«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғасырда бір келетін кемел тұлға

Ғасырда бір келетін кемел тұлға
Ашық дереккөз
Аты аңызға айналған тұлға, көрнекті қайраткер, ғалым, академик Дінмұхамед Ахметұлы ерен еңбегінің арқасында халық көсеміне айналды. Қанша биікке көтерілсе де, «билік пен атақ» ашса алақанында, жұмса жұдырығында болса да ешқашан халқынан өзін жоғары қоймаған өте қарапайым, халқының ардақты перзенті Дінмұхамед Ахметұлының өмірі ұлтқа үлгі.

Саналы ғұмырында тұнығы лайланбай, елінің өркендеуі үшін аянбай тер төккен тұлға. Күллі қауымның «Димаш аға» деп еркелетіп атауынан-ақ ол кісіге деген зор ықыластың бар екенін, көпшіліктің оған арқа сүйегенін аңғаруға болады.

Бүгінгі қазақ қоғамы Дінмұхамед Қонаевқа құрмет көрсету арқылы ұлтымыздың мәртебесін көтеріп, келешегіне сенім артары сөзсіз. Тәуелсіз Қазақстан әрқашан өзінің өткен тарихынан тағылым алады, өнегесін үлгі етеді. Ал, Дінмұхамед Ахметұлы өз заманында парасаттың үлгісін көрсеткен жан. Ол ба сқарған жылдары еліміздің экономикасы артып, ауыл шаруашылығы қарқынды дамығаны белгілі. Кеңес одағындағы он бес республиканың ішінде Қазақстан Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды иеленді. Алматының сәулеттік келбеті ерекше өзгерді. Ғылым, өнер, мәдениет жаңа биіктерге көтеріліп, руханият өркен жайды. Осының өзі Дінмұхамед Ахметұлының халықтың тұрмысын жақсарту жолындағы мызғымас мығым қайрат-жігерін көрсетеді. Экономиканы терең білуі мемлекетті басқару тәсілімен өзара сабақтасып, тығыз байланысқан адамгершілік қасиеті Дінмұхамед Ахметұлын әр қырынан ерекшелеп көрсетті.

Жалпы, бар ғұмыры туған Отанының гүлденуі мен халқының жағдайын жақсартуға, жігерлі жастарына қамқор болуға арнаған, байлық жинамай, ақ жағасына дақ түсірмей, қарапайымдылықты ту етіп өмірден өткен дарабоз тұлғаны қалай мақтасақ та жарасымды. Өйткені, профессор С. Әубәкіров айтқандай, ол «көзі тірісінде қандай абырой мен атаққа, бақ пен даңққа ие болса, дүниеден өткен соң да сондай құрметін жоғалтпаған, тарихта сирек кездесетін ұлы тұлғалардың бірі». Сондықтан әлі де Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімін ұлықтауға, оны дәріптеуге және оның халыққа жасаған еңбектерін кең насихаттау жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл ретте 2022 жылы қайраткердің туғанына 110 жыл толуына орай Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің ғимаратында ашылған Жамбыл облыстық тарихи- өлкетану музейіне қарасты «Д.А.Қонаев орталығының» қызметкерлері мектеп оқушыларымен, зиялы қауым өкілдерімен түрлі іс-шаралар ұйымдастырып өткізуде.

Өзінің мол білімі мен тәжірибесін, жеке өмірін тұтастай халқына арнаған, елін пір тұтқан Дінмұхамед Қонаевтай тұлғаның дүниеге ғасырда бір рет қана келетіні анық. Өз халқымен, туған елімен мәңгілік бірге өмір сүретін оның даңқты есімін келер ұрпақтың бойына сіңірсек, Дінмұхамед Қонаевқа деген адалдығымызды сақтап қалған боламыз.

 

Эра ЕЛТУЗЕРОВА,

«Д.А.Қонаев орталығының» маманы.

Ұқсас жаңалықтар