«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар – жасампаздық жолында

Жастар – жасампаздық жолында
Ашық дереккөз
Кез келген мемлекеттің діңгегі, тамырынан нәр берер қуатты күші – жастар. Жастарға көрсетілетін қолдау – мемлекеттің жарқын болашағына қарай бастайтын батыл қадам. Ал, бүгінгі күні облыста 355 мыңнан астам жас бар. Олар облыс халқының 29,1 пайызын құрайды.

Аймақта осы жастардың әлеуметтік және жеке дамуына жәрдемдесуге және жастар ұйымдарының қызметін қолдауға бағытталған 13 «Жастар ресурстық орталығы» қызмет етеді. Онда жалпы саны 423 қызметкер жастармен етене жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері «Жастар ресурстық орталықтары» тарапынан 2 732 іс-шара өткізіліп, оған 347 135 адам қамтылған. Аңғарғанымыздай жастардың қоғамға бейімделіп, мемлекетшіл азамат болып өсуіне мүдделі аталмыш мекеме өңірдегі жас буынның жалпы ахуалын бағамдап, олардың арасынан елін сүйген азаматтардың өсуіне, ұлт келешегі жолында қызмет етуіне тікелей атсалысып келеді.

Волонтерлық – ақжүрек қызмет

XXI ғасыр – ғылым мен білімнің заманы. Дарынды, талапты және еңбекқор, адал жастар – заманауи Қазақстанның жарқын келбеті. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Бұл тұрғыда жастар арасында волонтерлық қозғалыстардың ерекше қарқын алып келе жатқанын атап өткен жөн. Бұл ретте жыл басынан бері облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және «Қоғамдық келісім» КММ-нің бірлесе ұйымдастыруымен облыстық қан орталығында Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында және «1 наурыз – Алғыс айту күні» күніне орай жастар арасында «Шын жүректен!» атты донор болу акциясы өтті. Аталған акцияға 200-ден аса волонтер қамтылған. Сонымен қатар, наурыз айында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі мен облыстық Әділет департаментінің арасында салалық волонтерлікті дамыту, азаматтардың волонтерлік қызметке қатысуын кеңейту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Заң саласының өкілдері жастардың көкейлерінде жүрген адвокаттық көмек, жеке сот орындаушысы, нотариус, жалпы құқықтық қызмет көрсету бойынша жастарға арналған ақпараттық кеңес беру алаңдарын тұрақты түрде өткізуде. Жастар ресурстық орталығы жанындағы облыстық волонтерлік фронт-офисінің волонтерлерінің қатысуымен «Жылулық жастардан» атты көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға, қарияларға көмек көрсету арқылы 30-ға жуық қайырымдылық акциялары өткізілді.

Жастардың біріксе тау қопарарлық қуаты барын ел ішін су басып, бүкіл республикада төтенше жағдай жарияланғанда шын сезіндік. Су тасқынының алғашқы күндерінен бастап Жамбыл облысының волонтерлік фронт-офисі «Ұлттық волонтерлік желімен» және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп «Күшіміз – бірлікте!» акциясына белсенді қатысты. Облыстық волонтерлік фронт-офистің базасында өңірлерде су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында гуманитарлық көмек қабылдау пункті жұмысын жүргізді. Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау туралы ақпарат алғашқы күннен бастап медиа-волонтерлердің көмегімен әлеуметтік желілерде, түрлі мессенджерлерде белсенді түрде таратылып, тұрғындарды ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Яндекс.Карта» қосымшасында Тараз қаласы, Төле би даңғылы, 35 мекенжайында орналасқан облыстық волонтерлік фронт-офисі белгіленіп, қабылдау уақыты да көрсетілді. Сондай-ақ, волонтерлердің төтенше жағдайлар департаментімен өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, олармен тұрақты түрде байланыс орнатылды. Волонтерлер су басқан аймақтарға азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізуге, сондай-ақ гуманитарлық көмек жинау жұмыстарына қатысты. Зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмекті жинау және сұрыптаумен 60-тан астам ерікті жұмылдырылды. Кәсіпкерлер мен белсенді тұрғындардың ұйытқы болуымен гуманитарлық көмек және бірқатар қажетті тұрмыстық жабдықтар жиналды. Зардап шеккен өңірлерге Жамбыл облысынан Батыс Қазақстан облысына, Атырау облысына, Қостанай облысына 40 тонна, Ақтөбе облысына, Ақмола облысына, Қарағанды облысына, Солтүстік Қазақстан облысына 60 тонна, жалпы 360 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Су басу салдарынан экологиялық апаттардың алдын алу мақсатында елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы бастау алған болатын. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 148 іс-шара өткізіліп, 3 805 жасты қамтыды. Экологиялық акция барысында 17 916 ағаш көшеттері егіліп, 115 тонна күл-қоқыс шығарылды. Бұл акция бірқатар жастардың бойында қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыруға көп көмегін тигізді.

Одан бөлек, ағымдағы жылдың 29 тамызында облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі және Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» РММ арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында бүгінгі таңда салалық волонтерлік бағытын дамыту және өңір жастарын төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсетудің әдіс-тәсілдерін үйрету мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылуда.

Жастарды жұмыспен қамту –  негізгі міндет

Бүгінгі таңда Тараз қалалық «Мансап» орталығымен де белсенді түрде жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Жастар ресурстық орталықтары» мансап орталықтарымен бірлесе отырып 72 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырған. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерінде 1 327 жұмыс беруші мекеме қатысып, 4 101 бос жұмыс орындары ұсынылған. Нәтижесінде 134 жас – ақылы қоғамдық жұмыс орындарына, 5 жас – кәсіби оқытуға, 9 жас – әлеуметтік жұмыс орындарына, 127 жас – «Жастар тәжірибесі» жобаға, 141 жас – тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Сонымен қатар, жалпы 537 жас жұмыспен қамту шаралары бойынша кеңес алған.

– Жұмыс іздеп жүргендер үшін үнемі бірлескен бос орындар жәрмеңкесін өткізіп тұрамыз. Жәрмеңкелерде білім, кәсіпкерлік, өнеркәсіп салаларындағы бос жұмыс орындары ұсынылды. Мұнда әртүрлі кәсіпорындар мен ұйымдар жаңа қызметкерлерді табуға мүдделі. Жұмыс тапқысы келетіндер қажетті кеңестер алып, сұрақтарына жауап алып жүр, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев.

Биыл жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жасыл ел» жобасына жергілікті бюджет қаражаты есебінен 173,5 миллион теңге қарастырылып, 2 000 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жобасы өз жұмысын бастап, Тараз қаласы мен аудандарда жалпы 1 121 жас маусымдық жұмыстарға тартылған. Оның ішінде 54-і уақытша бос жүрген (NEET) жастар болса, 4-і пробация тізімінде тұрған жастар. Маусымдық жұмыстар барысында 966 900 шаршы метр аумақ тазаланып, 81,2 тонна күл-қоқыс шығарылып, 494 қураған ағаштар кесіліп, 4 354 ағаш көшеттері отырғызылған. «Жасыл ел» жобасын іске асыру және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы аясында 300 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған. Жас сарбаздар елді мекендер аумағында, Тараз қаласының «Тұңғыш Президент саябағы», «Жеңіс», «Денсаулық» және «Мамыр» саябақтарында және шағын аудандар ауласын, көшелерді, арық жүйелерін, каналдарды күл-қоқыстардан тазартып, тал далақтарын әктеп, көгалдандыру, сырлау жұмыстарын жүргізуде.

Аймақ мерейтойына жастар да үн қосты

Жастар Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында да бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырып, өңір тарихына бойлауды ұмыт қалдырмаған. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың 11-13 қыркүйегінде Әулиеата өңірінде туған өлкенің тарихы мен рухани құндылықтарын насихаттау мақсатында «Әулиеата жауһарлары» тарихи-танымдық экспедициясы өтті. Тарихи тағылымға толы экспедицияға өңірлік «Жастар ресурстық орталықтарының» мамандары, волонтерлер, тарих пәнінің мұғалімдері қатысты. Экспедиция барысында жастар ғасырлар куәсіне айналған ғажайып жәдігерлермен, аймақтың рухани брендіне айналған «Қарахан баба», «Айша бибі», «Бабаджа хатун», «Тектұрмас әулие» кесенелері мен Жуалы өңіріндегі Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мемориалдық үйі, Ұлт руханиятының асылы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйі және құпиясы құнды, тарихы сырлы Әулиебастау қалашығы мен «Көксай» шатқалына барды.

Бұдан бөлек Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында және Халықаралық қарттар күніне орай «Жан жылуы» атты жалғызбасты қарттардың тұрғын үйлерінің шаруашылық жұмыстарына көмек көрсету акциясы өтті. Аталған акцияға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов пен облыстық Жастар ресурстық орталығының мамандары, белсенді волонтерлер қатысқан. Сондай-ақ, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан құрылған волонтер жастар қарттардың үйлеріне көмек көрсетті. Үй аумағын тазалап, қоқыстарды шығарды. Жастар көптің көзін көрген асыл кісілердің алғысы мен ақ батасын алып қайтты. Ал, 9 қараша күні Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «85 игі іс-шаралар жоспары» аясында «Қайырымдылық – қарапайым іс» атты акция өтті. Акция барысында Тараз қаласында тұратын көп балалы және ерекше балалары бар аз қамтылған отбасыларға азық-түліктер табысталды. Демеушілер тарапынан қолдау тапқан қайырымдылық бағытындағы іс-шаралардың басы-қасында жүретін волонтер жастарға қала тұрғындары мен ата-аналар қауымы шынайы алғыстарын жеткізді. Ал 18 қарашада облыстың 85 жылдығы аясында «17 қараша – Халықаралық студенттер күні» мерекесіне орай «STUD FEST» атты бірінші курс студенттері арасындағы өнер фестивалі өтті. Аталған фестиваль оқу орнына түскен бірінші курс студенттерінің шығармашылық, белсенділік, көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қараша-желтоқсан айларында Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында және облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығының» құрылғанына 20 жыл толуына орай «Жамбылдың жастары жырлайды!» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраға қала мен аудандардан 13 жас ақын бақ сынады. Байқауда жас ақындар екі кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезең Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған өлеңдерге арналса, екінші кезеңде қатысушылар еркін тақырыптағы өлеңдерін оқыды.

Жастардың белсенділігі –  болашақтың берік іргесі

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, – Халықаралық жастар күнін жоғары деңгейде атап өту бойынша «JASTARMEN BIRGE» атты ұлттық жастар онкүндігі ұйымдастырылған болатын. Облысымызда Халықаралық жастар күнін атап өту бойынша арнайы жоспар бекітіліп, он күнге арнайы айдарлар қойылып, жоспар аясында ауқымды іс-шаралар жүргізілген еді. Осыған орай «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру мақсатында «Тарихқа тағзым» атты облыстық эко-турнирі өтті. Аталған эко-турнир онкүндік жоспарына сәйкес, «Қарахан баба», «Айша бибі», «Тектұрмас» кесенелерінің аумағында және Талас өзенінің бойында жүргізілді. Эко-турнирге өңірдегі «Жастар ресурстық орталықтарының» қызметкерлері, белсенді жастар және волонтерлер қатысты. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жалпы көлемі 400 шаршы метр аумақ тазаланып, 3 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған. Одан бөлек, облыстық қан орталығында «DENSAULYQ – ZOR BAILYQ» жобасының аясында «Шын жүректен» атты донор болу акциясы өтті. Акцияның басты мақсаты – жастарға қан мен оның компоненттерін қайта құю арқылы адам өмірін құтқарып, денсаулығына қауіп-қатер төнген жандардың өмірін ұзартуға мүмкіндік бар екендігін ұғындыру. Акцияға өңірдегі «Жастар ресурстық орталықтарының» қызметкерлері, облыстың белсенді жастары, қала тұрғындары және волонтерлер қатысты. Сондай-ақ, жастар мен қариялар арасындағы ұрпақтар сабақтастығы, ынтымақтастығы да бұл онкүндіктен тысқары қалған жоқ. Жастар онкүндігінің «MEIIRIMDILIK MEKENI» жобасы аясында «Ұрпақтар ізімен» атты ардагерлер мен жастар арасында шахматтан, тоғызқұмалақтан, дойбыдан турнир өтті. Тарихи фильмдер арқылы жастардың бойында ұлттық сананы және тарихи білімді қалыптастыру мақсатында отандық фильмдердің ашық аспан астында көрсетілімі өтті. Фильмнің көрсетіліміне жиналған жастар белгілі режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» атты көркем драмалық фильмін тамашалады. Сонымен қатар, қазақ кинематографиясының майталманы Шәкен Айманұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Қазақ кино әлемінің Шәкені» атты кездесу өтті. Аталған кездесуге қадірлі қонақ ретінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Шәкен Аймановтың фильмдерін дубляждаған өнер майталманы Майра Әлімбетова қатысты.

Үздіктер анықталған жыл

Ағымдағы жылы жастардың шығармашылық деңгейін, өзінің кәсіби бағыт-бағдарын жетілдіру мақсатында, өз ісінің шеберлерінің нағыз байқауы «ПРОФИ – 2024» кәсіби жастар байқауы өтті. Аталған байқау облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен 17 жылға жуық өткізіліп келеді. Аталған байқауда «Үздік кондитер», «Үздік визажист», ерлер арасында «Үздік шаштараз», әйелдер арасында «Үздік шаштараз», «Үздік қолөнер шебері» номинациялары бойынша облыстың кәсіби жастары өз шеберліктерін сынға салды. Жоғары деңгейдегі мамандар, тәуелсіз сарапшылар, өз құзыреттерінде өндірістік, практикалық тәжірибесі бар қазылар алқасы байқауға қатысушы кәсіби мамандарды жұмыстың күрделілігі, үйлесімділігі, орындалу техникасы мен орындаушының жылдамдығына қарай бағалап, әр номинация бойынша үздік орындаған І, ІІ және ІІІ орын иегерлеріне ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар, ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ, 3 желтоқсанда «AULIEATA CAMP» атты облыстық жастар спартакиадасы өтті. Спартакиадаға қатысушылар ерлер арасында футбол және әйелдер арасында волейбол ойындарынан сынға түсті. Спартакиаданың қорытындысы бойынша футболдан Жамбыл ауданы 1 орын, Т.Рысқұлов ауданы 2 орын, Байзақ ауданы 3 орын иеленді. Әйелдер арасында волейболдан Шу ауданы мен Шу қаласы 1 орын, Мойынқұм ауданы 2 орын, Сарысу мен Жуалы аудандары 3 орынды тізгіндеді. Ал келесі күні 4 желтоқсанда Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде Жастар ресурстық орталықтары арасында «Үздік орталық – 2024» атты өнер байқауы өтті. Байқауға өңірдегі 12 «Жастар ресурстық орталықтары» қатысты. Байқауда қатысушылар III кезең бойынша бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша, бас жүлдені Шу қалалық «Жастар ресурстық орталығы» тізгіндесе, Мойынқұм ауданы «Жастар ресурстық орталығы» 1 орын, Т.Рысқұлов «Жастар ресурстық орталығы» 2 орын, 3 орынды Жамбыл аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мен Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ иеленді.

Сонымен қатар, жуырда ғана өңірдің үздік жастары облыс әкімінің «Әулиеата үздігі» сыйлығымен марапатталды. Одан бөлек салтанатты шарада «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері де анықталды. Жеңімпаздардың барлығын өңір басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы марапаттады.

Жастар орталығына жиырма жыл

Биылғы жылдың ең басты жаңалығының бірі – Жастар орталығының 20 жылдығы болды. Осы атаулы күнге орай салтанатты кеш ұйымдастырылып, аталған салтанатты шараға облыстық «Жастар ресурстық орталығының» құрылуына атсалысқан азаматтар, әр жылдары орталықты басқарған экс-директорлар, өңірдегі 10 аудан, екі қалалық «Жастар ресурстық орталықтарының» басшылары мен мамандары қатысты. Салтанатты кеш барысында орталық директоры Айбек Амансейітұлы «Жастар ресурстық орталығының» құрылуына атсалысқан бірқатар қонақтарды «Орталықтың құрылғанына 20 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар, мемлекеттік жастар саясатының дамуына үлес қосып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша үздік деп танылған жастар мерейтойлық төсбелгілер, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Салтанатты кештің соңы әсем әуенмен, мерекелік көңіл-күймен жалғасын тапты.

– Жастар үшін лайықты жағдай жасау, қолайлы орта қалыптастыру қай кезде болса да өзекті мәселе. Әсіресе олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық, психологиялық және өзге де қажетті кеңестер беру мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі. Еліміз егемендік алғаннан кейінгі аумалы-төкпелі уақытта жастар саясаты мемлекет назарынан тыс қалып, нақ осы іс қожырап кеткен еді. Дегенмен, бұл олқылықтың орнын толтыру 2004 жылы қолға алынып, сол жылы шілде айында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң алғаш рет қабылданды. Облыстық жастар ресурстық орталығы да арада 4 ай өткен соң, яғни сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің қаулысымен 2004 жылдың 24 желтоқсанында құрылды. Ресми қаулы солай болғанымен орталық негізгі жұмысына 2005 жылы кіріскен екен. Зымыраған уақыт өңір жастарының бағдаршамына айналған мекемені жаңа белеске шығарып отыр. Орталықтың тізгінін алғаш құрылған сәтте Андрей Емелин есімді азамат ұстап, мекеменің аяққа нық тұруы жолында өзінің қал-қадірінше еңбек ете білді. Кейінгі басшылар – Ақмарал Сәбитқызы, Дәурен Каипов, Дәурен Құттыбаев, Ерболат Әмірбеков, Талғат Шайхиев, Бауыржан Мөрбеков, Айбек Таутен, Арайлым Әбдуалиева, Теміржан Ізтілеуовтер де орталық қызметін жүйелендіру, материалдық-техникалық базасын нығайту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру жолында аянып қалмады. Еліміздегі ең алғашқы жастар ресурстық орталығының іргетасы Жамбыл жерінде қаланғанын мақтанышпен айтқым келеді. Мекеменің құрылуына сол кездегі облыс әкімдігі ішкі саясат департаментінің басшысы Масат Берік пен Рахия Тұрмаханбетованың сіңірген еңбегі зор. Кейіннен мұндай орталықтар Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында құрыла бастады. Алғашында бұл құрылым бірнеше жыл облыстық ішкі саясат департаментіне қарасты ұйым ретінде жұмыс істеді. Аудандарда да жастар ресурстық орталықтары құрылып, мемлекеттік жастар саясатының игі іс шараларының шарапатын ауылдық өрендер де айқын сезінді. Ал 2012 жылы орталық жаңадан құрылған облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының құрамына өтті. Биылдан бастап мекеме облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарайды, – дейді орталық директоры Айбек Қадыралиев.

ТҮЙІН:

Байқағанымыздай күнтізбеден сырғып бара жатқан 2024 жыл өңір жастары үшін өте табысты жыл ретінде есте қалмақ. Ел басына түскен қатер аймақтағы жас буынның қанатын қатайтқанын, мемлекеттің жастарды қолдау бағытында ауқымды істер атқарғанына көз жеткіздік. Іргемізден ентелей енгелі отырған 2025 жыл ешбір ауыртпашылықсыз келіп, жастардың ел мүддесі үшін атқарар істеріне оң серпін береді деген үміт мол.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар