Ауданымыздың аумағында орналасқан ел қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етуде өзіндік үлесін қосып келе жатқан 91678 әскери бөліміне мақала жазуға арнайы барып қайттық.
Таулы-егерьлік полк 2000 жылы Жаркент қаласындағы 74261 әскери бөлімінде батальон болып жасақталып, Гвардейск гарнизонында жауынгерлік оқу-жаттығуға қатысып, Бауыржан Момышұлы ауылына келіп шоғырланды. Бірінші Тараз қаласындағы таулы атқыштар бригадасының құрамында болды. Кейін жеке батальон болып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына тікелей бағынды.
2013 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Директивасына сәйкес, полк болып жасақталды.
Әскери бөлім Ауған соғысының ардагері, жуалылық генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың идеясымен құрылған.
Таулы-егерьлік полкі ТМД елдеріндегі осы бағыттағы жалғыз полк.
Взвод командирі Шоқан Исаұлының міндеті – бейбіт уақытта сарбаздарды және сержанттарды әскери іске дәйекті оқыту. Яғни, саптық дайындық және атыс, тактикалық дайындықтарды үйрету.
Әскери қызметші Тараз қаласында өмірге келген. 2016-2020 жылдары Алматы қаласы Құрлық әскерлерінің әскери институтында курсант болған. Еңбек жолын Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде взвод командирі болып бастаған. 2023 жылы маусым айында 91678 әскери бөліміне ауысып, мұнда да взвод командирі қызметін абыроймен атқаруда.
– Бала кезден әскери қызметші болуды армандадым. Қазір арманыма жеттім. Өте қуаныштымын. Алға мақсат қойып, оған жете білудің өзі үлкен жетістік деп есептеймін. Әскери өмірде, әрине, қиындықтар көп. Себебі, әскери қызметшіге жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Тәртіпке мойынсұну керек. Сарбаздар арасында әлімжеттік деген жоқ деп айта аламын. Себебі, жан-жаққа бейнебақылау камералары орнатылған. Әлімжеттік көрсетіп, тәртіп бұзғандар заң аясында қатаң жазаланады. Сонымен бірге күнде кешкісін арнайы топ сарбаздардың дене бітімін толық тексеріп отырады.Біздің мақсатымыз – сарбаздарды қару ұстап, барлық жағдайға дайын болуға үйрету, патриот болуға тәрбиелеу ғана емес, оның жақсы жаққа өзгеруіне, жан-жақты дамуына әсер ету, – дейді взвод командирі .
Ал, әскер қатарына жақында ғана келген жас сарбаз Рамазан Айдосұлы Шымкент қаласының тұрғыны. Әкесі Айдос Шымкент қаласында 35748 әскери бөлімінде қызмет етеді. Шені – майор. Рамазан 2005 жылы өмірге келген. Рухы биік патриот азамат әскерге келгеніне қуанышты.
– Мен бала кезден спортпен шұғылдандым. Дзюдо күресінен аудандық, облыстық жарыстарда чемпион болдым. Халықаралық жарыста жүлдегер атанып, республикалық спорт шеберіне үміткер болдым. Мектепте оқып жүргенде «Айбын» атты әскери-патриоттық жарысқа қатысып, бірінші орын алдым. Әскерде ата-анаңа деген құрметің арта түседі, уақыттың да қадірін білесің, – дейді жас сарбаз.
Әскери бөлімде Тәуелсіз еліміздің қорғаны болатын Рамазандай қайсар, биік рухты азаматтар аз емес. Әскери өмір олардың жігерін одан әрі қайрап, қайраттандыра түсері сөзсіз.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист.
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді