Бала күнінен спортқа жақын өскен Саян үшін сарбаздарды спортқа баулу – табиғатына жақын әрі сүйікті жұмысы. Өзінің айтуынша, бұл салаға осыдан 25 жыл бұрын Отан алдындағы міндетін атқаруға келіп, содан бері әскери өмірмен тағдырын байланыстыруға шешім қабылдайды.
– Әскерге дейін әртүрлі спортпен шұғылдандым. Соның ішінде волейбол, футбол, күрес, бокс секілді спорт түрлерімен ұдайы жаттығып жүрдім. Әскерге дайын спортшы ретінде келдім десем болатын шығар. Әуелі қоян-қолтық ұрысқа қатысып, үшінші орын алып келдім. Кейін де жеңіл атлетика, әртүрлі футбол, волейбол, үстел теннисінен жарыстарға қатысып жүрдім. Жеңіс те, жеңіліс те болды. Екі жылдан соң міндетті әскери қызметім аяқталатын кезде әскери басшылықтан осы салада қалуға ұсыныс түсті. Жүрек қалауым осы жерге бұрып тұрғанын түсініп, келісім бердім. Бұл шешімім ешқашан өкіндірген емес. Бізде жылына тоғыз түрлі спорттан жарыс болады. Бұрын жарысқа өзім қатыссам, қазір жаттықтырушымын, – дейді ол.
Өмір болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүруі – заңдылық. Спортта да бап пен бақтың үнемі үйлесім таба бермейтіні тағы бар. Бірақ Саянды жеңіліс жігерлендіріп, әділетсіз шешім шешуші сәтте күш беретіндей. Себебі оның қабілет-қарымына күдік артып, жарыс жолынан себепсіз шығарып салған сәттерде спортқа деген адалдығы үнемі алға сүйрейтінін айтады. Мәселен, футболдан құрама мүшелігіне өткізбей, жігерін жасытқысы келгендер де спортшының сағын сындыра алмаған секілді. Бір жолы күштік құрылым арасында футболдан жарыс өтіп, Саян қосалқы құрамға алынады. Командаластары қарсыластарынан ұпаймен жеңіліс тауып жатады. Жаттықтырушы шаршаған спортшының орнына алаңға оны жібереді.
– Бабым келісті ме, бағым жанды ма білмеймін, командаластарымның есебіне екі гол салып, жеңіс туының желбіреуіне себепші болғаным бар. «Динамоның» футбол командалары арасында өткен жарыста 16 гол салып, «Үздік ойыншы» да атандым. Ал, қазір арнаулы мақсаттағы басқармада шәкірт тәрбиелеп, әртүрлі жарыстарға қатыстырып жүрміз. Шекарашы үшін спорт тек ойын емес, күнделікті жаттығуға айналу керек. Өйткені, қауіптің алдын алу үшін дене дайындығы мығым болғаны дұрыс. Әсіресе, күштік құрылымның ішіндегі арнаулы мақсаттағы бөлімшеге артылар жүк екі есе, – дейді Саян Серікұлы.
Сенім мен жігер, еңбек пен құлшыныс арқылы спортшы жеткен жетістік жетерлік. Соның ішінде Өзбекстанның 5 дүркін чемпионы, екі дүркін Олимпиада ойындарының чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан ТМД-ның бірнеше дүркін жеңімпазы, Одессадағы халықаралық турнирдің жүлдегері секілді марапаттарын ерекше айтып өткен абзал. Жалпы, Саян – «Әскер» футбол клубының негізін қалаушысы. Қоян-қолтық ұрыс, әскери триатлон, оқ атудың үш түрінен спорт шебері атанған ол – Отанына берік, антына адал, отбасында төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Өмірлік жары да Шекара қызметінде ел тыныштығы күзетінде қалтқысыз қызмет етіп келеді.
«Әке көрген оқ жонар» дегендей, тұңғышы Әлібек те спортқа әуес. Анасы мен әкесінен көргені көп бала кішкентай күнінен таңмен таласа әскери дабыл соғылғанда сарбаз болып, түрлі жарысқа да ілесе барады екен. Биыл ата-анасының жолын жалғауды мақсат тұтқан ұлы да 8-сыныптан соң «Арыстан» мектебіне оқуға түскен. Ұлының таңдауын әкесі де әрқашан қолдайтынын айтады. Өйткені, Отанды қорғау – ер жігіт үшін қасиетті парыз, қастерлі борыш.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді