«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тілді сақтау – қасиетті парыз

Тілді сақтау – қасиетті парыз
Ашық дереккөз
Тіл – әрбір ұлттың ең басты рухани байлығы, мәдениетінің іргетасы, ұрпақтан ұрпаққа жететін киелі аманат. Тілдің қоғамдағы рөлі тек қарым-қатынас құралы болуымен ғана шектелмейді, ол ұлттың рухын, санасын, болмысын айқындайтын айна іспетті.

Әрбір ұлттың болмысы мен мәдениеті оның тілі арқылы көрініс табады. Сондықтан да тілді сақтау, оны дамыту – ұлт үшін қасиетті парыз.

Қазақ халқының тілі ғасырлар бойы қалыптасып, небір тарихи өзгерістер мен қиындықтарға төтеп беріп, бүгінгі күнге жетті. Тіл арқылы ұрпақтар арасындағы байланыс үзілмей, салт- дәстүрлер, әдет-ғұрыптар сақталды. Абай, Шоқан, Ыбырай сынды ұлы тұлғалардың еңбектері қазақ тілінің құдіретін асқақтатып, оның құндылығын арттыра түсті. Тіл ұрпаққа жеткен ұлы аманат ретінде тек өз болмысын ғана емес, сонымен бірге ұлттық рухты да сақтап келеді.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлт тілдерінің болашағы ерекше алаңдаушылық туғызады. Жаһандық ағымдар, басқа тілдердің ықпалы көптеген ұлттардың тілдерін шеттетуге алып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілі де осындай қауіптермен бетпе-бет келіп отыр. Алайда, мемлекет тарапынан тілді қорғау мен дамытуға арналған шаралар жүзеге асырылып, ана тілін үйренуге және оны насихаттауға үлкен көңіл бөлінуде. Қазіргі заман жастары үшін ана тілі тек қарым- қатынас құралы ғана емес, ұлттық сана мен мәдениетке деген құрметтің белгісі болуы керек. Бұл – әрбір қазақтың тілге деген жауапкершілігі, аманаты. Тілді сақтау мен дамыту – тек тіл ғалымдарының немесе жазушылардың ғана міндеті емес, бұл баршамыздың ортақ парызымыз.

Тіл – ұлттың мәңгілік рухани байлығы, тарихтан жеткен қастерлі аманат. Оны сақтау, дамыту, ұрпаққа жеткізу – әрбір саналы азаматтың міндеті. Ұрпақтар арасындағы рухани көпірдің үзілмеуі үшін тілімізге құрметпен қарап, оны келешекке аманат етуіміз қажет. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры екенін ұмытпайық.

 

Гулия АБДУАНОВА,

облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тілдерді оқыту орталығы»

Т. Рысқұлов аудандық бөлімшесінің штаттан тыс оқытушысы.

Ұқсас жаңалықтар