Луговой жылқы зауытының атын әлемге танытқан Абсент – таза қанды ақалтеке тұқымдас сәйгүлік. Ол 1952 жылы Луговой асыл тұқымды зауытында Бакира есімді биеден туған. Абсенттің арғы тұқымы Араб есімді айғыр 1936 жылы 83 күнге созылған «Ашхабад – Мәскеу» (4300 километр) салт жүру жарысына қатысқан. Ал, Абсент жеңімпаз атанған жарыста шабандоз С.Филатов болған екен.
Бүгінде ауданның Көгершін ауылында «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысады. Біраз жылдан бері ауыл шаруашылығында табысты жұмыс істеп келе жатқан бұл серіктестік егін шаруашылығымен де шұғылданады.
Ауданның атын әлемге танытқан Абсент спорттық жарыста топ жарса, одан бергі жылдарда да бұл аймақтан шыққан жампоздар спорттың әр түрінен жеңіске жетіп жүр. 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы олимпиада ойындары осы ауданнан шыққан боксшы Ермахан Ибрагимовтың, еркін күрестен спортшы Ислам Байрамуковтың есімін елге танытты.
Ал, 2012 жылы Лондонда өткен жазғы олимпиада ойындарының нәтижесінде осы аудандағы Құлан ауылының тумасы Ақжүрек Таңатаровтың аты көпке танылды. Лондон олимпиадасынан қола жүлденің иегері болған Ақжүрек Достықұлы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, бірнеше дүркін халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы.
Биыл ғана Францияның Париж қаласында өткен жазғы олимпиада ойындарында алтын медальды ел қоржынына салып, Қазақстанның даңқын асырған Елдос Сметов осы ауданның Каменка ауылынан түлеп ұшқан. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елдос Бақтыбайұлы Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы олимпиадасының күміс жүлдегері, Токиода өткен ХХХІІ жазғы олимпиадасының қола жүлдегері. Ол 2010 жылы жастар арасындағы Әлем Чемпионы, 2015 жылы Астанада өткен жарыста Әлем чемпионы, 2016 жылы Ташкенттегі жарыста Азия Чемпионы атанса, Халықаралық «Grand Prix» турнирінің үш дүркін жеңімпазы, 2013 жылы Бангкокта жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылы Инчхонда Азия ойындарының жеңімпазы болды.
Осындай даңқты спортшылардың ізін жалғаған іні-қарындастары да әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерде оза шауып, елдің абыройын арттырып жүргені қуантады. Атап айтсақ, жастар арасындағы бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дана Дидай, жақында ғана грек-рим күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Ержет Жарылқасын, кигбоксингтан Әлем чемпионы Ақерке Наурызбаева, шахматтан Әлем чемпионы атанған Айару Каипова және боксшы Аружан Бақытбек, еркін күрестен Әлішер Ерғали халықаралық додаларда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Спорттан бағы жанған жерлестеріміз ауданның ғана емес, тұтас елдің абыройын асқақтатып, көк Туымызды көкке көтерткен баһадүрлер.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т. Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Тиісті жұмыстар жүргізіледі
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді