Қаза деген – кеше ғана ортаңда жүрген жақыныңды жоғалту. Сондай ауыр жағдайға біздің қазіргі қоғам жеңіл қарап кеткен жоқ па? Әлде, «Біреудің кісісі өлсе – қаралы ол...» деген дана Абайдың сөзіне мән беретіндер әлі де бар ма? Қайғы жамылған шаңырақ бұрынырақта басқаша болатын секілді еді. Ондай жағдайға ауылда жүрген адам түгілі, тіршіліктің жағдайымен туған елден жырақ кеткен азаматтардың өзі қабырғасы қайысып, ауыр жағдайға тап болған шаңырақтың қайғысын бөлісуге келіп жатушы еді.
Бала күніміздегі бір жағдай есте. Мектепке енді баратын шағымыз. Шопанның перзенті болғандықтан, малды ауылдамыз. Ауылда елу жасқа жақындаған азамат көлік апатынан көз жұмды. Біз баламыз ғой, бүкіл ауыл күңіренген болар. Ал, Алтынбек деген ақсақал менің әкеме сақпаншы болатын. Сол кісінің әр сәттерде ауылда қайтыс болған әлгі азаматты жоқтап, көзінен жасы төгіліп, оны бет орамалымен сүртіп отырып: «Нағыз азамат еді-ау!» дегенін талай естіген едім. Ауылда Совет деген ұста кісі қайтқан кезде малды ауылдан бірнеше күн кешігіп келген анамның мені сыртта қалдырып, сол үйге қарай көзінің жасы көл болып кіріп бара жатқаны есімде. Бала күнімнен осындай жағдайларды көріп өскеннен кейін бе, менің көңілім кісі қазасын аса ауыр қабылдап қалған. Бірақ, қазіргі таңда кісінің қайтуына байланысты әртүрлі жағдайға куә болып жүрміз. Ащы да болса шындығы кісінің қазасына жеңіл қарау дендеп барады. Әрине, бұл орайда теріс қарап, қайғырып жатып алу қажет деп тұрған жоқпын. Сол қайтқан кісінің шаңырағына барып, еске алып, оның жақсы амалдарын айтып, екі-үш күн ауыр жағдайға түскен адамдарды сергітудің өзі үлкен адамгершілік пен кісілік. Осы жағы ойландырады. Бір жағы қазір бауырлардың өзінде жылылық азайып, бір-бірінің үйінде екі күннен артық жүруі қиындап кеткен бе деген ойға қаласың. Әйтеуір осы мәселелерге қатысты көңілдің құлазитын тұстары көп.
Өз басымнан өткен бір жағдай. Осыдан бес жылдай бұрын Қаратау қаласында тұратын 4-5 атадан қосылатын ағайынымыздың бір баласы 49 жасында кенеттен бақилық болды. Жайсыз хабарды естіп жанымыз ауырды. Өзімнің де өмірден ерте қайтқан ағаларым еске түсті. Әр жағдайды ойлап, түнімен ұйқым келмеді. Қыстың аязды күндерінің бірі. Қаратауға ондай ауа райында көліктің қатынауы да қиын. Қысқасы, ертеңіне түске дейін кісісі қайтқан шаңыраққа жеттік. Жаназаға екі сағат ғана үлгере алмадық. Сол екі сағаттың ішінде қайтқан азаматты жерлеп қайту бір бөлек, жұрттың бәрі үйлеріне тарап үлгерген. Біз сыртта марқұмның әкесімен ғана көрістік. Ал, іште анасы, жұбайы, бір қарындасы ғана отырды. Екі сағат бұрын ғана жаназа шыққан шаңырақта қалғаны осы төрт кісі. Бұл жағдайды қалай түсінуге болады ?
Анам қайтқан кезде жалғыз қайынсіңлісі көшенің басынан дауыс салып, өкіріп келген. Ауылдың сай сүйегі сырқыраған. Жұртқа ой салу үшін айтып отырмын, мақтаныш емес. Сонда әкемнің қарындасының: «Қарағым, мен неге олай дауыс салмаймын, неге жеңгемді іздемеймін? Ол кісіге ондай жоқтау аз. Жеңешем менің қабағыма өмір бойы қарады ғой. «Осы қыз ішсін, қыз жесін, қыз төрге шықсын, қыз ренжімесін» деп асты-үстіме түсті үнемі. Мен еркелікпен талай рет ол кісіге орынсыз өкпеледім. Сол еркеліктерімді де қайран жеңешем көтерді ғой. Өз әкем мен анамнан ерте қалдым. Анам беруі тиіс жылуды маған осы жеңгем берді. Жеңгем қайтқанда мені енді ешкім олай еркелетпейтінін түсіндім» дегені бар. Меніңше, адам ғұмырының қаншалықты маңызды екенін осындай үзік сырлар айқындап берсе керек. Шалғайдағы Шу ауданының Ақсу деген алыс ауылында тұратын ақын, ардагер ұстаз Сәт Мәлібеков: «Белгілі жазушылар Әлдихан Қалдыбаев, Несіпбек Дәутайұлы, Болат Бекжанов қайтқан кезде ауылдың қарапайым тұрғыны болсам да, Тараз қаласындағы шаңырақтарына барып көңіл айттым. Аталған қаламгерлермен байланысым және араластығым бар болғандықтан, қайғыны бөлісу – менің парызым», дейді. Міне, кейбір кісілер алыстан келіп осындай құрмет көрсетеді. Ал, мен сол Шу ауданының ауылдарында да Әлдихан ағаны ардақтап, оның жазған шығармаларын мақтан тұтып, оқушы санасына сіңіріп жүрген ұстаздар, жазушыны еске алып жүрген білім мен мәдениет ошақтары көп деп айта алмаймын.
Ал, енді осы орайда дін өкілдері не дейді? Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев: «Қазақы қалыппен әркімнің басына түскен қазаның ауыр жағдай екенін сезінеміз. Негізі шариғат бойынша аза тұту үш күн. Тіпті, шариғатты қатаң ұстанатын болсақ, мәйітті жерлеген соң қайтадан қаралы үйге бармай, тарап- тарап кетуді талап етеді» деп түсіндірді.
Біздің бүгінгі айтпағымыз қаралы кісілер жоқтаудан бас көтермесін деген ой емес. Керісінше, сол кісісі қайтқан шаңырақты жұбататын, қазақы жолмен басу және жылы сөзін айтатын кісілер азаймаса екен деген тілектеміз.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді