«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел үмітінің үркері, ұлт сенімінің символы

Ел үмітінің үркері, ұлт сенімінің символы
Ашық дереккөз
Ғасырлар тоғысында азаттық аңсап, арманда кеткен ел қаншама. Азуын айға білеген, қаһарымен жеті қат жердің үстінде атой салған алпауыт елдер тәуелсіздік жолында талайлы қырғындарды бастан кешіріп, қан бөккен далада көкіректеріндегі еркіндікке деген аңсарымен бірге қара жер құшып кетті. Шын мәнінде тәуелсіздік — әрбір ұлт үшін ұлағатты ұғым, қастерлі құндылық. Ал қазақ халқы ықылым заманнан осы қасиетті ұғымды ақиқатқа айналдыру жолында басынан түрлі зұлмат, адам айтса нанғысыз нәубеттерді өткерді. Рухы мықты елдің кеудесіндегі алау отын өшіру әсте мүмкін емес. Біз мұны толықтай дәлелдеген халықпыз.

Қазақ халқының тәуелсіздікке жету жолы – ұлттың еркіндік үшін күреске толы тарихы. Жоңғар шапқыншылығы, патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты, Кеңес Одағының езгісі – бұл кезеңдерде қазақ халқы өз жері мен болмысын сақтау үшін сансыз қиындықтарды бастан өткерді. Тәуелсіздік – сол күрестің тарихи жеңісі.

1991 жылдың 16 желтоқсаны – қазақ тарихындағы мәңгі өшпес, алтын әріптермен жазылған айрықша күн. Дәл осы датада Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, еркіндіктің ұлы дастанын бастады. Тәуелсіздік – бұл ұлттың жүрегінде маздаған алау. Бұл қазақтың ғасырлар бойғы күресі, ұрпақтың алдаспан арманы, өшпес рухтың жеңісі. Қасіретті тағдырды еңсерген халқымыздың бостандыққа ұмтылысы, Алаш арыстарының азаттық үшін шеккен тауқыметі – бәрі осы бір қасиетті ұғыммен тығыз байланысты.

Тәуелсіздік – халқымыздың өне бойын шарпыған асқақ алау. Тәуелсіздік – бұл ұлттың жан дүниесінде бүр жарған еркіндік гүлі, ұлы армандар тоғысқан алпауыт қуат. Ол – бостандық үшін күрескен батырлардың жүрегінде маздаған от, әділет жолында қыршын кеткен асыл арыстардың көз жасы, тарихтың ащы сабағы мен жеңістің тәтті дәмі. Бұл – халықтың рухын тірілтіп, ұлттық болмысын қайта оятқан ұлы құбылыс. Ол әрбір жүректегі үміт сәулесі, болашаққа деген сенім мен өткеннің даналығын жалғаған алтын көпір. Тәуелсіздік – бұл ел тарихының жаңа парағы, қайрат пен қайсарлықтың шексіз эпопеясы. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа ұласатын қасиетті мұра, халқымыздың болашағына апаратын жарқын жолдың бастауы. Ең бастысы, тәуелсіздік – халқымыздың ұлы тәжі, ал оны қорғау әрқайсымыздың борышымыз.

Бастапқы жылдар – қиындық пен шыдамдылықтың, үміт пен сенімнің сыналған кезеңі болды. Экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік ауыртпалықтарға қарамастан, халықтың сабырлығы мен бірлігі тұтас елді алға жетеледі. Бүгінгі таңда Қазақстан – өз болашағын өзі айқындайтын, тұрақтылық пен бейбітшілікті ту еткен мемлекет. Тәуелсіздік жылдарында еліміз талай асуларды бағындырды. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, ұлттық рух қайта жаңғырды. Абай, Жамбыл, Әуезов сынды ұлы тұлғаларымыздың мұралары қайта дәріптелді. Өз тіліміз бен ділімізді қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлерімізбен, бағзыдан азат болмысызбен қайта қауыштық. Мәдениетіміз бен әдебиетіміз жаңа тыныс алып, ғылым мен білім кең өріс тапты. Ал, елордамыз Астана қаласы – тәуелсіздіктің символына айналып, әлемге Қазақстанның айқын бейнесін көрсетті. Қазақстанның дербестігі елді халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналдырды. Бұл халқымыздың мәдениетін, тарихын және жетістіктерін бүкіл әлемге танытуға мүмкіндік берді.

Тарихтың тылсым қойнауынан сыр тартқанымызда, тәуелсіздік бізге ұлт рухының ешқашан әлсіремесін, қайта одан әрі күш ала түсетін алапат қуат екендігін паш етті. Баяғы бұғаулы жылдардың ақиқаты ашылып, Алаш арыстары түгел ақталды. Олардың ерлікке толы өмір жолы жас ұрпаққа үлгі болып, рухани азыққа, есімдері аңызға айналды. Осылайша, тәуелсіздік бізге өткеннің қадірін ұғындырып, болашаққа сеніммен қарауға жол ашты. Тәуелсіздік елге нарықтық экономика заңдылықтарын енгізіп, халықаралық ынтымақтастыққа жол ашты. Бұл халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға, елдің әлемдегі беделін арттыруға мүмкіндік берді.

Тәуелсіздік – тек бостандық нышаны емес, бұл – әр азаматтың жауапкершілігі. Ұрпақтар сабақтастығын сақтап, ел бірлігін нығайту – баршамыздың қасиетті міндетіміз. Жастарымыздың жүрегіне елге деген сүйіспеншілік пен азаттық рухын сіңіру арқылы біз тәуелсіздіктің мәңгілік болуын қамтамасыз етеміз. Қорыта айтқанда, тәуелсіздік – қазақ халқының алтын тұғыры, рухани қуаты. Оны қалтқысыз қадірлеп, ұрпақтан ұрпаққа аманат ету – біздің басты парызымыз. Еліміздің көгінде мәңгі еркін қалықтаған азаттық байрағы ешқашан төмен түспесін!

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар