«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мал саны жағынан көш бастап келеміз

Мал саны жағынан көш бастап келеміз
Ашық дереккөз
Елді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы саласын, оның ішінде, мал шаруашылығын дамыта отырып, өнім көлемін арттыруға баса назар аударылып келеді. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуда түрлі бағдарламалар қабылданып, онда ветеринарияны дамыту, жоғары сапа стандарттарына қол жеткізу, азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері ерекше маңызға ие. Әсіресе, фермерлерге қаржылай көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, мал азығын өндіру, жылқы, қой шаруашылықтарымен қатар мүйізді ірі қара шаруашылығын дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын нығайту көзделген.

Елімізде ауыл шаруашылығы, оның ішінде, мал шаруашылығы – ата-бабамыздан келе жатқан ата кәсібіміздің бірі. Сондықтан, қажырлы еңбекті талап ететін мал шаруашылығы саласын тұрақты дамытудың шешуші факторлары – шаруашылықтарды білікті ветеринариялық мамандармен қамтамасыз ету және аса қауіпті індеттердің алдын алу болып табылады. Бүгінгі күні осындай мемлекеттік қолдаудың ықпалымен ауыл шаруашылығына деген бетбұрыс түзеліп, көптеген фермерлік шаруашылықтар, ет және сүт өңдеу кәсіпорындары, мал сою пункттері ашылып, жұмыс істей бастады.

Облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тұрғынұлының айтуынша, басқарманың Тараз және аудандардағы бағынысты ветеринария ұйымдары мемлекеттік тапсырыс бойынша жануарлардың аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық-диагностикалық іс-шараларды жоспарлы жүргізіп келеді. Сонымен қатар, кәсіпорындар шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болғандықтан, мемлекеттік тізілімге енбеген басқа да ауруларға қарсы (хирургиялық көмек, паразитарлық және жұқпалы емес, инвазиялық ауруларды емдеу, дезинфекция, дератизация жұмыстарын ұйымдастыру, т.б.) ақылы қызмет көрсетеді.

– Биыл ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жұмыстары аясында 1,5 миллион бас төл сырғаланып, деректер қорына енгізілді. Жалпы, 11 айда ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында барлығы 4,6 миллион бас ауыл шаруашылығы жануарлары тіркеліп отыр. Оның 534 мыңы мүйізді ірі қара, 3,8 миллионы қой-ешкі, 196 мыңы жылқы, 8 мыңы түйе және 5 мың бас шошқа бар. Облысымыз мал саны жағынан республикада екінші орында тұр, – дейді Олжас Тұрғынұлы.

Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс бойынша биыл бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар 11 айлық жоспарға сәйкес өз деңгейінде орындалған. Аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстарына 25,2 миллион манипуляция жүргізілген. Жыл басынан бруцеллезге тексеру үшін қан сынамасын алу бойынша 5,7 миллион манипуляция орындалып, диагностикалық тексерулер нәтижесімен бруцеллез ауруы анықталған 344 бас ауыл шаруашылығы жануары (мүйізді ірі қара – 86 бас, ұсақ мал – 258 бас) қолданыстағы Заң аясында санитариялық талаптармен сойылып, кезең кезеңімен қайта өңдеуге жіберілген. Ал облыс аумағында 4 ауру түрінен 15 ошақ, таратып айтсақ, 6-ы құтыру, 2-і бруцеллез, бір сібір жарасы және 6-ы энтеротоксемия анықталып, оларда карантин шаралары қойылып, бүгінгі күнге аурудың көзін жою және сауықтыру жұмыстары толық атқарылған.

Сонымен қатар, конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы облыс аумағында эндемиялық аймаққа енгізілген 46 елді мекенде 6,4 миллион шаршы метрді құрайтын 20297 аула мен қора жайлар, 156 мың шаршы метр буферлік аймақ және барлығы 506 мың бас ауыл шаруашылығы жануарларына үш кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

– Жануарларға жауапкершілікпен қарау заңы аясында аймақта тиісті түсіндіру, құлақтандыру жұмыстары тұрақты атқарылып келеді. Заң аясында қабылданған нормативтік құқықтық актілерге сәйкес облыс аумағында жануарларды есепке алу «IT-COR» ақпараттық жүйесімен атқарылуда. Бұл бағытта түскен өтініштерге байланысты жыл басынан бері 25885 қаңғыбас ит пен 374 мысық ауланды. Облыс аумағында иесіз қалған қаңғыбас жануарларды уақытша ұстауға арналған 11 панажай бар. Оның ішінде 3 панажай (Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аудандарында) жалдамалы ғимараттарда орналасқан. Биыл тиісті бағдарламалар бойынша қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды уақытша ұстауға, сәйкестендіруге, егу және зарарсыздандыруға, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын сәйкестендіруге 20,5 миллион теңге бөлінген. Бүгінде аудандарда орналасқан 160 ветеринариялық пункттердің ішінде ескі ғимараттардың орнына 2025-2026 жылдары 70 типтік үлгідегі ветеринариялық пунктті мал емдеу алаңдарымен бірге соғу жоспарланып отыр. Бірінші кезекте пилоттық режимде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында аталған типтік үлгідегі ветеринариялық пункт құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін іске қосылуы күтілуде. Осы бағытта ауылдық округтер аумағында орналасқан залалсыздандыруға арналған 41 биотермиялық «Беккер» шұңқырларына қажеттігіне қарай қосымша шұңқыр соғу келер жылдарға жоспарланып отыр.Сондай-ақ, қала мен аудандардағы ветеринариялық бөлімдері және құрамындағы ветеринариялық пункттердің материалдық-тахникалық базасын жаңарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Атап айтатын болсақ, былтыр қала мен аудандық ветбөлімдерге 10 УАЗ автокөлігі үлестірілді. Енді 2025 жылы қосымша 70 арнайы «ДУК», «УАЗ» және «НИВА» маркалы автотехникаларымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, - деді облыс әкімдігінің ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Тұрғынұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Ұқсас жаңалықтар