Аңыз бойынша дүйім жұртқа әділдігімен құрметті болған қазақтың Монтай атты биі болыпты. Оның кесім-бітімінсіз ешқандай дау шешілмеген. Бірақ Монтайдың ұрпақсыз өмір кешуі бір ғана бидің емес, қалың жұрттың жүрегіндегі шер еді. Уақыт өте бидің тоқалы құрсақ көтеріп, Қайыргелді есімді ұл туады. Монтай бидің қуанышы бүкіл елдің қуанышына айналғанымен, бұл шаттық ұзаққа созылмайды. Жалғыз ұлдары жастай қайтыс болып, ер мен елдің көңілі жүдейді. Елі биді жұбатуға жиылғанда Монтай би бір жігіттен төрт құбыласы тең, он бір ұлы он бір ауыл болып отырған армансыз Келден жайлы естиді. Армансыз адамды көргісі келіп, арнайы байды іздеп барады. Келден бай да әділ би Монтай жайлы сырттай естіп, бір жүздесуді қалап жүрген екен. Келден ауылына барған биді қуана қарсы алып, екеуі сыр шертіседі. Сонда ел армансыз деп ойлайтын Келден батыр ешкімге айтпаған арманын Монтайға айтып, бір сырдың шетін шығарады.
Қалмақ пен қазақ арасында сұрапыл соғыс болған жылдары аз ғана үй отырған қазақ ауылына қалмақтар шабуыл жасап, он үш жасар Келден жау соңынан қуып кетеді. Жаумен алысамын деп жүріп тұтқынға түсіп, қалмақ ханы Сейқынның тұтқынында бес жылын өткізеді. Сейқынның өзге балаларынан ең ерекшесі Құралай сұлу еді. Оның сұлулығы, мейірімділігі мен ақылдылығы күллі жұртты сүйсіндіріп, ер атаулыны ынтық еткен еді. Тіпті, ел адамдары Құралай сұлуды қыз баласы-ау демей, онымен ақылдасып, кеңесетін болған. Жырда бұл жайында:
«...Сейқынның бір қызы бар жаннан асқан,
Жерде туып, көкте күнмен нұрын қосқан,
Хан түгіл, халқы сүйіп Құралайды,
Әрдайым, әйелсінбей ақылдасқан», – деп суреттеледі.
Бір күні Сейқын хан үлкен той жасап, тұтқындардың бәрін босатуға әмір етеді. Бірақ, мәселе қазақ батырына келгенде, оны алдына алып келуін бұйырады. Келден батырға хан егер қалмақ елін жау көрмей, дос тұтатын болса ғана босататындығын айтып, ант беруін талап етеді. Дұшпанға ант беруді намыс көрген Келден қарсылық танытып, қалмаққа дос болмайтындығын, өлгенше күресетіндігін айтады. Осы әрекеті үшін хан оны тағы да қамауда ұстайды. Ертесі күні таң ата батырды әлдекім түртіп оятып, босатып алады. Қараса, Құралай сұлу екен. Құралай сұлу батырға шешесінің қазақ қызы екенін, он бес жасында қалмақ қолына түсіп, Сейқын хан қазақ қызының асқан сұлулығына қызығып әйелдікке алғаны, шешесінің қалмаққа қор болып, еліне деген сағынышы мен махаббаты үшін құсамен өмір сүріп, шерменде халде дүние салғаны жайлы мұңын айтады. Шешесіне деген махаббаты мен Сейқын ханға деген өшпенділігі, қалмаққа қор болмауын өтінген анасының өсиетінің осы күнге дейін байыз таптырмағанын сөз етіп, елден бірге қашуын сұрайды. Бір-бірін ұнатқан жастар елден қашып, қазақ жеріне беттейді. Артындағы қалмақ қуғыншыларымен алысқан Келден оларды мерт қылып, кегін алады. Әрі қарай жандары байыз тауып, елдеріне аттанған Келден батыр мен Құралай сұлу бір жерде дамылдап алмақ болады. Әлденеден сескенген Құралайдың бұл қопаға түспеулерін шыр-пыр болып тілегеніне болмай, Келден сол жерде тынығып алуды ұйғарады.
Суға түсуге кеткен Құралайды күтіп отырған батыр әлден соң сұлудың жанұшырар даусын естиді. Есі шығып, өзенге қарай жүгірген батыр Құралайға тап берген жолбарысты көреді. Дереу жолбарысқа садақ кезеп, атып түсірген батыр сүйген сұлуын құтқарып үлгермейді. Қапияда мерт болған сұлуға Келден батыр 40 нарға жүк артып келіп, кесене тұрғызады.
1924 жылы Орынбор қаласында оқып жүрген жас ақын Иса Байзақов ел аузынан естіген аңыз- әңгімелердегі деректерге сүйеніп, «Құралай сұлу» поэмасын жазады. Осы поэма 1924, 1925, 1971 жылдары мемлекет тапсырысымен жеке кітап болып басылған.
– 1997-1998 жылдары бұл жерге арнайы барып, кесенені көрген едім. Сол кезде құламаған бір босағасы ғана қалыпты. Нобайы сол аймақтағы кесенелерге ұқсас, биіктігі 3 метрдей болатын. Естуімше, Сәкен Сейфуллин, Роза Бағланова да осы кесенеге келіп, тәу еткен көрінеді. 1982-85 жылдары Мәскеудегі орталықтың рұқсатымен қазақ құсбегілігіне арналған фильм Мойынқұм ауданында түсірілді. Мен түсірілім жүріп жатқан жұмыс тобының басы-қасындамын. Бір күні сол кезде ауданды басқарып тұрған Айтбай Назарбеков келді қасыма. Келе сала құлағыма сыбырлап: «Ана киноға түсірушілерге айтып, Құралай сұлудың кесенесін көрсет, махаббат символы екенін түсіндір, мүмкін болса бейнетаспаға кесенені де түсіріп алсын, ертең орнын да таппай қалуымыз мүмкін. Киноға түсіп, тарихта қалсын. Өскелең ұрпақтың ұлықтағанына жақсы болады», – деді. Сол сөз көпке дейін ойымнан шықпай қойды. Ақыры бұл оқиға «Құралай сұлу» аңшылық шаруашылығын ашуыма себепкер болды, – дейді cаятшы, этнограф Жапар Сатылғанов.
1996 жылы кірпіштері құлап, бір қабырғасы ғана қалған кесене 2014 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов пен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің бастамасымен қайта қалпына келтірілген. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айдархан Сихаевтың жобасымен биіктігі 9 жарым метр болған кесене екі айда тұрғызылған. Осылайша, тарихи ескерткіш ана аманатына адалдық пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің символикасы статусын сақтап қалған.
Нұрболат АМАНБЕК
Мойынқұм ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді