«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жол саласында 219 жоба іске асырылған

Жол саласында 219 жоба іске асырылған
Ашық дереккөз
Ел экономикасының күретамыры саналған автожолдың сапалы болуы мен жолаушылардың тасымалын ұйымдастыру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен аппараттық кеңесте жергілікті автомобиль жолдарының жай-күйі және қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселесі қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов баяндама жасады.

– Биыл жол саласында 357 жобаны іске асыру, оның ішінде 690,5 шақырым жолға құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. Бүгінде 219 жоба бойынша жұмыстар аяқталды. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға, елдімекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Барлық жобалар 100 пайыз сараптамамен қамтылады. Бүгінге дейін жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету мақсатында 228 жобаға зерделеу жүргізіліп, 962 сынама алынды. Нәтижесінде 538 сынамада сәйкессіздік, 5 ескерту мен кемшілік анықталып, жою бойынша шаралар қабылдануда.

Бұдан бөлек, басқарма басшысы көлік саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы да хабарлады. Басқосуда «Казавтожол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Еркен Тайпақов республикалық маңызы бар «Меркі- Шу-Бурылбайтал», «Шу-Благовещенка» автожолдарының құрылыс барысы, жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары туралы есеп берді. Өз сөзінде Ербол Қарашөкеев өңірде жөнделген 112 көшенің келісімшартында кепілдік мерзімі мүлде көрсетілмегенін, 88 көшеде бір жыл белгіленгенін атап өтіп, кемшіліктерге жол берген аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды.

– Заң талаптарына сәйкес, орта жол жөндеу жұмыстарының кепілдік беру мерзімі кемінде екі жыл болуы керек. Кепілдік мерзімін белгілеу – мердігерлердің жауапкершілігін күшейтіп, жол жөндеу технологиясының қатаң сақталуына ықпал етеді. Автокөлік жолдарының құрылыс, жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталуы тиіс. Ең бастысы, сапасына баса мән беру қажет, бұл қауіпсіздіктің басты тетігі. Жол активтері Ұлттық сапа орталығы тарапынан жүргізілген жұмыстардың сапасына сараптама қорытындысы теріс болған жағдайда жобаларды жүзеге асыруға жол берілмеуі керек, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Жиын қорытындысы бойынша облыс басшысы жауаптыларға күн тәртібінде көтерілген мәселелерді назарға алып, кемшіліктерді орындау бойынша нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар