Ал, Жамбыл, А.Байтұрсынов, Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептер даму режимінен, өзін-өзі дамыту режиміндегі мектептер қатарына қосылып, білім беру ұйымдары жұмысының оң динамикасын көрсетіп отыр. Облыстық көрсеткіш бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен №1 мектеп-лицейі «Ең үздік инновациялық мектеп» номинациясын жеңіп алып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болған.
Өткен жыл аталған ауданның шәкірттері үшін де жетістіктерге толы жыл болды. 191 оқушы облыстық олимпиадаларға қатысып, 85-і жүлделі орындарды олжаласа, 62 оқушы республикалық олимпиадаларға қатысып, 28-і жүлдегер атанған.
– Ауданымыздағы білім беру ұйымдарының жетістіктері – мектептің кадрлық әлеуетінің жоғарылығы, педагогикалық ізденістің көпжылдық жұмыс тәжірибесі, мектеп әкімшілігі мен ұжымының қажырлы, табанды еңбегі мен бірлескен жұмысының нәтижесі. Мектеп оқушыларының олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарындағы жетістігі – білім сапасының нәтижелі көрсеткіші. Шығармашылық жарыстарда да жеңістеріміз аз емес. Түрлі шығармашылық бағыттағы байқаулардың облыстық кезеңіне 325 оқушы қатысып, 193-і жүлделі орындарды иеленсе, республикалық кезеңіне қатысқан 18 оқушының 10-ы жүлдегер атанды. Жақында ғана Алматы қаласында өткен халықаралық робототехника олимпиадасынан Ақтоған орта мектебінің оқушылары Шәкен Темірхан, Болатбек Нұрсұлтан ІІІ-орынды иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Жасөспірім оқушылардың ізденімпаз, үйренуде еңбекқор болуы ұстаздың біліктілігіне, педагогикалық шеберлігіне тікелей қатысты. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі оның жан-жақты білімімен, ұтымды әдістемелік ұстанымымен, оқытудың жаңа тәсілдерін меңгеруімен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ. 2023-2024 оқу жылында аудан педагогтері облыстық, республикалық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтқанда, 12 педагог халықаралық, 23 мұғалім республикалық, 31 ұстаз облыстық конференцияларға, педагогикалық оқуларға қатысса, 24 педагог облыстық байқаулардан жүлдегер атанды. Ал, 65 мұғалім республикалық қашықтық олимпиадаларынан, 2 педагог республикалық байқаудың жүлделі орын тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назгүл Ахметбекова республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалінен» ІІІ-орын, Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Тәтібекова «Үздік педагог – 2023» байқауының жеңімпазы атанып, «2023 жылдың үздік педагогі» атағы мен 3 миллион 450 мың теңге ақшалай сыйақымен марапатталды, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Мұрат Сванов.
Ауданның білім бөлімі желісінде 39 мектеп, оның 29-ы орта, 2-і негізгі, 8-і бастауыш және 24 балабақша, 5 қосымша білім беру мекемесі мен 1 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті балаларға тәрбие мен білім береді. Өткен оқу жылында оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында Құлан ауылындағы «Арай» алқабынан заманауи үлгідегі 300 орындық мектеп құрылысы аяқталып, орта білім беру ұйымының желісі бір бірлікке артқан.
– «Бала тәрбиесі бесіктен басталады» деген халық даналығына сүйенсек, 1 мен 6 жас аралығындағы балаларға білім және тәрбие беретін мекемелердің маңызы зор. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру» бағдарламасы бойынша 2023 жылғы 2-6 жас аралығындағы қамту үлесі 93,2 пайыз және 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үлесі 100 пайыз көрсеткішті құрайды. Тәрбие мен білімнің алғашқы діңгегі мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінде беріледі десек, білім саласындағы өзгерістер тәрбие мен білімнің ерте жастан қалану керектігін меңзейді. Бүгінде мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше, мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру. Білім бөліміне қарасты 24 мектепке дейінгі ұйымда, яғни мемлекеттік 14 балабақшада 1582 бүлдіршін, жекеменшік 13 балабақшада 1320, мектеп жанындағы шағын орталықта 330 бала тәрбиеленуде. Білім саласына бөлінген қаржы – болашаққа салынған инвестиция. Ал, адами капиталға жұмсалған инвестициялар, соның ішінде білім беруге, әсіресе, ерте жастан бастап есейген шаққа дейінгі оқыту – экономикалық көрсеткіштер мен қоғамның әлеуетіне айтарлықтай үлес қосатыны анық. 2023-2024 оқу жылында ауданның білім беру саласын қаржыландырудың жалпы көлемі 18 миллиард 697 миллион теңгені құрады. Өткен оқу жылын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1-4 сынып оқушылары бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылып, бюджеттен 155 миллион 790 мың теңге бөлінсе, жаңа оқу жылында 335 миллион 457 мың теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, білім алушыларға қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні аудандық білім бөліміне қарасты 39 мектеп 520, 26 балабақшада 380, 5 қосымша білім беру ұйымдары 30 бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген, – дейді Мұрат Айтымбетұлы.
Әлемнің бірінші ұстазы Аристотельдің «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деген сөзі адамзат тіршілігінің негізгі тұғырнамасы десек, артық емес. Себебі, мемлекеттің дамуы білімді, білікті азаматтарына байланысты. Ал, білім сапасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – мектептің ресурстық қамтамасыз етілуі. Ауыл мектептерін жаңа модификациялармен жарықтандыру бойынша облыстық бюджеттен мектептерге жаңа үлгідегі физика, химия, биология, робототехника, STEM кабинеттері мен қыздарға және ұлдарға арналған шеберхана сатып алынған.
Құлан мектеп-гимназиясы ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру мақсатында тірек мектебі ретінде бекітіліп, «Қазақстан халқына» қорынан пән кабинеттері 248 миллион теңгеге толықтай заманауи құралдармен жабдықталуда.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Жұртқа ғылым үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің бас құралы – кітап» деген өнегелі сөзі бар. Осыны ұстанған мұғалімдер «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушыларына әдеби шығармаларды оқытуды назардан тыс қалдырған емес. Жоба шеңберінде 30 миллион 348498 теңгеге 7829 көркем әдебиет, 35 миллион 906 мың теңгеге электронды оқулықтар сатып алынған. Оқушылар оқулықпен және оқу-әдістемелік кешендермен толықтай қамтылған.
Бүгінгі таңда білім мен ғылымға қояр талап артып, педагогтерге артылатын жауапкершілік те еселене түсуде. Ұстаз атына лайық әрекет етіп, еңбегін білімпаз шәкірттерімен көрсетіп жүрген Бағдат Баягизов, Күлсін Исаева, Елтай Құлмаханбет, Гүлнар Абылбаева, Гүлбаршын Құттымұратова, Айкенже Баймахан, Гауһар Оспанова сияқты мұғалімдер жоғарыда айтылған дарынды оқушыларды білім жолына жетелеп жүрген педагогтер.
Сонымен қатар, өткен оқу жылы аудан оқушылары спорт саласында да үздік нәтижелерге қол жеткізіпті. Атап айтсақ, А.Байтұрсынов орта мектебінің оқушылары Қазақстан оқушыларының XXII жазғы Гимназиадасында 1-орын иеленіп, Бахрейн қаласында өтетін Дүниежүзілік гимназиадаға жолдама алса, Бауыржан Момышұлы және Максим Горький орта мектебінің оқушылары жүлделі орындарды иеленген. Ал, республикалық «Ұлттық мектеп лигасынан» Ақыртөбе орта мектебінің оқушылары жеңіске жеткен. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін ауылдық жерлерден ерекше қабілетті оқушыларды анықтау мақсатында 2019 жылдан бастап талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі «Мың бала», «Айқанат» онлайн мектебі жобалары жүзеге асырылып келеді. Аталған ауданнан «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасынан 9 оқушы, «Айқанат» интеллектуалды олимпиадасынан 7 оқушы жүлделі орындарға ие болса, Ақтоған орта мектебінің оқушысы Темірхан Шәкен республикалық «Айқанат» мектебінде оқуға мүмкіндік алыпты.
Оқушылардың 11 жыл оқыған білімін сынға салатын Ұлттық бірыңғай тестілеуге бұл ауданның өткен оқу жылындағы 759 мектеп бітірушісінің 671-і қатысқан. Өткен оқу жылында 23 түлек «Алтын белгі», 50 мектеп бітіруші «Үздік аттестат» иеленген. ҰБТ-да 15 «Алтын белгі» иегері 100 баллдан жоғары, біреуі 80 баллдан төмен көрсетсе, «Үздік аттестат» иеленген 22 оқушы 100-ден жоғары баллға ие болған. Аудан бойынша ең жоғары 133 баллды «Алтын белгі» иегерлері – Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің оқушысы Назым Жақсылық пен Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Жангелді Байкей алған.
Ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» дегеніндей, тәрбие бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды аудандық білім бөлімінің басшысынан сұрадық. Себебі, ойшылдың осы бір ауыз сөзінің растығын өмір өзі дәлелдеп отыр.
– Бүгінде тәрбие мазмұнын айқындауда «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, 2023- 2024 оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында жүзеге асырылса, биылғы оқу жылында бағдарламаның мазмұны жаңартылып, «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғымымен сипатталып, Президентіміз белгілеп берген алты құндылыққа негізделіп отыр. Білім ошақтарында «Даналық мектебі» клубының жоспары аясында «Аталар», «Әжелер», «Ағалар», «Жеңгелер» клубтарының жұмысы қолға алынып, ай сайын жас ерекшеліктеріне сай ата-аналарға арналған арнайы сабақтар жүргізілді. Барлық білім беру ұйымдарында балалармен жұмыс жүргізу үшін Құқықтық кеңестер құрылған. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтарын қорғау, қауіпсіздік мәселелері білім бөлімінің Алқа мәжілісінде, басшы жанындағы кеңесте қаралып, хаттамалық тапсырмалар беріліп тұрады. Өткен оқу жылында осы уақытқа дейін кәмелетке толмағандар арасында 1 қылмыс жасалғаны тіркелген. Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі өткен оқу жылынан бастап аудан мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізіліп, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкаяның «Бестерек» жобасы арқылы аудан психологтарының білімін көтеру қолға алынды, – деді Мұрат Сванов.
Жақында ғана басталған 2024-2025 жаңа оқу жылында бұл ауданда мектеп табылдырығын 1290 бүлдіршін аттады. Осы оқу жылының білім беру ісіне тілдерді кезең-кезеңмен оқыту шеңберінде 3-сыныпта «Шетел тілі» пәнін оқыту енгізілді. «ДосболLIKE» бағдарламасын және «Менің бауырым» волонтерлік жобасын іске асыру шеңберінде мектепте салауатты және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жұмыстар жалғаспақ. Ауылдық тірек және шағын жинақты мектептерінде жекелеген пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдері енгізілді. «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру аясында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан білім алушылармен жұмыс күшейтілген.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді