Жас өнертапқыш қалқымалы күн панелін жасап шығару үшін екі жыл уақытын жұмсаған. Қанаттың The Future Solаr Power Plant деп аталатын қалқымалы күн панелінің ерекшелігі сол, ол жер бетіне емес, су бетіне орнатылады. Жоба алдағы уақытта өндіріске енгізілсе, кәдімгі күн электр станцияларына қарағанда 65 пайызға дейін көп энергия өндіруге мүмкіндік туады.
– Жуалы ауданында «Бурное Солар 1», «Бурное Солар 2» деп аталатын күн панельдері өте көп, шамамен 300-400 мыңдай. Оларды бүгінде ешкім тазаламайды. Көлемі өте үлкен болғандықтан, әзірге оны тазалауға мүмкіндік те жоқ. Ал, оларға күтім жасалмаса, шаңның әсерінен күн сәулесін өндіру мүмкіндігі де төмендейді. Осы мәселені шешу үшін мен жобама қосымша автономды тазалағыш құрал да жасадым. Ол автоматты түрде таңғы 7-де және түскі 14:00-де панельге су сеуіп салқындатып, шаңын сүртіп отырады. Бұл энергия өнімділігін 25-30 пайызға дейін сақтауға жол ашады. Сондай-ақ, оның қасына ақылды күн трекерін жасадым. Ол күніне 2-3 рет қана қосылып, өзіне ыңғайлы, күн сәулесі түскен жаққа қарай бағыт алып отырады. Бұл да электр өнімділігін 50 пайызға дейін арттырады. Осылайша, қазіргі қолданыстағы күн электр станциясы 60 мың үйді электр энергиясымен қамтамасыз етсе, менің панелім 120 мың үйге электр қуатын бере алады. Жуалыдағы күн панелінің біреуін орнатуға шамамен 121 мың теңге қажет болса, менің қалқымалы күн панеліме 250 мың теңгедей қажет. Бірақ, бұл жоба жүзеге асса, небәрі екі жылда өз шығынын өтеп, инвесторға табыс әкеле бастайды. Мұның барлығы жобамда толығымен есептелген», – дейді 17 жасар өнертапқыш.
Қанат жобасын жүзеге асыру үшін алдымен күн электр станцияларының кемшіліктерін зерттеген. Ол үшін арнайы Жуалыға «Бурное Солар» күн электр станциялары орналасқан жерге барып, тәжірибелер жүргізеді. Сондағы Теріс-Ашыбұлақ су қоймасына өзінің қалқымалы күн панельдерін орналастырып, өз жобасының 65 пайызға дейін көп энергия өндіретінін тәжірибе жүзінде дәлелдеп шығады.
Оның айтуынша, қалқымалы күн панельдерінің артықшылықтары аз емес. Атап айтсақ, құрылғыны орнату үшін арнайы жер дайындаудың қажеті жоқ. Оның орнын кез келген уақытта ауыстыра беруге болады. Панель су қоймаларын эвтрофикациядан, яғни буланудан, балдырлардың өсіп кетуінен сақтайды. Ал, ең негізгісі, көп энергия өндіреді.
Өнертапқыш бұл жобасын түрлі халықаралық зияткерлік жарыстарда, ғылыми байқауларда қорғап шыққан. Нәтижесі өте жақсы. Бүкіл Азия елдері қатысатын «Ingenious project – 2022» халықаралық ғылыми жобалар байқауында, Францияның Париж қаласында өткен «The Big Progress» халықаралық байқауында бірінші орынды иеленген. Француздар тіпті, жас таланттың талабын көріп, өз елдеріне шақырту да жіберіпті.
– Жобамды өз елімде дамытқым келеді. Егер жобамды жүзеге асыруға демеуші тапсам, біз жасыл энергияны дамытып, толық энергия алып жатқан тұңғыш мемлекет болар едік. Францияға шақыртқанда бармаған себебім де сол. Жоба туралы алғаш рет 9 сыныпта оқып жүргенде ойыма келді. Біріншіден, мен еліміздегі электр қуаты тапшылығы мәселесін шешуге үлесімді қосқым келеді. Себебі біздің елімізде, әсіресе оңтүстік өңірлерде электр энергиясы тапшы. Мысалы, тек бір жыл ішінде еліміздің солтүстігінде – 8, оңтүстігінде – 12 пайызға электр энергиясын тұтыну мөлшері артқан. Бұл мәселені шешу үшін елімізде көмір, газды пайдаланып, атом электр станциясын салу ұсынылуда. Бірақ, бұл әлі де уақыт еншісінде, ал көмір экологияға зиян. Ол көмірқышқыл газын бөледі әрі сарқылатын ресурс. Біз жасыл энергияға, дәлірек айтсақ, күннен электр энергиясын алуға өз деңгейінде мән бермейміз, оны жай қосымша энергия көзі деп санаймыз. Егер жасыл энергияға мемлекет тарапынан шындап қолдау көрсетілсе, зор табыстарға жетер едік, – дейді жоба авторы.
Айта кетерлігі, Қанаттың бұл жалғыз жобасы емес. Оның жаңа жобаларының қатарында қоқыс сұрыптау құрылғысы мен ерекше жандарға қолғабыс ететін протез бар.
– Екінші жобаны қолға алғалы көп бола қойған жоқ, небәрі үш айдай уақыт болды. Жасанды интеллект арқылы қоқысты сұрыптау және басқаруды мақсат еткен бастама бес бөлімшеден тұрады. Егер сіз қоқыстың бірнеше түрін тастасаңыз камера соны сұрыптайды. Тағы бір жобам – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған протез. Ауызға орнатылып, тіл арқылы басқарылады. Соның арқасында ерекше жан телефонды, теледидарды, мүгедектер арбасын қолдана алады. Менің қазіргі таңдағы басты мақсатым – идеяларды іске асыру үшін инвестор табу. Жобам жүзеге асса, одан әрі әлемді таңдандыратын туындыларды жасауға күш саламын. Оның біразы қазір ойда пісіп-жетілуде, – дейді талапты талант иесі.
Айта кету қажет, мектеп оқушысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты арқылы өнертабысын іске асырған. Белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдауды мақсат еткен жобаға он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтар үміткер бола алады. Аталған жоба биыл да жалғасын тауып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 миллион теңгеден 30 грант беру жоспарланған. Жалпы гранттар «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар»,
«Бизнес», «Медиа», «Волонтерлік» бағыттары бойынша беріледі.
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді