«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

АЭС құрылысы - табысты дамудың кепілі

АЭС құрылысы - табысты дамудың кепілі
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум осы жылдың 6 қазанында өтетінін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойғаны белгілі.

Бүгінгі таңда атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб құрылып, түрлі форматта кездесулер өткізуде. Облыстық халықтық штаб мүшесі әрі облыстық штабқа қарасты Т.Рысқұлов ауданының топ жетекшісі ретінде алдын ала бекітілген кесте бойынша аудан тұрғындарымен, аудандағы кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.

Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін, облыстық кәсіподақтар орталығында өңірдегі салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерінің қатысуымен үйлестіру кеңесінің отырысы өткізіліп, орталықта кәсіподақтардың облыстық штабы құрылды. Бүгінгі күні бұл штаб мүшелері де елімізде АЭС салудың маңыздылығы мен артықшылықтары жөнінде халық арасында кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, жуырда менің орынбасарларым жоғары медициналық колледжі студенттері мен облыстық жастар ресурстық орталығының жастарымен кездесті. Тақырып аясында еркін форматта пікір алмасты.

Бір атап өтерлігі, бүгінгі күні облыстың оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының барлық аудандағы кәсіподақ комитеттерінің жетекшілері, аудандық халықтық штабтардың мүшелігіне енгізілген. АЭС салу туралы ел ішінде түрлі пікір мен сұрақтар көп. Осыған орай, референдумнан бұрын жұртшылықтың пікірін тыңдап, олардың сұрақтарына жауап беріп, АЭС салудың артықшылықтары мен залалсыздығын түсіндіруде кәсіподақ өкілдері штаб мүшелерімен бірлесе тиісті үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыруда.

Жуырда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесі алдағы референдумға қатысты үгіт-насихат жұмысы аясында ZOOM конференциясы арқылы жиналыс өткізген болатын. Аталған жиынға еліміздің барлық өңірлеріндегі еңбекші жастар қатысты. Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығына қарасты кәсіподақ жастары да бұл онлайн жиналысқа қатысушылар қатарында болды. Жиналысқа арнайы шақырылған маман «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» Атом энергиясы институты филиалының реакторлық құрылғыларды әзірлеу және сынау бөлімінің бастығы Нұржан Мұхамедов өз баяндамасында атом электр станциясы – ядролық энергияны пайдаланып электр энергиясын өндіретін өнеркәсіптік кәсіпорын болып табылатынын айтты. «АЭС жұмысының негізінде атомдар көп жылу бөле отырып, анағұрлым кішірек бөлшектерге бөлінетін процесс жатыр. Бұл жылу буға айналатын суды қыздыру үшін пайдаланылады. Бу турбиналарды айналдырады, ал турбиналар өз кезегінде электр энергиясын шығарады. АЭС-тар заманауи әлемдегі электр энергиясының маңызды көзі болып табылады. Олар көмірқышқыл газын барынша аз көлемде шығара отырып, электр энергиясын өндірудің айтарлықтай көлемін қамтамасыз етеді. Көптеген елдердің энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады», – деді өз сөзінде Нұржан Мұхамедов.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау және жұртшылықтың пікірін ескеру қажеттігін атап өткен үндеуін ұсынды. Ол атом электр стансасын салу елдің энергетикалық тәуелсіздігі үшін маңыздылығы және кәсіподақтардың бұл жобаны қолдайтыны туралы айтты.

Қазақстан үшін АЭС таңдау кезінде қауіпсіздік пен экономикалық тиімділік қатар жүреді. АЭС салу арқылы Қазақстан болашақта энергия тапшылығын шешіп қана қоймай, экологиялық таза және тұрақты энергетикалық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік алады.

Сөзімнің қорытындысында айтарым, мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президентіміз ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі. АЭС құрылысы бұл Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба. Бүгінде дүниежүзіндегі озық ойлы тұлғалар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін түсінеді. Әйтпесе, Франциядай дамыған елде, Ресей секілді алпауыт мемлекетте бірнеше атом электр стансасы салынбас еді. Әрине, дәл қазір біздің алдымызда үлкен таңдау тұр. Осы себепті халықтық штабтың міндеті – ел арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу әрі АЭС туралы дұрыс ақпарат беру.

 

Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,

облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар