Тезекбай Ділдабекұлы Қазақ саңыраулар қоғамының Тараз қаласындағы оқу-өндірістік мекемесіне директордың орынбасары болып келгенде орда бұзар отыз жастың үстінде болатын. Бұл 1977 жыл еді. Арада екі жыл өткенде аталған мекеменің директорының орны босаған кезде таласушылар аз болмаған. Бір айта кетерлігі, Тезекбай Исай директорлық орынға таласқан жоқ. Бірақ, республикалық деңгейдегі басшылардың таңдауы Тезекбай Исайға түскен. Сенім артқан соң директор болды. Жаңа директордың басшылығымен атқарылуы тиіс жұмыстар өте көп еді. Сырт аймақтарда жүрген естімейтін жандарды жұмысқа қабылдап, көңілге қонымды жалақы алатындай жағдайын шешу керек болды. Ол үшін мекемені ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашу көзделді. Жаңа құрал-жабдықтар мен станоктарға тапсырыс беріліпті. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде аз уақыт ішінде жұмысшылар саны 130 адамнан 420 адамға дейін жетіпті. Яғни, үш еседен артық адамға ұлғайған. Ол туралы Тезекбай Исай: «Барлық мәселені жұмысшыларды шақырып алып, ақылдасып, бірге шештік. Біз ең әуелі еңбеккерлердің әлеуметтік мәселесін шешіп бердік. Жыл сайын шамамен 30 отбасы баспана алып отырды. Біраз мәселе жылу құбырын тарту кезінде туындады. Ол кезде Тараз қаласындағы (бұрынғы Жамбыл) «Промышленный» көшесі Қырғыздың Талас облысымен жалғайтын жалғыз қатынас жолы еді. Сол маңызды жолды құбыр тартқан кезде үш айға жабуға тура келді. Аталған құбыр тарту жұмысын уақтылы аяқтап шықтық. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы Коммунист (қазіргі Төле би) көшесін қазып, қайтадан ашу қажет болды. Облыстық партия комитеті және атқару комитеті жұмысты бақылап отырды. Жергілікті партия ұйымдарының басшыларының, жұмысшылардың белсенділігімен істі уақытында аяқтап шықтық. Жұмысшылар ет, сүт, май, шұжық, қант және басқа да тауарларды аптасына екі рет талонмен алатын болды. Ол кезде азық-түліктер өте қат. Озат жұмысшыларға автомашина, мотоцикл бергіздік. Ал, қалалық кеңеске депутат болып сайланғаным жұмыстың жүйелі шешілуіне жол ашты. Біздің мекеменің бірнеше мамандары мен жұмысшылары мемлекет тарапынан орден, медаль, Құрмет грамоталар алды. Мекемеміз осындай ұйымшылдықтың арқасында қаланың құрмет тақтасына ілінді. Тіпті, бірнеше мәрте республика көлемінде Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, ауыспалы Қызыл туды жеңіп алып отырдық. Сондай қызу жұмыстармен өткен жастық жылдарым сағындырады», – деді.
Осындай еңбегі ескерілген, іскерлігімен танылған Тезекбай Исай 1985 жылы Қазақ саңыраулар қоғамының төрағасы болып сайланады. Аталған республикалық қоғамды 30 жыл бойы абыроймен басқара білді. Еліміздің барлық аймағын аралап, өзіне қарасты мекемелерді жаңа серпінмен жұмыс істеуге бағыттады. Құлағы естімейтін жандарға барынша жағдай жасау, қолдау білдіру назарынан бір сәт түскен емес. Үнемі көмекке зәру азаматтардың мәселесін шешуге күш салды. Осынау белсенді қалпынан 30 жыл бойы айныған жоқ. Ерен еңбектері ескеріліп, мемлекеттік «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. Әлеуметтік салаға сіңірген еңбегі үшін «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» атанды. Жақында бұрын өзі басқарып кеткен Тараз қаласындағы оқу-өндірістік мекемесінде ұжыммен кездесіп, ұлағатқа толы өмір жолдарынан әсерлі естеліктер айтты.
Тезекбай Ділдабекұлының жолы – ізгілік жолы. Ол қашанда үлкен құрметке лайық.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді