Іс-шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, облыс әкімінің іс-шараға арнайы жолдаған хатын оқып берді. Аймақ басшысы аталған хатта Жандар Кәрібайұлының еселі еңбегін жан-жақты айта келіп: «Ол кісі қай кезде де халық мүддесін жоғары қойған, Қазақстан Республикасы Парламенті Палатасының екі шақырылым депутаты болған дара тұлға. Жандар Кәрібайұлының өнегелі жолы үнемі елдің жадында. Дара тұлғаны жамбылдықтар әрқашан құрмет тұтады», – делінген. Сондай-ақ, Нұржан Сәбитұлы қайраткердің жары Халима Бекмырзақызына құрмет көрсетті.
Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жүргізіп отырды. Ол кіріспе сөзінде қайраткердің тұлғалық болмысын ерекше сипаттады.
Мұнан соң, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков қайраткердің атқарған істері мен асыл қасиеттеріне терең тоқталды. Халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Жандар Кәрібайұлы бір сөзі бір сөзіне сәуле шашып тұратын жақсы адам», – депті. Махметғали Нұрғалиұлы қайраткердің балалық шағына, қызметтік жылдарына, пенделіктен жоғары тұрып, нағыз адам болып ғұмыр кешкеніне басымдық беріп, «Тұлға», «Тәубе» атты кітаптарына да ел назарын аударып, дара тұлғаның шығармашылығы жөнінде де кеңінен әңгімеледі.
Келесі кезекте дара тұлғаның өмір жолынан бейнеролик көрсетілді.
Бұдан кейін, жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан сөз сөйлеп, қайраткердің қазақ тілінің маманы бола тұра, партиялық қызметтің белесіне жете алған биік қабілетіне тоқталып өтті. Жамбыл облысының Құрметті азаматы Аманкелді Карентаевтың естелігі де жиналғандарды ерекше әсерге бөледі.
Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Миллионов дара тұлға туралы толғана сөз сөйледі. «Кез келген нәрседе, оның ішінде, адам өмірінде жаңаға бейімделе салу оңай болмаған. Әйтпесе, Жандар Кәрібайұлы социализмнің арғы-бергі теориясы мен практикасын, марксизм-ленинизмді біркісідей талдап, меңгерген жан болатын. Тіпті, сол қоғамның жілігін шағып, майын алған идеолог ретінде ол кісіні танып білдік және мойындадық», деді ол.
Ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бекет Момынқұл да қайраткер туралы естелік айтып, елдің көңілінде қалған ізгі істерін көркем тілмен баяндап берді.
Мұнан соң, еңбек ардагері Хаби Биболов әсерлі естелігімен бөлісті. Сөз алған азаматтардың басым көпшілігі Жандар Кәрібайұлының Сенат депутаты кезінде бірнеше маңызды заңдардың қабылдануына ықпал еткенін, оның ішінде мемлекеттік тілге басымдық бергенін айтты.
Сонымен қатар, Жандар Кәрібайұлына Тараз қаласынан бір көшенің аты берілсе деген ұсынысты жиналғандардың баршасы бір ауыздан қолдады.
Жиынды Еркінбек Солтыбаев қорытындылап, дара тұлғаның есімі елдің есінде қалатынын, қайраткерге құрмет ешқашан толастамайтынын айтты.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді