«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адамдарға нұр сыйлаған орталық

Адамдарға нұр сыйлаған орталық
Ашық дереккөз
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Белсенді ұзақ өмір орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2023 жылы қараша айында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен ашылған болатын. Орталықтың мақсаты – өңірдегі зейнет жасына жеткен белсенді, өмір жасын ұзартуды көздеген қарт адамдарға мемлекет тарапынан мүмкіндіктер жасау арқылы денсаулығын қолдау, көңіл күйін көтеру және бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қоғамның белсенді өміріне тарту.

Осы орталыққа бір жыл толуына байланысты өткен «Белсенді ұзақ өмір – жүз жасты тойлауға кепіл» атты мерекелік іс-шараны аталған басқарма басшысы Еркін Келесов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, алдағы жұмыстарға да сәттілік тіледі. Орталық 7 арнаулы әлеуметтік бағытта 25 түрлі қызмет түрін көрсетеді. Орталықта 45 қызметкер 850 ардагерге күнделікті қызмет көрсетіп отыр. Мекеме директоры Олжас Ақылбаев мұнда келетін ардагерлерге массаж, тұзды шахта, фито шай тегін екенін, буын гимнастикасы жасалатынын айтты.

Мұнан соң орталық қызмет алушыларының қатысуымен концерт қойылды. Халықаралық фестиваль жүлдегері Нақтай Момынқұлова халық әні «Керімау айдайды», мұнан соң Қырғызстанның Шолпан ата қаласында өткен «Әлем халықтары достығы – 2024» халықаралық байқауының жеңімпаздары, «Әулиеата» ардагерлер ансамблінің мүшелері Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін үш тілде керемет шебер орындады. Өнерпаз ардагерлер Қаржаубай Сыдықназар Әбілахат Еспаевтың «Жайық қызы», Алпысбай Смайлов Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы» әнін жүректерге жеткізді.

«Гармония» би тобы аргентиналық «Кумпарсита» биімен көзге түссе, Балқыбек Құлманбетов Алтынбек Қоразбаевтың «Менің де бір аққуым бар шығар» әнін шырқады. Еңбек ардагері Марат Байдалиев жас ақын Ершат Қаймолдиннің «Өмір-ай» өлеңін жатқа оқып берді. Үкітай Ерниязовтың «Жақсы адамдар азаймасын» әнін музыка жетекшісі Сымбат Нұрманова және орталықтың белсенді ардагерлері Аманқұл Искаков, Алтыншаш Биназарова тамаша орындады.

Аяулы әжелер Райхан Таурбаева, Рахиля Искакова Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамаша шырқады. Аталған орталықтың «Ғибрат» вокалды аспапты ансамблінің орындауында Шәмші Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы» әні сәтті шықты. Ақынжанды ардагер Баршагүл Баялиева жүрекжарды өлеңін оқыды. «Ардагерлер» әнін барша өнерпаздар бірге шырқап, оған қонақтар да қосылды. Осылайша, «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» мекемесінің жемісті жұмыстарына куә болдық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар