23 жастағы жас жігітке бала кезіндегі арманын орындап, еліміздің Қарулы Күштер қатарында қызмет етуі үшін көлемді несиесі, сүйген жары мен 2 перзентінің болуы кедергі болған жоқ. Керісінше, оған заңнамалық деңгейде мерзімді әскери қызмет кезінде несие төлеуді тоқтататын ережелер әскери өмірді сезінуге мүмкіндік берген.
Айта кетейік, Риддер қаласының тумасы ерте жастан шаңырақ көтереді. Тұңғышы Ильяның дүниеге келуі жас жігітке зор жауапкершілік жүктегені рас. Осы себепті, азаматтық борышын өтеуді кейінге қалдыруға тура келді. Ал, көп ұзамай қылықты қызы Полина жарық дүние есігін ашқанда ол отбасын асырау үшін бел жазбай еңбек ету қажеттігін түсінеді. Жалпы, кейіпкеріміздің мамандығы – шахтер. Ол жерасты тау-кен жұмыстарында машинист болып жұмыс істеді. Жоғары жалақысы бар Алексей осындай сәттердің бірінде өзі құрған жас отбасына лайықтап үй алуды көздейді. Осылайша, екінші деңгейлі банктің бірінен 10 миллион теңгеден астам несиеге қол жеткізеді. Жас жігіт әскерге аттанар алдында несие туралы ойлар алаңдатқанын жасырмады.
– Қарызы бар адамның алаңсыз өмір сүруі екіталай. Оның үстіне, менің келіншегім және екі балам бар. Несие уақтылы төленбеген жағдайда, бұл мәселе күрделене түсетіні анық. Сондықтан, әуелгіде несиені ойлап, сары уайымға салынғаным рас. Алайда, маған азаматтардың әскери қызметке баруына жауапты мамандар армия қатарында жүргенімде бұл несиелер тоқталатынын жеткізді. Бұдан бөлек, олар әскерден оралған соң, жұмысқа орналасу үшін уақыт та берілетінін айтты. Әрине, бұл жаңалық мені қатты қуантты, – дейді сарбаз.
Рас, қазір қолданыстағы заң бойынша азаматтар мерзімді әскери қызмет кезеңінде болғанда және әскерден соң 60 күнге негізгі қарыз бойынша төлемді кейінге қалдыру қарастырылған. Ал, жас жігіт отбасын құрып, заңды некеге тұрған жағдайда «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабына сәйкес, оның әскерге баруы кейінге қалады. Алайда, кейіпкеріміз жан-жары Эвелинамен некесін тіркемегендіктен, мұндай мүмкіндіктен қалыс қалады. Алайда, оған жергілікті әскери органдардың қызметкерлері некесін заңды түрде тіркеуді ұсынады. Әйтсе де, Алексей мұндай мүмкіндіктен өз еркімен бас тартып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуді жөн деп санаған.
– Ата-анам бала күнімнен кездескен қиындықты еңсеруді үйретті. Сондықтан, біз ерте жастан еңбекпен есейдік. Иә, келіншегіммен заңды некеге тұрып, әскерге барудан жалтарсам да болар еді. Бірақ, бұл – жігіттігіме сын. Рас, жұбайым екеуміз о баста шаңырақ көтергенде некеге тұру жөнінде ойламадық. Бірақ, біздің бір-бірімізге деген махаббатымыз шынайы болды. Бүгінде әйелім мен бала-шағам несиеге сатып алынған үйде тұрады. Отбасыма қоңырау шалып, бейнебайланыс арқылы аман-саулығын біліп тұрамын. Ұл-қызым ата-әжесіне жиі барып тұрады, – дейді ефрейтор А.Черепанов.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді