«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аудан тұрғындары баспаналы болды

Аудан тұрғындары баспаналы болды
Ашық дереккөз
Халықты сапалы тұрғын үймен қамту маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында жаңадан бой көтерген әл-Фараби шағынауданынан пайдалануға берілген алғашқы пәтер кілттерін иелеріне табыстады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы қала тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 60 баспана табысталған. Бұл жұмыстар аудандарда да жалғасын тауып, «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, 240 пәтерлі 4 көпқабатты үй халық игілігіне берілді.

– Жыл санап Байзақ ауданы дамудың даңғыл жолына түсіп, ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Жаңа жұмыс орындары ашылып, аудан халқының саны артып келеді. Осы орайда, тұрғын үй кезегіне сұраныстың артып отырғаны белгілі. Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін барынша шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарында. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Біз облыс тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз. Мәселен, биыл облыс бойынша 750 мың шаршы метр тұрғын үй беруді көздеп отырмыз, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Салтанатты жиында Байзақ аудандық қоғамдық кеңе стің төрағасы Қыдыралы Оралов ақжарма тілегін арнап, ақ жаулықты әжелер шашуын шашты. Баспаналы болу бақытын сезінген жанның бірі, он баланың анасы Нағима Мәмбетова да қуанышымен бөлісті.

– Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Бүгін күткен баспанамызға ие болып отырмыз. Ел Президентіне, аймақ басшылығына осындай мүмкіндіктер үшін алғыс білдіремін. Бүгін осында пәтер кілтін алып отырған жаңа көршілерімді де шын жүректен құттықтаймын, – деді көпбалалы ана Нағима Еділханқызы.

Қоныстанушыларды қуанышымен құттықтап, жаңа баспаналардың жай-күйімен танысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді. Айта кетейік, облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Бұл бағытта Байзақ ауданында биыл 120 пәтер сатып алыну көзделген. Сондай-ақ, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өткен жылы 10 баспана пайдалануға берілсе, биыл 15 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар