінде Қырғыз елінен Қазақстанға заңсыз өтпек болған 600-ге жуық адам құрықталған. Айта кетейік, ұсталғандар шекара заңнамасын бұзып, ел аумағына рұқсатсыз енуге әрекеттенген.

Жалпы, шекараның бұзылуы – тек құқықтық емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық қауіп төндіретін фактор. Бұл мәселелерді шешуде біздің шекарашылар өздерінің кәсіби шеберлігі мен ұқыптылығын көрсетуде. Әрбір шекара бұзушы ұсталғаннан кейін оның әрекеті жан-жақты тексеріліп, заңсыз іс-әрекетінің ауыртпалығына қарай тиісті жауапкершілікке тартылады. Десе де, шекаралас елмен өзара ынтымақтастықты нығайтуда да маңызды рөлге ие. Өткен жылы Қырғыз елімен бірлесе отырып, 463 рет шекара күзеті ұйымдастырылса, 456 кездесу өткізілген. Басқосулар барысында екі ел арасындағы шекаралық мәселелерді шешу және өзара сенімді арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу пысықталған.

Шекара қызметінің тағы бір маңызды бағыты – экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өткен жылы шекарадан заңсыз тауар айналымына жол бермеу бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген. Өткізу пунктерінде есірткі заттары бойынша 51, қару-жарақ пен оқ-дәрілер бойынша 34 және діни әдебиеттер бойынша 82 дерек тіркелген. Сонымен қатар, қос азаматтық бойынша 96 факті анықталған. Ал, жалпы құны 32 миллион теңгеден асатын жанар-жағармай материалдарының 1 662 дерегі тіркелген. Сондай- ақ, тұтыну тауарлары бойынша 1 356 дерек тіркеліп, заңсыз айналымдағы тауарлардың жалпы құны 4,5 миллиард теңгеден асқаны анықталған.

Қорыта айтқанда, шекара қызметінің жетістіктері тек сандық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Бұл – шекарашылардың патриоттық рухы, өз қызметіне деген адалдығы мен болашақ ұрпаққа бейбіт өмір сыйлауға деген ұмтылысының бір көрінісі. Шын мәнінде, кез келген мемлекеттің тәуелсіз ел болуының басты шарты – сол мемлекетті қорғайтын айбынды әскерінің болуымен тікелей байланысты. Егемен ел атанғалы Қазақ жұрты ұзындығы 13 мың шақырымнан асатын байтақ шекарамызды қорғайтын әрі тыныштықты күзетіп, қоғамдық тұрақтылықты сақтайтын дербес Қарулы Күштер құруды мақсат еткені баршаға аян. Ал, шекарашыларымыздың бүкіл ел күткен үкілеген үміттің үдесінен шығып жатқаны қуантады. Бастысы, тәуелсіз Қазақстанның айбынды әскері жауынгерлік қабілеті жоғары және қуатты қорғаныс күшіне ие. Ұлттық әскердің ең жаңа үлгідегі техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы.

 

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар