«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жанашыр басылымның жазары таусылмасын

Жанашыр басылымның жазары таусылмасын
Ашық дереккөз
Мен баспасөзбен алпыс бес жылдан бері байланысып келе жатқан ақсақалмын. Отыз бес жылға жуық облыстық «Aq jol» газетіне мақала жазып келемін. Ғасырдан аса тасқа басылған тарихы бар өңірдің бас газетін қалт жібермей, қызыға оқимын. Кезінде Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев басқарған газет қазіргі таңда да өзінің бағытын, айрықша қолтаңбасын жоғалтқан жоқ.

Мен осы баспасөздің дамуына ерен еңбегін сіңірген екі азаматқа алғыс айтқым келеді. Оның бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы. Көсемәлі «Aq jol» газетін басқарып тұрған кезде редакцияға жиі келетінмін. Әр келгенімде түрлі тақырыпқа мақала жазып келуші едім. Бір жолы мақалам ұзақ уақыт шықпай, жатып қалды. Тағы бір келгенімде бас редакторға кіріп жазған материалымның шықпай жатқанын айтқаным бар. Сонда сол кездегі газет басшысы Көсемәлі Сәттібайұлы орынбасарлары мен қызметкерлерін шақырып алып: «Әріптестер, мынау келіп отырған ақсақалды бірің танып, біріңіз танымайсыз. Бұл кісі редакцияға өз аяғымен мақала әкелетін ақсақал. Ондай авторлар қазір көп емес. Өзі менен 11 жас үлкен. Сонда да сонау Меркі ауданынан айына екі рет келіп тұрады. Газеттің тұрақты оқырманы, баспасөзді құрметтейді. Біз неге осы кісінің мақаласын жарияламаймыз?» деп, мақаламды тоқтатпауды тапсырды. Содан бері айына екі рет ғасыр жасаған басылымға менің мақалам шығып тұрды. Тіпті, қаламақысын да алып келдім.

Екінші – «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуітке алғыс айтқым келеді. Оралхан Әбдірашұлы менің ғасыр жасаған газетке 35 жыл бойы үзбей мақала жазып жүргенімді ескеріп, облыстық «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерекелік медалімен марапаттады. Қай кезде де жасымды сыйлап, ізет көрсетуден айныған емес. Сондықтан, ел сыйлаған осы екі азаматқа шынайы алғысымды айтқым келеді. Басылымдардың, оның ішінде «Aq jol» газетінің оқырмандары молайып, журналистердің жазары көбейе берсін!

 

Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Меркі ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар