«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Экономикалық өсім 104,1 пайыз деңгейінде қалыптасқан

Экономикалық өсім 104,1 пайыз деңгейінде қалыптасқан
Ашық дереккөз
Кеше сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті он жетінші сессиясы өтіп, жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев ашып, жүргізіп отырды. Сессияда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі тыңдалды.

Баяндамасында алдымен Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту екеніне тоқталған Ербол Шырақпайұлы биылғы қаңтар-тамыз айлары аралығында облыстың экономикалық өсімі 104,1 пайыз деңгейінде қалыптасқанын, жыл басынан бері өңірге 277,8 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға артқанын айтып өтті. Өткен 8 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 570,8 миллиард теңгені құрады. Бүгінде өңірдегі 871 өнеркәсіптік кәсіпорында 44,7 мыңға жуық облыс тұрғындары еңбек етуде. Инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жұмыстар жалғасып, жыл соңына дейін инвестиция көлемін 702 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Облыстың инвестициялық қоржыны жалпы құны 3,4 триллион теңге болатын 80 жобаны құрайды, оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2,8 триллион теңгені құрайтын 16 жоба бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 4,1 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

– Өңірге инвестиция тарту бойынша жұмыстың аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін өндіріс орындарының жетіспеушілігі мәселесіне тап болдық. Қалыптасқан жағдайды шешу үшін біз инвесторларға аумағы 40 мың шаршыметрді құрайтын заманауи өндіріс орындарын салуды ұйғардық. Бұл жобаға қаржы Индустриялық даму қорынан алынды. Өңірде агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту да аса маңызды міндет болып қала береді. Биылғы 7 айдың қорытындысымен агроөнеркәсіп кешені саласына 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 22,8 миллиард теңге субсидия бөлінді, 8 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,5 пайызға өсті, – деген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев сонымен бірге өңірде «Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсеткеніне, биылдан бастап шағын орта бизнесті дамытуды қаржыландыруға көңіл бөлінетініне, өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатқанына және облыста жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында қабылданған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қалай жүзеге асырылатынына тоқталып өтті. Сондай-ақ аймақ басшысы өз есебінде елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, газдандыру, жылыту маусымын қалыпты өткізу мен жолдардың сапасы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың іске асуы, білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет, жастар саясаты мен туризм салаларында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Сессияда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мәслихат депутаттары Керімқұл Бегалиев, Оралхан Дәуітов, Айтбала Жолмаханова, Талғат Сәрсенбаев, Серік Қойбақов және басқалардың елді мекендерді ауыз сумен қамт амасыз ету, жол жөндеу, кейбір мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы, қалаішілік көлік қатынастарын реттеу, өңірдегі кадр тағайындау мәселесі, облыс орталығындағы қатты қалдықтарды өңдеу, Тараз қаласындағы автобекеттің қазіргі ахуалы, тағы басқа да бірқатар өзекті мәселелер жөніндегі сұрақтарына жауап беріп, депутаттар тарапынан көтерілген әрбір сауалды өз бақылауына алатынын айтты.

Сондай-ақ, сессияда жергілікті автомобиль жолдары мен қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастырудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек баяндама жасады.

Сессияда облыстық мәслихаттың әр жылдары қабылданған бірқатар шешімдеріне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар