Энергия тапшылығының шешімі

Энергия тапшылығының шешімі
Ашық дереккөз
Ел экономикасының даму бағыттарының бірі – мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен энергия тапшылығын болдырмау мәселелері екені көпке мәлім. Бұл мәселе мемлекеттің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі ретінде аталып келеді.

Бүгінде мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірқатар жолдары белгілі болып отыр. Солардың негізгілері – жылу электр станциялары, гидро электр станциялары, баламалы энергия көздері, яғни күннің, желдің және тағы басқа дәстүрлі емес энергия көздері. Аталған энергия көздерінің өздеріне тән артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де жеткілікті. Мысалы, біздегі өндірілетін электр энергиясы жылу электр станцияларының үлесінде екені айтпаса да анық. Олардың басым көпшілігі, шамамен 80 пайызы көмір отынымен жұмыс істейді. Яғни, қоршаған ортаға келтіретін зиянды әсері жоғары әрі көмірдің де қорын ескерген жөн. Табиғи газға ауыстыруға газдың қоры жеткіліксіз әрі қымбатқа түседі. Себебі, еліміздегі өндірілген табиғи газдың 70 пайызы ілеспе газ екенін ескеруіміз қажет. Ал баламалы, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі бізде жалпы энергия балансының 7-9 пайызын ғана құрап отыр. Гидро электр станцияларының үлесін арттыруға бізде су ресурсы тапшы. Келешекте энергия тапшылығының алдын алу өте маңызды.

Еліміздегі жылу электр станцияларының тозу деңгейі жоғары екенін әрі электр энергиясына деген сұраныс жылдан-жылға артатынын, сонымен қатар, еліміз уран қоры бойынша әлемде алдыңғы қатардағы мемлекет екенін ескерсек, әрине, атом энергетикасы Қазақстанды айналып өтпейтіндігі анық. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек Ресей, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония мемлекеттері атом энергиясының потенциалын мойындап, оны мемлекеттің тұрақты дамуының негізгі факторы ретінде қарастырып келеді.

Осы орайда, әрине, атом энергетикасын келешекте мемлекеттің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастыруымыз қажет.

Мемлекет басшысы Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы бойынша референдумның күнін белгіледі. Бұл биліктің халықпен санасатынының айғағы. Еліміздің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азамат өз қалауын білдіреді деген сенімдемін.

 

Мұхамеджан СЕКСЕНБАЙ,

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты.

Ұқсас жаңалықтар